Тарих – өткеннің шежіресі, болашақтың бағдары
Шәкірт жадында өткенімізді сақтап, бүгінгімізді дәріптеп, болашаққа нық сеніммен баруы – тарихымызды тереңінен білуіне байланысты.
Тарих туралы сөз бастағанда, сонау көне замандар парақтарына үңілеміз. Зерттеулерге сүйенсек, тарих — (араб.: تأریخ оқиғалар туралы әңгіме) — адамзат баласының өткенін зерттейтін қоғамдық ғылым. Тарихтың негізгі пәні ретінде — адам рухы қарастырылады, соған қатысты тарихтың мақсаты адамдарға тек өткенін ғана ескеру емес, рухани дүниесін қалыптастыру екенін айта кеткен жөн. «Тарих» ұғымы араб тілінен аударғанда — зерттеу, өткен оқиғалар туралы әңгіме деген мағынаны білдіреді. «Тарих» сөзін жер бетінде ең алғаш арабтар мен гректер қолданған. Соның ішінде әйгілі грек тарихшысы Геродот ежелгі гректердің өміріндегі маңызды оқиғаларды мұқият зерттеп, тұңғыш рет тоғыз кітаптан тұратын «Тарих» жазып шыққан. Геродот (гр. Ἡρόδοτος)– ежелгі дәуірдегі грек тарихшысы, «тарих атасы» деп танылған, әйгілі «Тарих» кітабының авторы, жиһанкез. Геродот – тарих атасы шамамен б.з.б. 484-425 жылдары өмір кешкен. [1]
Қазақтың тарихын сахара даламызда тасқа жазып кеткен ғұламаларымыздың есімін мақтанышпен айтып, ұлт азаматтарының отансүйгіштік қасиетін бүгінге өнеге етеміз. Олардың жазбалары тарихымыздың өшпейтін мәңгілік мұрасы. Күлтегін, 𐰚𐰇𐰠𐱅𐰃𐰏𐰤 (көне түркі тілі), كۇلتەگىن (төте), (685-731жылдар аралығында өмір сүрген) — Шығыс Түрік қағанатының мемлекеттік қайраткері, Білге қағанның кеңесшісі, саяси және әскери қолбасшысы, Білге-қағанның тең билеушісі, Құтлұғ-Елтеріш-қағанның ұлы. Тоныкөк (Тонйұқық) — (646 — 741жылдар аралығында өмір сүрген). Екінші Шығыс Түркі қағандығының негізін қалаушылардың бірі, оғыз тайпасынан шыққан ұлы дана, заманында Түркі қағанатының үш бірдей қағанына уәзір болып, түркі елінің халқын көбейтіп, жерін кеңейтуге үлкен үлес қосқан кемеңгер. Тоныкөк жазба ескерткіші -Екінші Шығыс Түрік қағандығының (VI ғасыр) саяси, қоғамдық және әлеуметтік өмірін ежелгі түркі поэзиясы стилінде зор шеберлікпен бейнелеп көрсеткен, идеялық мазмұны мен көркемдік дәрежесі биік әдеби жәдігерлік. Бұл жырдың мәтіні көне түркі жазуымен бедерлеп жазылған. [2]
Тарих пәніндегі халқымыздың өткені мен бүгінге дейін өмір сүрген кезеңі, еліміз Тәуелсіздік алған 1991 жылдан бергі жаңа Қазақстан тарихын оқушыларға ұқтыру бір ғана сабақпен, тапсырмалармен шектеліп қалмайды. Сабақ басталған сайын оқушылардың ойын сергітіп алу үшін жоғарыда айтып өткен тарихымызды қайталаймыз. Мектепте 5,8,10 және 11 — сыныптарда өтетін сабақтарымда тарихи деректерді шәкірттердің жас ерекшелігіне қарай келтіріп, кейбір мәліметтерді дәптерлеріне жаздырып отырамын. Шежіремізді жадында сақтамаған ұрпақ алға қарай адым жасағанымен, алысқа бармайтынын да өмір дәлелдеп отыр. Ұрпағымыз қателеспес үшін оларды төл тарихымызды оқудан жалықтырмауымыз қажет.
