Таза табиғатты аялау – экологиялық сауаттылықты талап етеді
ТОҚАЕВ Қасым – Жомарт Кемелұлы,
Қазақстан Республикасының Президенті:
«Шын мәнінде, елімізді көгалдандыру, абаттандыру – үлкен мемлекеттік маңызы бар іс. Бұл бүгін шығып, ертең ұмытып кететін бірреттік науқан емес. Аталған жұмыс тұрақты түрде жүргізіледі. Туған жерімізді таза ұстауымыз керек. Бұл – жалпыұлттық мәселе. Қазақстанымыз таза болуы қажет. Лас елге қонақ ретінде, инвестор ретінде ешкім келмейді. Бірақ, ең алдымен, Қазақстанның таза, көрікті болғаны біз үшін, яғни халық үшін керек. Бұл күнделікті өмір салтына айналуы қажет. Сондай-ақ бұл жұмыс елорда және ірі қалаларда ғана емес, шағын қалаларда, аудандар мен ауылдарда да ұдайы ұйымдастырылады. Бүкіл Қазақстанды таза ұстау өзімізге, жастарға байланысты. Мен жастарға сенемін. Сондықтан жастарға зор үмітпен қараймын».
Мемлекет басшысының тапсырмасымен биыл сәуір-мамыр айларында еліміз бойынша «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бес аптаға жалғасты. Айталық, «Туған өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ», және «Мөлдір бұлақ» акциялары еліміздің түкпір-түкпірілерінде ұйымдастырылды. Акция әлі күнге дейін жалғасып, жастар мен мектеп оқушыларынан құрылған еріктілер тобы өзен-көлдердің, мемлекеттік маңызы бар жолдардың жағаларын тазалап, тонналап қоқыс жиналуда.
Еліміз бойынша өткізілген акцияға біздің мектеп оқушылар, мұғалімдері мен ата-аналар, Ақтоғай ауылының адамдары түгел қатысты деуге болады. Әр адам, отбасы өзі тұратын аулалар мен көшелерді тазалауды жалғастырып келеді. Экологияның бұзылуы, табиғаттың ластануы – адам қолымен жасалатынын өмір көрсетіп отыр. Қоқыстарды, пластик бөтелкелер мен қағаз қалдықтарын өзіміз қалай болса, солай кез келген жерге лақтыра саламыз. Олар желмен ұшып, жан-жағымызға тарап, экологияның ластануына әкелуде. Арнайы қоқыс жәшіктеріне апарып салуға ерініп, адам көрмесе болды деген оймен немқұрайды қараймыз да қолымыздағы қоқысты тастай салу әдетке айналып барады. Табиғат осындай кішігірім нәрселерден басталып, жер – жерде үйілген қоқыстардың ұзақ мерзімге жойылмайтын целлофон, пластик, басқа да қатты қалдықтардың әсерінен ластана береді. Бұған жазғы шомылу маусымында Алакөл, Қапшағай су қоймасы, ауыл-аймақтағы кішігірім өзендер мен көлдерге демалуға келген адамдардың табиғатқа жанашырлығының жоқтығынан тонналаған қалдықтар су түбінен, айналадан жиналып, шығарылады.
Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасымен көктем – жаз айларында шығарылған тұрмыстық қалдықтар жиналып, тиісті күресіндерге жеткізілді. Экоакцияны ұйымдастыруда «Amanat» партиясының бастамашылдығын айта кеткен орынды. Себебі, мектеп басшылары мен ұстаздарымыз партияның мүшелері. [1]Алматы облысы бойынша акцияға барлығы 450 мың адам қатысып, 850 — ден астам ескерткіштер мен мұражайлар тазартылды, 19 506 тонна қоқыс шығарылды, 45 мыңнан астам ағаштар мен бұталар отырғызылды. 2304 бірлік мамандандырылған техника тартылды. Облыстың 340 мың оқушысының қатысуымен «Өз ағашыңды отырғыз» акциясы ұйымдастырылды. Біздің «Еңбек орта мектебі-Өрнек бастауыш мектебімен» мемлекеттік мекемесінің ұстаздары мен оқушылары да осы санатта ауылымыз бен мектебіміздің тазалығы үшін тынымсыз еңбек етіп келеміз.
