Ақбоз ат туралы айтқанымызда «Қыз Жібек» фильмін жиі көретін көрермендер бірден бұл – Төлеген – Құман Тастанбеков екенін түсіне қояды. Фильмның соңына таман Қыз Жібек иесіз желп келген ақбоз атты құшақтап, «Иең қайда, Ақбоз ат?» — егіледі.              

Тастанбеков Құман Нұмағанұлы Қазақстанның халық әртісі «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері. Қыз Жібегін қалдырып, өзінің мәңгілік мекеніне аттанғанына да жеті жылға жуықтапты.

Оқырмандарымызға актердің көзі тірісінде «Turkistan» газетіне берген сұхбатын оқи отыра, ықшамдап, жарияладық.

***

—Мен бала күнімнен кітапқа жақын болдым. Мектебіміздің кітапханасы бай болатын. Сондағы әдебиеттерді таласып оқитынбыз. Кезек күтіп, кітапты тауысқанша бір-бірімізді асықтырушы едік. Қызық кітапты өзгелерден бұрын оқып алған оқушы басқамызды еліктіретін. «Соңы немен аяқталатынын айтпа, өзім оқып аламын», – деп оқыған кітабының әсерімен бөліскісі келетін достардың аузын аштырмай қоятынбыз. Кітапты кино көріп отырғандай құмартып оқыдық. Қазір кітапханаға бара жатқан баланы көрмейсің, мектеп міндеттейтін пәндердің оқулығынан басқа кітап алмайды қолдарына.

—Біздің ауылда бірнеше ұлттың өкілі тұрды. Украины бар, орысы мен татары, өзбегі де бар – бәріміз тату-тәтті өмір сүрдік. Тойымыз да, қайғы-мұңымыз да ортақ болды. Көрші-қолаң асарлатып, айналасы төрт-бес күннің ішінде бір үй тұрғызатын. Қазіргілер асардың не екенін білмейтін де шығар. Көмектеспек түгілі, көршісін танымайтындар бар. Ал аядай ауылда ашықса да, тарықса да, адамгершіліктен аспаған, көтеріңкі көңіл-күймен жүрген адамдарды көрдім. Ауылымыздан ән мен күй үзілмейтін. Өнерге жақын болуымның сыры – сол. Әкем колхоздың жылқысын бағатын. Бір күні колхоз әкеме гармонь сыйлапты. Бұл сыйдың сырын түсінбесек те, бұрын-соңды қолымызға ұстап көрмеген аспапқа қатты қызықтым. Ағаларым аса керек қылмаған соң, әлгі гармонь менің меншігіме айналды. Арқалап жүріп үйреніп алдым.

—Ауылымыздың клубы ескі шіркеудің орнында болатын. Аудан орталығынан екі-үш айда бір рет арбамен кино әкеп қоятын. Сол арбаның жолын күтіп жүреміз. Орталық ауылдан 25 километр қашықтықта. Аудан орталығын алғашқы рет үшінші сыныпта көрдім. Ауылдан ұзап көрмеген балаға ол үлкен шаһар сияқты көрінді. «Мынадай да жер бар екен ғой» деп таңғалғам. Одан кейін пионер слеттеріне жиі барып тұрдым. Жан-жақтағы ауылдардан топ-топ бала жиылады. Қазақ-орысы, украины мен татары аралас. Бір-бірін бөтенсіну деген жоқ. Таныса салып: «Будем дружить?» деп бауырына тартатын.

Кейін мәдениет үйі салынған соң ауылымызда фортепиано пайда болды. Оны да тез үйрендім. Мектебімізде музыкалық аспаптың түр-түрі болатын. Ауылымыз өнерден кенде болған жоқ. Менің актер болу арманым сол аядай ауылдан, балалық бал дәуреннен басталды. Мектеп бітіріп, ата-анама өнер жолына түскім келетінін айттым. Екеуі де қарсы болды, көнбеді. «Басқа оқу құрып қалды ма? Қайдағы бір жын-шайтанның оқуын қайтпексің?», – деп шешем қатты наразы болды. Қалаға жібергілері келмейтінін түсіндім. Жастары келіп қалған. Үлкендердің бәрі жан-жаққа кеткен, ата-анама қарайтын, үйдің шаруасын қолға алатын ешкім болған жоқ.