«Жеті атасын» жатқа біліп, шежіресін Еуразия құрлығында қалдырған халықпыз. Қазақ шежіресі – тарих ғылымындағы халқымыздың шығу тегін, таралуын баяндайтын тармағы. Қазақ тарихында сонау ерте заманнан бері қалыптасып, күні бүгінге дейін жеткен ауызша тарих айту дәстүрі – «шежіре» деп аталған. «Шежіре» сөзі – өткен оқиғаны есте сақтау, саналы білім, рухани қазына деген мағынаны білдіреді. Мәселен, 1247-1318 жылдары өмір сүрген орта ғасырлық тарихшы Рашид ад-дин парсы тілінде көне заманнан бастап орта ғасырдағы монғол хандықтарына дейінгі тарихты жазып қалдырған. Бұл еңбегі «Жами ат-тауарих», яғни «Жылнамалар жинағы» деп аталады. [3]
Тарих пәніндегі тарауларға бөлінген тақырыптарды айта отырып, оқушылардың қызығушылығын арттырып, есте сақтау қабілетін дамыту мақсатында, карта, интерактивті тақта, компьютер, тарихи тақырыптарға арналған сөзжұмбақтар, сауалнамаларды, деректерді пайдалана отырып, сыныптағы барлық оқушыларды мейлінше сабаққа қатыстыруға тырысамын. Қай сыныптың баласы болмасын, оларға сабақтың ойын түрі, бір – біріне сұрақ қойып, жауап алу кезеңдері ұнайды. Алайда, барлық сабақтарды тақырыбына қарай түрлендіріп өткізуге тырысамын. Шәкірттерді тарих тілінде сөйлету – басты мақсатым. «Тіл – тарихтың тірі тұғыры» — деген қағидаға сүйеніп, оқушылардың Ана тілімізді құрметтеп, көркем сөйлей алуына көп көңіл бөлемін. Біздің тарихымызды айтатын да, жазатын да – бүгінгі білім алып келе жатқан шәкірттеріміз.
«Сабақ өту — жай ғана шеберлік емес, ол — жаңадан жаңаны табатын өнер»,- дейді Ж.Аймауытов. Тарих пәнін география, математика, әдебиет пен бейнелеу өнері пәнімен байланыстырып өткізуді тәжірибеме айналдырдым. [4]Пәнаралық байланыс — оқытудың қазіргі кезеңдегі ең көп қолданылатын үрдістерінің бірі. Ол пәндер арасындағы заңды байланыстылықты реттейді, оқушылардың алған білімдерінің бір-бірімен сабақтастығын бір жүйеге келтіреді. Пәнаралық байланыс оқущылардың меңгерген білімін кешенді түрде пайдалана білуге жол ашады. Пәнаралық байланыстың алдына қоятын мақсаты сан алуан. Білімнің теориялық негізін қалап, оқушылардың дүниетанымын қалыптастыру, практикалық дағдылары мен шеберліктерін дамытып, оқу-танымдық қызметі мен мұғалімнің оқыту қызметінің өзара байланысын күшейту мәселесі де қарастырылуы ұстаздың шеберлігімен байқалады.
География пәнімен байланыстылығы – еліміздің тарихи орындарына, археологиялық қазба жұмыстары жүріп жатқан аймақтардағы деректерді айта келе, облыстарда өмір сүрген адамдар жайлы пікір алмасамыз. Математика сабағымен байланыс – біздің шежіреміз түгел цифрлармен сөйлейді. Тарихымыз – біздің ауызша және жазбаша әдебеитіміз. Бейнелеу өнері де тарихтың бір тармағы. Тарихымыз – ең алдымен көне дәуірде таңбалы тастарда, балбал тастарда сурет арқылы салынған. Айтатын ойын тасқа қашап, қалдырған. Елімзіде ерекше мемлекет қорғауына алынған тарихи ескерткіштер қатарына Күлтегін жазулары, таңбалы тастарды атаймыз. Сондықтан, оқушылармен жиі саяхат сабақтарын ұйымдастырамын. Бұл сергіту сәті.
