ТАРИХТЫҢ ҰМЫТЫЛМАС БЕТТЕРІ
Ленинградтық өренім!
Мақтанышым сен едің!
Нева өзенін сүйкімді
Бұлағымдай көремін.
Жамбыл Жабаев
Ұлы Отан соғысында 1944 жылы 27 қаңтар күні қаһарман қала – Ленинград азат етілді. Фашист басқыншыларының қоршауынан бұзылғанына биыл 79 жыл, ал қоршаудың басталғанына 80 жыл толып отыр. Осындай тарихи күнді жастарға, болашақ ұрпаққа насихаттау біздің мақсатымыз. Осыған орайКеңес Одағының батыры Ә.Молдағұлованың облыстық мемориалды музейінде «Ленинградтық өренім» атты тарихи-танымдық шара өткізілді.
Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы аталған шараға кең көлемдегі «Жамбыл және Ұлы Отан соғысы» атты кітап көрмесін таныстырды. Қойылған біршама кітаптарға қысқаша шолу жазып өтсем, сіздерде бұл туралы біле отырыңыздар. Егер сізде қызығушылық туындаса біздің кітапханаға келіңіз!
Соғыс адамзат тарихындағы ең ауыр кезең. Миллионнан астам адам майданға аттанып, олардың жартысына жуығы туған топырағына қайтып оралған жоқ. Ал аман жеткендері сұм соғыстың нағыз бет-бейнесін көріп, көзімен көргені мен көкірегіне түйгендерін қару ұстап қатып қалған қолдарына қалам алып, болашақ ұрпаққа қалдыруға тырысқан ақын-жазушылар да аз болмады. Солардың бірі де бірегейі Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллин, Қасым Қайсенов, Баубек Бұлқышев, Дихан Әбілев, Сырбай Мәуленов, Қасым Аманжолов, Ілияс Есенберлин, Тахауи Ахтанов т.б.
Қасым Қайсеновтің «Жау тылындағы бала» аттыкітабында Ұлы Отан соғысы кезіндегі жау тылындағы партизандардың басқыншыларға қарсы жасаған зор ерліктерін және өзінің ауылда өткен балалық шағын үлкен тебіреніспен суреттеп жазған. Кітапқа «Жау тылындағы бала», «Жас партизандар» атты повестері енген.
Қазақтың халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов атамыздың «Махаббат қызық мол жылдар» атты шығармасы арқылы жақсы білесіздер. Ал «Ақиқат пен аңыз» кітабы Ұлы Отан соғысының даңқты батыры, қаһарманы Бауыржан Момышұлының ерлігін шынайы фактілер аясында қызғылықты баяндайды. Романның жазылу формасы да ерекше: бүкіл оқиға автор мен кейіпкердің диалогі арқылы өтеді. Ал автор бұл шығарманы 1943 жылы Украинада опат болған әкесі мен «Ленинград қоршауында» қаза тапқан ағасына арнайды. «Осы кітап екеуінің басыңа орнатқан ескерткішім болсын, Ұлы Отан соғысының қарапайым қос жауынгері!»-делінген кітаптың алғашқы бетінде.
«Отан деген бір-ақ сөз
Бірақ осы бір сөздің мағынасы тең келер ешбір сөз жоқ», — деп, өзіміздің заман үшін, өзіміздің жер үшін деп майданға түскен жастар «Заман біздікі!» деп ұрандатты. Баубек Бұлқышевтің шығармашылығын «Заман біздікі!» кітабынан оқи аласыздар.
Жерлес жазушы Тахауи Ахтановтың «Қаһарлы күндер» романы Ұлы Отан соғысы, Москва түбіндегі шайқас пен Панфиловтың сегізінші гвардия дивизиясының ерлігі туралы жазылған. Роман төрттараудан тұрады.
Асқар таудай еліме
Байтақ жатқан жеріме
—Шапты фашист дегенде
Ашуменен аралас
Жыр да келді көкейге, — деп жырлаған Жамбыл Жабаев, Ұлы Отан соғысы тұсында Ленинград қоршауындағы халыққа рух берер жырларын арнады. Блокадағы Ленинград көшелерінде ілулі тұрды, радиолардан айтылып, газеттерге, плакаттарға басылды. Жамбыл Жабаевтың соғыс тақырыбындағы толғаулары майдандағы жауынгерлерге жолдаған тілек, бата іспеттес болды.
Соғыс басталғанда Жамбыл атамыз 95 жаста болған. Қартайған, қажыған, оның үстіне сырқат болды. Соған қарамай нағыз патриоттық жырларын арнады.
Жыр алыбының лирикалық, заман туралы өлеңдері мен айтыстары, тарихи эпикалық дастандары «Халық – менің шын атым» атты кітабында топтастырылған. Жинақтың жас ұрпаққа берер үлгі-өнегесі мен тағылымы мол. Кітап үш бөлімнен тұрады: өлеңдер, айтыстар, дастандар. Және де ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойына орай шығарылған 10 томдық «Жамбыл Жабаев» аттыжинағын атауға болады. Алғашқы томына өлеңдері енсе, келесі томдарында толғау-дастандары, айтыстары, зерттеулері берілген. Ал соңғы томында ұсыныстық библиографиялық көрсеткіштер тізімін жариялаған.
Ұлтымыздың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан тарихын, жырларын біздің қордағы әдебиеттерден таба аласыздар, құрметті оқырмандар!
Төлегенова Айнұр Нұрсайынқызы.
С.Жиенбаев атындағы облыстық
жасөспірімдер кітапханасының жасөспірімдерге
қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі.
Ақтөбе қаласы.