Экологиялық тәрбие беру – дегеніміз оқушылардың қоршаған ортаға жанашырлылық танытуы, көше мен аула тазалығын сақтауға жауапкершілікпен қарап, өзгенің де табиғатты ластауына жол бермеуі үшін өнеге көрсетуі. Орынсыз, бей-берекет адамдардың қолымен шашылған қалдықтардың әсерінен экологиямызға әкелетін зияны мен сол олқылықтарды жоюға кететін адам, техника күшіне және қалдықтарды жинауға жұмсалатын қаржыны оқушылардың зердесіне жеткізе білсек, олардың әрбірі саналы түрде қоршаған ортаны ластаудан аулақ болады деп білемін. Осы тұрғыдан алғанда, мектебімізде «Жасыл алаң» жобасы іске қосылып, жұмыс істеуде.
Атаулы жоба 2022-2023 оқу жылынан бастау алған болатын. Ақтоғай ауылында орналасқан «Еңбек орта мектебі мен Өрнек бастауыш мектебіміз» бен «Есік дендрологиялық парк» әкімшілігі арасында меморандум бекітіліп, атқарылатын іс — шара жоспары жасалды. Бұл жобаның мақсаты: жас ұрпақтың бойына табиғатқа деген сүйіспеншілік ұялату, экологиялық тәрбие беру. Мектеп алаңына 25 тал әртүрлі ағаштар, гүлдер жасыл желектер отырғызылды. Жоспар бойынша «Менің таза аулам», «Бір ағаш кессең, он ағаш отырғыз!», «Таза көше» акциялары өткізуге оқушылар мен ұстаздар атсалысты.
Мемлекет басшының тапсырмасымен «Жасыл аймақ» акциясы аясында 2024 жылдің 29 — сәуірі күні жоба жоспары негізінде биология пәні мұғалімі Файзуллаева К.А. мен Мамедова З.Р. 9 «А, «Б», «В» — сынып оқушыларымен бірге қылқан жапырақты өсімдіктерінің тұқымының бірнеше түрін ыдыстарға отырғызды. Мақсаты: оқушылардың ұрықты отырғызу туралы білімдерін кеңейту. Міндеті: қылқан жапырақты өсімдіктердің құрылымын, өсуін қадағалау. Және осы өсімдіктерді болашақта мектеп алаңына, ауыл көшелеріне отырғызып, туған ауылы мен мектеп айналасын «Жасыл алаңға» айналдыру. «Бұтақ жайған ағаш пен ұрпақ жайған адам қартаймайды», — деген халық даналығы бар. Ағаш отырғызу бүгінде дәстүрлі үрдіске айналып барады. Бұл бізді ерекше қуантуы тиіс. Себебі, ағаш отырғызу арқылы біз экологиялық ахуалды жақсартып қана қоймай, балаларымызды еңбекке баулимыз, оған табиғатты аялау мен сақтауды үйретеміз. Оған дәлел, оқушыларымыз Республикалық оқушылар «Жасыл мекен» челлендже қатысты.
Өткен жылдың қазан айында «Орманшылар» күніне орай Есік дендропарк қызметкерлері мен мектеп ұстаздары бірлесіп, «Ақтоғай ауылын жасыл желекке айналдырамыз» акциясын ұйымдастырды. 15 жапырақты және 7 қылқан жапырақты ағаштардың көшеттерін ауылымыздың орталық алаңына отырғыздық. «Тәрбие негізі отбасында қаланады», — деген даналық болашағын ойлаған әр ата – ана ұл – қызына беретін тәрбие, өнегелі істермен қатар табиғатты қорғауды үйрету қажеттігін еске салады. Сол себепті, отбасында ата – ана балаларымен қоршаған орта тазалығы туралы жиі әңгімелесіп, қоқыстарды үйден жинатып, шашқандарын арнайы қаптарға салу керектігін құлағына құйып отырса, көшеде, қоғамдық орындарда, жолдарда пайдаланған қоқыстарды салатын жәшіктерге ерінбей апарып салуға үйретсе, табиғат тазалығы дәл бүгінгідей ластанбас еді. Деректерге сүйенсек, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, жыл сайын Қазақстанда 5-6 млн тоннаға жуық тұрмыстық қатты қалдықтар жинақталады екен. Республика бойынша жылына шамамен 2-2,5 миллион тонна зиянды қалдықтар қоршаған ортаға тасталады.