—Есіктің алдында бақшамыз, қорада мал болды. Амал жоқ, арманымнан бас тартуға тура келді. Ауылда қалып, Мәдениет үйінде баяншы болып жұмыс істедім. Бір жылдан соң Алматыға барам деп тағы қиғылық салдым, тағы көнбеді. Екінші рет жолым болмаған соң, мектепке музыка пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналастым. 20 жасқа келгенде ауылда жүре берсем қараңғы болып қалатынымды түсіндім. Ешкімнің қарсылығына қарамаймын деп шештім. Әке-шешем одан әрі ауылда ұстап отыра алмайтындарын түсінді-ау деймін, көнді.

Батасын беріп, Алматыға шығарып салды. Алматы мемлекеттік өнер институтының (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) актерлік факультетіне түсіп, Кеңес Одағының халық әртісі Хадиша Бөкееваның сыныбына қабылдандым. Әшірбек Сығай, Рахилям Машурова, Ерсайын Дүйсенбиев, Ғайникамал Байқошқаровамен бірге оқыдым. 1967 жылы «Лениншіл жасқа» жаңа кино түсірілетіні, сол фильмде ойнайтын актерлерге байқау жарияланғаны туралы ақпарат жарық көрді. Ол кезде Абай көшесіндегі 56-үйде, консерваторияның жатақханасында тұратынбыз. Әлгі газет қолдан-қолға өтіп, бақ сынап көргісі келетіндердің қатары күн санап артты. Көппен бірге мен де кастингке қатыстым. Бәрімізді суретке түсіріп алды.

Студенттер, театр актерлері де бақ сынады. Қыз Жібек рөліне үміткерлер тіпті көп болды. Кастингке 400-ден астам қыз қатысқан екен. Кіл сұлулар, сән-салтанаты бір-бірінен асып түседі. Сырт келбет маңызды болғанымен, ішкі сұлулықсыз, Алла берген дарынсыз тағы болмайды. Режиссерлердің талаптарын орындай алмаған жүздеген қыз бір мезетте-ақ байқаудан ысырылып қалды. Сұлтан Қожықов көпке дейін басты рөлге лайық қыз таба алмай дал болды. Бір күні киностудияға Меруерт келді. Шашы ұзын, түр-тұлғасы жинақы, киген киімі мен жүрген жүрісі келісті. Бірақ түрі аздап суықтау екен. Дәлізде көріп қалып, көзімді ала алсамшы. Ол да маған көзінің қиығын тастады. Сол сәт дәл кеше болғандай әлі есімде.

—Ішімнен: «Мынау нағыз Жібек қой» дедім. Айтқаным айдай келді. Басты рөлге Меруерт екеуміз бекітілдік. Режиссердің таңдауына қарсы шыққандар көп болды. «Жастар ойнайтын рөл емес, ысылған актерлер ойнауы тиіс», – деп шу көтерді. Қызу пікірталастар жүрді. Сол кезде біздің сөзімізді сөйлеген Олжас пен Асқар Сүлейменовтерге рахмет. Олар «Қазақфильмде» редактор болып істейтін. Талқылау кезінде Олжас ешкімнің аузын аштырмапты. Өзім ол жиынға қатысқан жоқпын, шудың ортасында болғандар айтып берді. «О чем вы говорите? Какой будет рассвет если мы будем снимать Тулегена в 30 лет, Бекежана в 50 лет?», – деп Олжас қарсы уәж айтқандарға дүрсе қоя беріпті.

Бұл дау Дінмұхамед Қонаевтың алдына дейін барды. «Кино маманы емеспін. Бірақ жастар түскен киноның тартымды болатынына көзім жетеді», – депті Димекең. Сол кісі айтқандай кино әлі де тартымды, көрерменін жоғалтқан жоқ. Фильмнің сәтті шығуына сол кездегі министр Ілияс Омаровтың қосқан үлесі өлшеусіз. Ол кісі өнердің нағыз жанашыры еді. Сондай тұлғалардың арқасында «Қыз Жібектің» тұғыры берік, мәртебесі биік болды. «Қыз Жібектен» кейін Меруерт екеуміз Абдолла Қарсақбаевтың «Біздің Ғани» фильміне түстік. Онда мен Ғани Мұратбаевты сомдасам, Меруерт оның жары Раушанның рөлінде ойнады. 1970 жылдың күзінде, «Біздің Ғанидың» түсірілімі жүріп жатқанда екеуміз шаңырақ көтердік. Содан бері өмірде, өнерде де жұбымыз жазылған жоқ. Отау құрғанымызға биыл 45 жыл толады екен.