Оқушылардың әрқайсысының жеке қабілетін дамытып, тарих пәніне деген қызығушылығын арттыру – тікелей ұстаздың шеберлігіне, білімі мен біліктілігіне байланысты. Бұл ретте жаңа технологиялар жетістіктерін пайдалану да шәкірт зердесін ашуға септігі көп. Өйткені, бүгінгі оқушылар жаңа технологиялар жаңалықтарын тез меңгеріп алған. Сол себепті, тарих сабағын информатика пәнімен де байланыстырып өткізуді тәжірибемде пайдаланып келемін. «Ұстаз болу – қиын», — жастар ұстаз мамандығына таңдау жасауда көп ойланатынын білемін. Қиын екені рас. Оның қиын болатыны – ата – аналармен жиі қарым – қатынастың орнамауы, оқушымен тіл табыса алмаудан дер едім.
Мен – көпшілік айтатын қиын мамандық – мұғалім болуды шәкірт кезімнен армандадым. Жолым болып, Қазақ Ұлттық Қыздар педагогикалық университетіне түсіп, тарих – география факультетін ойдағыдай тәмамдап, мектепке ұстаз болып орналастым. Яғни, мен Жаңа Қазақстанның мектебін қалыптастыратын жас ұстаздың бірімін. Ұстаздық еткеніме – 6 жыл, бір белесті артқа тастадым. Үнемі ізденіп, біліктілігімді арттырып отырамын. Тарих пәнінен мектепішілік ашық сабақтар өткізудемін. Атап айтсам, 8 – сыныпта зерттеу сабағы негізінде «Қазақстандағы ұлттық автономиялар», «1920-1930 жылдардағы саяси репрессиялар», Алматы облысы мектептері бірлесіп өткізген облыстық семинарда 10 — сыныпта «Мәдениеттің қазіргі кезеңдегі дамуы» — атты тақырыпта ашық сабақ өткіздім. Облыстық мектеп директорларының семинары біздің Ж.Қаипов атындағы мектепте өтті. Өткізген сабақтарымның бірнешеуіне ғана тоқталдым, өйткені, барлық сабақтарды тізіп шығу мүмкін емес.
Біздің мектептің ұстаздары ұйымшыл орта. Жастардың өзін ұстаз ретінде дәлелдей алуына көп мүмкіндік жасайды. Ұстаздар арасында креативті жаңашыл ұстаздардың тәжірибесінен үйреніп келемін. Әрине, әр істің өз кемшілігі бар. Бұл ретте мектептің тәжірибелі ұстаздары ақыл — кеңесін айтып, алдағы уақытта жіберген кемшіліктеріміздің орнын толтыруға қол ұшын береді. Қолдау көрсетеді. Мектептегі менің ұстаздық еңбегім бағаланып, аудандық білім бөлімі мен облыстық білім басқармасының Алғыс хатына 2023 2024 жылдары қатарынан екі рет ие болдым. «Тәуелсіздік дарыны» атты республикалық байқауға оқушыммен қатысып, 1 дәрежелі дипломмен марапатталдық.
Білім беріп келе жатқан оқушыларым да олимпиада, байқауларға қатысып, жүлделі оралуда. 11- сынып оқушысы Асқар Жарас «Қазақстан тарихынан» аудандық пән олимпиадасына — 3 орынды иеленді. Жолабасов Алихан VІ республикалық «Менің шағын — Отаным» олимпиадасының аудандық кезеңінен – 3 орын алса, 10 — сынып оқушысы Мэлс Данияр «Тәуелсізлік дарыны» атты республикалық байқауда І — дәрежелі дипломға ие болды. Оқушының жетістігі – ұстаз еңбегінің жемісі. Тарих пәні өткеннің айшықтап қалдырған парақтары ғана емес, бүгінгі Тәуелсіз мемлекет орнатуға салынған даңғыл жол. Сол жолда еліміздің адал ұрпағын тәрбиелеп, білім беру – бүгінгі жас ұстаздарға жүктеледі. Жаңа буын өкілін болашақта тұлға болып қалыптасуына білім беру арқылы жауапкершілікпен қарау – менің міндетім деп білемін.
МАМЫРБАЕВА Аяулы Елтаевна,
Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы,
«Ж.Қаипов атындағы орта мектеп» КММ
тарих пәнінің мұғалімі
Дереккөзі: [1], [2], [3] «Wikipedia» ашық энцеклопедиясы;
[4] BilimPortal.kz