Тұрмыстық және зиянды қалдықтардың барлығы дерлік экологиялық апатқа алып келетінін осындай мәліметтер арқылы оқушыларға айтып, мейлінше жасыл желекті өсіруге жұмылдырудамыз. «Түгін тартса, майы шығатын» кең байтақ өлкеміздің қай тұсын алсақта, ең алдымен жасыл алқабымен таңқалдырады. Сол сахараның бір бөлшегі болып табылатын жер жаннаты Жетісу алқабы саналатын Алматы облысының табиғатын адам баласы сөзбен айтып жеткізуі мүмкін емес. Табиғат — Ананың байлығының шетін бұзбай, болашақ ұрпақ қолына тапсыру – әр қазақстандықтың парызы. Сондықтан, экологиялық акциядан мұғалімдер мен оқушылардың ешқайсысы қалыс қалмай, «Таза Қазақстан» үшін тер төгуде.
Мұхит түбінде де жиналған қалдықтар туралы ақпараттар бар. Әлемдік экологияның ластануына, табиғатқа залал келтіретін түрлі факторлар бар. Олардың салдарын болдырмаудың жолдарын әлемдік және отандық ғалымдар іздеп, зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Алдағы уақытта экологиялық апатқа тап болмауымыз үшін бүгінгі ұрпақты табиғатқа жанашыр болуға тәрбиелеуіміз қажет. Балалармен қатар көпшілікті де экологиялық сауаттылыққа үйрету мақсаты баршамызға ортақ. Табиғаттың тепе-теңділігі сақталып, қалпынан қоршаған ортаның тазалығын сақтау – әр адамнан жауапкершілікті талап етеді. Егерде еліміздің қаласы мен ауылдық жерлерінде өмір сүретін әр тұрғыны қоқыстарды әр жерге лақтырып кетпесе, биылғыдай тонналаған тұрмыс қалдықтары жиналмас еді. Саралай келсек, бұл жұмыстар мемлекет бюджетінен бөлінетін үлкен көлемдегі қаржыға әкеліп тірейді.
Асқар тауларымызды, көк майса жайлауымыз бен бұлбұл үні әуелеген жасыл ормандарымызды, жұпар иісі аңқыған гүлжазира даламызды өз қалпында сақтап қалу туралы айтқанымызда, оқушылар тарапынан көптеген сұрақтар қойылады. Олардың сұрақтарына дұрыс жауап беру үшін мектеп ұстаздары пәнаралық байланыс орнатып, әр пән мұғалімі экологиялық сауаттылықты арттырып, тәрбиелеуге ұмтылуда. Экологиялық тәрбие неден басталады? Мектеп ауласында, көшеде өсіп тұрған тал – теректердің бұтақтарын сындырмау, ауылдық жерлерде малдарына жегізбеу, ата-анасымен бірге құраған ағаштардың орнына жас көшеттерді отырғызып баптау. Тұрмыс қалдықтарын, жеке өзі пайдаланған целлофан қалиаларды, пластик бөтелкелер мен қағаз майлықтарды арықтарға, ағаштың түбіне, немесе ық жерге тастамауы. Яғни, әр адам, әр бала қоқыс мәселесіне жауапкершілікпен қарауды үйрету. Сонымен бірге, экологиялық мәселе туындағанда, әр адам, әр оқушы өзіне сын көзбен қарап, жіберген олқылығын түзетуге тырысқаны абзал. Кемшілігінен жақсы қорытынды шығаруға үйренсе, қане?!
Ұстаздардың таза табиғатты қорғау мәселесін пәндерімен байланыстыра өткізуінің нәтижесінде Ақтоғай ауылының экологиялық ахуалы жақсы деп айта аламыз. Оқушыларымыз да кері байланысқа шығып, өздерін толғандырған сұрақтарын қояды. Айталық, автокөліктерден шығатын, ауаны ластайтын жылу беру құбырларынан тарайтын, өндіріс орындары пайдаланған шикізаттан шығатын зиянды заттардың қоршаған ортаны ластайтыны туралы білетін ресми мәліметтерімен бөліседі. Олардың сұрақтарының жаны бар. Оларды зерттеп, табиғатты ластауға жол берген адамдардың заңсыз әрекетімен құқық қорғау орындарының, жауапты мекемелердің айналысатынын айтамыз. Қоршаған ортаның тазалығын сақтау, туған жеріміздің экологиясын ластауға жол бермеу, айналамызды көмкерген жасыл желекке зиян тигізбеуді – мектеп жасынан үйренген шәкірт – қашанда табиғат жанашыры болатыны сөзсіз.
ЕСЕНБАЕВА Аида Рустамовна,
Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы,
«Еңбек орта мектебі-Өрнек бастауыш мектебімен»
КММ мектеп директоры
Дереккөзі: [1] Dalanews.kz 04 шілде, 2024 жыл