«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы-табиғатты аялаудың бастамасы

ТОҚАЕВ  Қасым – Жомарт  Кемелұлы,

Қазақстан Республикасының Президенті:

–Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Туған жерімізді ешкім сырттан келіп тазалап, көркейтіп бермейді. Отанымызды таза ұстау – әр азаматтың қастерлі парызы. Соңғы жылдары елімізде көптеген маңызды өзгеріс болды. Әділетті мемлекет болу үшін біз заң мен тәртіпке бағынатын қоғам құрып жатырмыз. Сондай-ақ ауқымды реформалар жүргізіліп жатыр. Мұның бәрі, ең алдымен, өскелең ұрпақ үшін, яғни, сіздер үшін жасалуда. Қазақ жастарының болашағы – жарқын, жолы – ашық. Мен сіздерге сенемін, зор үміт артамын! Отаншыл, білімпаз, еңбекқор болыңыздар деп тілеймін. Сонда Қазақстанымыз да Әділетті, Таза, Қауіпсіз және Өркендеген озық ел болмақ. Бәріңізге сәттілік тілеймін.»

(Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» экологиялық фестивалінде сөз сөйледі

2025 жылғы 21 сәуір)

Дәл қазіргі уақытта экология мәселесі, оның тазалығы мемлекет алдында тұрған бірден-бір ауқымды мәселенің бірі. Осындай өзекті де өткір мәселе елеусіз қалғаны жөн бола қоймас. Осыған орай 2024 жылдың жазы «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасының жарқыраған кезеңі болды. Бұл акция еліміздің түкпір-түкпірінде өткізілетін кең ауқымды тазалық науқаны. Оның басты мақсатын облыстық экология департамент басшысы Дархан Исжанов екі түрлі себеппен айқындап айтты. Ең алдымен тұрғындарды табиғатты қорғауға, тазалыққа бағыттау болса, ендігі себеп экологиялық мәдениетті қалыптастыру.

Акция аясында не істеледі?

–Елді мекендердегі саябақтар, орман алқаптары, өзен-көл жағалаулары мен жол бойлары тазаланады;

–Қауіп төндіретін үйінділер мен стихиялық қоқыс полигондары жойылады;

–Тұрғындармен экологиялық мәдениет туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіледі;

–Ағаш отырғызу, сенбілік, эко-дәрістер ұйымдастырылады.

Кімдер қатысады?

Мектеп оқушылары, студенттер, мемлекеттік қызметкерлер, еріктілер және қарапайым тұрғындар -бәрі бірігіп, туған жердің тазалығына үлес қосады. Бұл акция-халықтың бірігуіне, азаматтық жауапкершіліктің артуына себеп болады.

Ал бұл жайында статистика не дейді екен?

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің дерегі бойынша, «Таза Қазақстан» акциясына 1,3 миллионнан астам адам қатысып, 60 мың тоннадан астам қоқыс жиналған. 15 мыңнан астам сенбілік пен экологиялық іс-шаралар ұйымдастырылып, 20 мың гектар жер тазартылған. Әлеуметтік желіге көз жүгіртер болсақ, Қарағанды облысында интеллектуалды ойын арқылы іс-шара өткізіліп, қоқыстың 56% қайта өңделген болса, Қостанайда 40 тонна қоқыс шығарылған деседі. Бұл көрсеткіштердің өзі халықтың белсенділігін айғақтайды.

Маңызы неде?

«Таза Қазақстан» акциясы тек тазалық қана емес, бұл — ұқыптылық пен жауапкершілікке тәрбиелейтін қадам. Қазіргі заман адамы табиғатпен үндестік орнатуы қажет. Себебі, таза табиғат — ұлт денсаулығының кепілі.Осындай акциялар арқылы жастар бойында экологиялық сана қалыптасып, қоршаған ортаға деген көзқарасы өзгереді. Әр адамның кішкентай ісі — үлкен өзгеріске жол ашады. «Таза Қазақстан» — бір күндік емес, өмірлік әдетке айналатын экологиялық мәдениеттің бастауы.

САҒЫНДЫҚ  Аяжан,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

«Журналистика» факультетінің І-курс студенті

Сурет: Түркістан облысы, отырар ауданы

әкімдігінің ресми сайтынан алынды