Телефонға тәуелділік – XXI ғасыр дертінің біріне айналуда

Бүгінгі таңда адамзат баласы технология дәуірінде өмір сүріп жатыр. Соның ішінде ең жылдам таралған, әрі ең әсерлі құрал – смартфон. Бір қарағанда кішкентай құрылғы, бірақ сананы да, қоғамды да, тіпті адамның болмысын да өзгертіп жатыр. Күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналған бұл құрылғы бізге ақпарат беріп, байланысты жеңілдетіп қана қоймай, сонымен қатар адамды өзіне тәуелді ететін құралға айналды.
Бүгінде телефон – тек қоңырау шалып, хабарлама жіберетін құрылғы емес. Ол – ойын-сауық, қарым-қатынас, білім, жұмыс, банк, фотоаппарат, тіпті сағаттың орнына жүріп тұрған «әлем» іспетті. Бірақ осындай көпқырлы функциясының арқасында адам оны басқармай, телефон адамды билейтін жағдайға жеттік.
Қарапайым бір мысал: көптеген жастар ұйқыдан тұра сала бірінші кезекте таңғы ас немесе отбасы мүшелерімен амандаспастан, смартфонына жабысады. Тіпті, күні бойы ас ішпей, телефондағы дүниелермен біте қайнасып кететініне куәміз. Бұл – жай ғана әдет емес, бұл – психологиялық тәуелділік. Денсаулыққа келетін зиян. Жоғалатын уақыт. Текке кеткен күндер. Кішкентай сәбилердің өзі телефон бермесе ата-анасы бірден байбаламға көшеді. Ғалымдар мен мамандар телефонның құлаққа, көзге, бет-әлпетке зияны туралы дәлелдер айтқанына қарамастан, ескертулердің еленбей келе жатқанын күнделікті өмірден көріп келеміз.
Ғалымдар дәлелдегендей, смартфонға шамадан тыс қарау:
— зейін мен есте сақтау қабілетін әлсіретеді,
— ұйқы режимін бұзады,
— көз, мойын, омыртқаға зиян келтіреді,
— ең бастысы – эмоционалды күйзеліске, жалғыздыққа, қоғамнан оқшаулануға
апарады.
Смартфон – миға допамин (ләззат гормоны) бөліп шығаратын «цифрлық есірткі» секілді әсер етеді. Әрбір хабарлама, лайк, видео – миға «сыйлық» секілді. Бір қарағанда зиянсыз көрінгенімен, уақыт өте келе адам нағыз тәуелдіге айналады.
Кез келген жерде – автобус, кафе, мектеп, үй – бәрі телефонына үңілген. Қатар отырған екі адам бір-бірімен сөйлесудің орнына телефон шұқылап отыр. Бұл – тек жеке қарым-қатынасқа емес, тұтас қоғамның рухани иммунитетіне кері әсер етеді.
Қазақтың «Көз – көңілдің айнасы» деген сөзі бүгінде «Көз – экранның құлы» болып бара жатыр. Ата-ана мен бала арасындағы байланыс үзіліп, достық пен сырласудың орнына лайк пен коммент басым болды.
Не істеу керек?
- Телефон қолдану уақытын шектеу: күнделікті лимит қою арқылы экранда өткізген уақытыңды бақыла.
- Жаңа хобби табу: спорт, кітап оқу, өнер – миыңды тынықтырып, эмоцияны қалпына келтіреді.
- «Саналы цифрлық өмір» қағидасы: интернетті – құрал, ал шынайы өмірді – басты нәрсе деп қабылда.
- «Телефонсыз бір сағат» ережесі: күніне кемінде 1 сағат толықтай телефонсыз жүру.
Телефон – тек құрал. Ол саған қызмет етуі керек. Ал егер сен оған қызмет етсең – еркіндігің шектеледі, арманың тұсалады, болашағың көмескі тартады. Уақыт – қайтарылмайтын ресурс. Экранда өткен әр секунд – өміріңнің сол сәті.
Қалай айтсақта, телефон өміріміздің бір бөлшегі дедік, соған қарамастан қолымыздағы гаджетті тиімді пайдалана білуіміз қажет.
ЕРБОЛАТ Елбақыт,
Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы, Ізұтты Айтықов ауылындағы
Қасым Қайсенов атындағы орта мектептің түлегі
Сурет:https://egemen.kz/
Ақпарат алынған дереккөздер:
— АҚШ психологиялық қауымдастығының зерттеулері (APA.org)
— Жасөспірімдер мен смартфон байланысы туралы мақалалар (BBC, Forbes)
— Қоғамдық денсаулық сақтау жөніндегі материалдар (WHO.int)
— Жеке бақылау мен өмірлік тәжірибе.