—«Қыз Жібек» – тек қана мәңгілік махабатты емес, патриоттық сезімді ұлықтап, қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын кеңінен қамтыған кино. Содан болар, ол басқа картиналармен салыстырғанда өміршең болды. Оған деген халықтың сүйіспеншілігі жылдар өте келе артпаса, кеміген жоқ. Өйткені бұл кино тек қана бір тақырыптың аясымен шектелмеген. «Қыз Жібек» лиро-эпостық жыры ойдан шығарылған оқиға емес, шынайы өмірде болғандығымен де қызықты шығар. Бұл махаббат хикаясының осыдан шамамен 500 жыл бұрын Ақтөбе облысының аумағында болғаны туралы нақты тарихи деректер бар. Демек халық аңыз-әфсанадан гөрі тарихи оқиғаны жоғары бағалайды. Оның үстіне, сценарийін Ғабит Мүсірепов жазып, Сұлтан Қожықов режиссерлік еткен, Нұрғиса Тілендиев пен Қадыр Мырза Әли, Гулфайруз Исмайылова сияқты өзі ісінің мамандары атсалысқан картинаның осал болуы мүмкін емес еді. Актерлер де кіл мықтылар. Қай образға қарасаң да хас шеберді көресің. Сырлыбай, Бекежан, Шеге, Қаршыға, Базарбай, Қамқа, Айкөз, Кербез бейнелеріндегі әртістерді режиссердің дәл тапқанына қайранмын.

—Кітап оқығысы келмесе, тым болмаса, театрға келсін. Қазір театрлардың репертуары бай. Қазақтың классиктері, әлем классикасының үздіктері сахналануда. Жаңашыл шығармалар да қалыс қалып жатқан жоқ. Театрға келсе, Сәбит Мұқановтың, Шекспирдің кім екенін білер еді. Өзінің тамырын танып, тарихынан тағылым алар еді. Театр сахнасынан өзге халықтардың болмысы мен мәдениетін де тануға болады. Қазір танымымды кеңейтем деген балаға барлық мүмкіндік жасалған. Біз спектакльге де, киноға да сусап өстік. Қазір үлкендер тұрмақ, балалар да бір-біріне суық. Өзі құралпы баланы іш тартып, маңына жуыта қоюы қиын. Бұрын біз бір топ болып, таңнан қара кешке дейін далада жүретінбіз. Ойынға жақын үйден жүрек жалғап аласың да, ары қарай ойнап кете бересің. Жазда асығыңды арқалап, қыста шанаңды сүйретесің. Күннің ыстық-суығы міз бақпайтынбыз. Қазіргі балалардың тәрбиесі басқа. Ата-анасы секемшіл болған соң, бала да жан-жағына күдікпен қарайды. Қайырымдылық, мейірім деген құндылықтар жоғалып барады.

—Театрдағы ең алғашқы рөлім – Оралхан Бөкейдің «Құлыным менің» шығармасындағы Жан. Пьесаны Қадыр Жетпісбаев сахналаған болатын. Ан—арды марқұм Фарида Шәріпова ойнады, Бозтайлақты сахнаға Әнуар Молдабеков алып шықты. Оралхан екеуміз сол қойылымнан кейін Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атандық. Режиссерлер маған Ғ. Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқтысында» Ақанды, С.Мұқановтың «Шоқан Уәлихановында» Шоқанды, Т.Ахтановтың «Антында» Сауранды, М.Әуезовтің «Айман-Шолпанындағы» Әлібек, Н.Хикметтің «Фархад-Шырынындағы» Фархад сынды рөлдерді сеніп тапсырды. Төлеген маған театрда демеу болмайтынын, арқаны кеңге салуға қақым жоқ екенін түсіндім.

Өзіме артылған сенімді ақтау үшін үздіксіз еңбектендім. Жаңа рөл алған сайын тынысым ашылып, шеберлігім шыңдала берді. 1973 жылы консерваторияны тәмамдап, Меруерт те театрға қабылданды. Әкемтеатрдың сахнасында қол ұстасып, талай рөлдерді бірге ойнадық. Мұхтар Әуезовтің «Қаракөзінде» мен – Арша, ол – Қаракөз, Шыңғыс Айтматовтың «Ана – Жер Анасында» мен – Қасым, ол – Әлиман болып шықты. Киелі сахнада ойнап жүргеніме биыл 47 жыл болады екен

Анар ЛЕПЕСОВА

«Turkistan» газеті, 20 мамыр, 2015 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *