Тарихи тұлғалар жайлы 10 дерек: Әлкей Марғұлан

Сурет: ЖИ арқылы жасалған
«Тарихи тұлғалар жайлы 10 дерек» айдары негізінде таныстыратын тұлғамыз – ХХ ғасырдағы археология ғылымының негізін қалаған, тарих, этнография, әдебиеттану, мәдениеттану, тұлғатану салаларында орасан зор еңбек сіңірген, артына мол ғылыми мұра қалдырған ғұлама ғалым, академик Әлкей Хақанұлы Марғұлан.
- Әлкей Марғұлан 1904 жылы Павлодар облысы, Баянауыл ауданында дүниеге келген, бала кезінен аңыз-әңгіме, жыр-дастандар жаттап өскен.
- Ол бала күнінен қазақ және орыс тілдерімен қатар, араб және парсы тілдерін жетік меңгерген. Ежелгі түркі жазуларын оқи алған сирек мамандардың қатарында болған. Осы тілдік қабілетінің арқасында Орта Азия мен Қазақстан тарихына қатысты көптеген ортағасырлық жазба деректерді аударып, ғылыми айналымға қосқан.
- Алаш қайраткерлердің еңбектері негізінде қайраткер ретінде қалыптасып, заңды жалғасына айналды. 1926 жылы Ленинград қаласында, Шығыстану институтында оқып жүрген шағында Мұхтар Әуезов, кейін А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Ж.Аймауытұлы, А.Байтасұлы бастаған азаматтармен тығыз байланыс орнатады.
- 1931 жылдан бастап Шоқан Уәлихановтың шығармашылық мұрасын терең зерттеуге кірісті. Кейін бұл бағыт оның бүкіл ғалымдық ғұмырында ерекше орын алды. Сондай-ақ, Әлкей Марғұлан тұңғыш шоқантанушылардың бірегейі еді.
- Ол 1943 жылдан бастап қазақ археологиясының жеке сала болып қалыптасуына бастамашы болды. КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалында археология бөлімін ұйымдастырды. Бұл Қазақстандағы археология ғылымының ресми бастауы еді. 1946 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының толық мүшесі (академик) болып сайланды. Дәл осы жылы Тарих, археология және этнография институтының археология бөлімін ашып, оны отандық ғылым негізінде дамытты.
- Әлкей Марғұлан 1946-1952 жылдар аралығында басқарған әйгілі Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы жұмыс істеді. Бұл экспедиция барысында әлемдік ғылымға белгілі болған Бегазы-Дәндібай мәдениеті ашылды. Бұл мәдениет қола дәуіріндегі қазақ жерінің өркениеттің биік деңгейін айғақтады.
- Ол археолог әрі фальклортанушы еді. Қазақтың батырлар жырын жинақтап, ғылыми түсіндірмесін жазып, баспаға дайындады. «Ер Тарғын», «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр» сияқты эпостарды тарихи-этнографиялық тұрғыдан талдап, олардың халықтың өткен өмірінен сыр шертетін мол мұрасы екендігін айғақтады.
- Ол қазақ халқының сәулет өнерін, қолөнерін, тас мүсіндерін зерттеп, олардың көне дәуірлермен байланысын ашты. Түркі дәуірінің ескерткіштері мен Орта Азия өркениеті арасындағы тарихи сабақтастықты Кеңестік жүйенің қысымына қарамастан айшықтап көрсетті.
- Ғалымға 1972 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығы берілді. Бұл марапат оның жарты ғасырдан астам археология мен этнографиядағы еңбегіне берілген жоғары баға еді.
- Әлкей Марғұлан 1985 жылs Алматы қаласында дүниеден өтті. Артында 3000-нан астам ғылыми еңбек пен ғылыми институт қалдырды. Бүгінде ғалымның атына берілген Павлодар қаласында орналасқан Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті (Margulan University) мен Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының құрамында жұмыс істейтін Ә. Х. Марғұлан атындағы Археология институты бар.
Автор: Жауынбай Жылқыбайұлы,
Qazaqstan tarihy порталы