Иә, сирек кездесетін 7 түрлі металл қоспасынан құйыл­ған бұл Тайқазанға биыл – 620, ал оның Түркістанға әке­­лін­геніне 34 жыл толып отыр.

Жалпы салмағы 2 тонна, сыйым­дылығы 3 мың литр болатын қазан су құюға ғана арналған. Оған бейсенбі күні су толтырылып, тәтті араластырылып қояды екен. Келесі күні, яғни жұма намаздан кейін тәтті су жұртқа таратылған. Одан кейін бос қазанға әркім өзінің әкелгенін, яғни саудагер – тиынын, қасапшы – етін, аңшы – терісін, шаруа бидайын тастаған. Оны шырақшылар мұқтаж адамдарға таратып беретін болған.

Зерттеушілердің дерегінше, он бөліктен тұратын қазанның астындағы тіреуіші сегіз бөліктен құралған. Бүгінде қазан құйылған пештің орны анықталып, сол кезде жұмыс істеген шеберлер жайлы зерттеу жұмыстары жүргізілуде.

Зерттеушілердің дерегіне қарағанда, Қожа Ахмет Ясауи ке­сенесінде сақталған ортағасыр­лық Тайқазан 620 жыл бұрын, яғни 1399 жылы Тұранның би­леушісі Әмір Темірдің бұй­ры­ғымен Түркістаннан 25 ша­қырым жерде орналасқан Қарнақ елді мекеніндегі Әбділ Әзиз Шарафуддин Тебризи шебер­дің ұстаханасында құйыл­ған. Тайқазан 1935 жылы Ленин­­град, қазіргі Санкт-Петер­бург қаласында өтетін Иран шеберлерінің III Халықара­лық конференциясына үш айға жі­­берілгенімен 54 жылдан ке­йін, яғни 1989 жылдың 18 қыр­­күйегінде тарихи отанына қай­та оралды.  Бұл іске, яғни кө­не жәдігердің Түркістанға әке­лінуі­не мемлекет және қоғам қай­­рат­кері, ғалым-этнограф Өзбе­­к­әлі Жәнібековтің қосқан үлесі зор.

Алып қазанның сыртында үш қатар жазу бар. Алғаш­қы қатарда Құранның Тәубе сүресінің 19-аятынан үзінді Пайғамбарымыздың: «Кімде — кім Алла тағала үшін су құятын ыдыс жасаса, жұмақта оған арнап хауыз дайындайды», – деген хадисімен жалғасқан. Сон­дай-ақ «Әлемдегі шайхтар­дың сұлтаны Ахмет Ясауидің мазары үшін Әмір Темірдің бұйрығымен жасалған», – деген сөзбен қатар «жиырмасыншы шәуәл, 801 жыл», – деп уақытты айшықтаған. Бұл біздің жыл санауымызша, 25 маусым 1399 жыл деген сөз. Тайқазанның авторы өз аты-жөнін жазуды да ұмытпапты.

Бұл күнде Тайқазан ғасырлар бойы мемлекетіміздің жүрегі саналып келген, рухани астанамыз – киелі Түркістан қаласындағы әулиелердің сұлтаны Құл Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде, Қазақстан атты үлкен шаңырақтың берекесінің, тыныштығы мен бірлігінің нышаны қызметін атқарып тұр.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ, 

Түркістан облысы.

Egemen.kz

Мақала  22 Қазан, 2019жылы жазылған.

Кәкімбек  САЛЫҚОВ

Тайқазан

Бастауынан алақай даңғазаның
Жарылқанып, ұлғайттым жан базарын.
Түркістанға қарашы, беу, қазағым!
Қайта оралды әйгілі тайқазаның.
Тозбаса да жат жерде көнеленіп,
Қинаушы еді көңілге елең еніп.
Үнсіз қалды қалың ел баяғыда
«Алып кетті…» дегенге көне беріп.
Талапайлап есінен танған елді,
Нелер сұмдық әуреге салған еді.
«Алып кетті» ол күнде келместікке,
Қазан түгіл, талай сан тарлан ерді.
Қадір тұтсақ қасиетті қазынаны,
Ата мирас қайырдық азын әлі.
Қалғандарын осылай қайтарайық,
Айта бермей таусылмас базынаны.
Бауға толған жемістей қаулап пісіп,
Ой толқыды санама салмақ түсіп.
Қожа Ахмет Иасауи жатқан шығар
«О, тоба…» деп қайта бір аунап түсіп.

 

Бауыржан ЖАҚЫП

Тайқазан

Баласы Сәруардың Әбділәзиз,
Асқан бір шеберлікпен құйған қазан.
Жасатып бұйрығымен Ақсақ Темір,
Қазандық бөлмесіне сыйған қазан.
Төрінен кесененің орын алып,
Қазына, дәулет, байлық жиған қазан.
Сырларын ғасырлардың ішке бүгіп,
Тәу етіп, халық басын иген қазан,
Келгендер керуен-керуен алтын құйып,
Мінәжат етушілер сүйгсн қазан.
Зеңбірек дүмпуіне төтеп беріп,
Отына отаршылдық күйген қазан.
Бұл қазан – басқаларға арман қазан,
Шүпілдеп нұры Алланың толған қазан.
Жазылып Құран сөзі ернеуіне,
Кағбасы Түркістанның болған қазан.
Кеңдік пен қонақжайлық үлгісіндей
Қазақтың қасиеті қонған қазан.
Орнынан бір дүлей күш қозғап кетіп,
Қараусыз Эрмитажда қалған қазан.
Сол қазан бәрін көрген азабымның,
Куәсі талай-талай аза-мұңның.
Тайқазан Түркістанда алынған соң,
Басына бақыт қонды қазағымның.
Тайқазан сәні болған сайын дала-ай!
Жас ұрпақ ғұмыр кешсін уайымдамай
Ырыс, құт, берекесін қазағымның
Құдірет енді ешқашан айырмағай!

 

Алдаспан, қынабыңнан суырылма,
Ешбір жан қарсы келмес бұл ырымға.
Тайқазан орынынан қозғалмаса,
Тәуелсіз елім тұрар тұғырында!

 

Ибрагим  ИСА

Тайқазан

Жатыр үнсіз жабырқау қайран далам-ай,
Жатыр үнсіз пайғамбар Сайрам бабам-ай!
Жатыр үнсіз сыр бұғып Ақсақ Темір де,
Отырарды гүл ғылып, сайрандаған-ай.
Қайырмасы:
Қалған талай жарқын із бар,
Қанға сіңген салтымыз бар,
Жақсылығын аямайтын
Кең жүректі халқымыз бар,
Өзгермейтін салтымыз бар.
Басымызда сан қилы тұрыпты күн-ай!
Бірін білмей өтіппіз, біліп бірін-ай!
Түркістанның дауысын шығарсам деймін,
Мұнараның басына шығып бүгін-ай!
Қайырмасы:
Қайта оралды киелі тай қазаным-ай!
Тай қазаным әкелді бойға жалын-ай!
Яссауидің еңсесі көтерілді ғой,
Қуанбайды мұндайда қай қазағым-ай!
Қайырмасы:

 

Ақындардың өлеңдері:

zharar.com сайтынан алынды.

Редакциядан: Қожа  Ахмет Ясауи кесенесіндегі Тайқазанды суретке түсірген:

Бауыржан Бейсенбеков

2019 жыл, қазан айы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *