TikTok пен Instagram: жас ұрпақтың жаңа шындығы

XXI ғасыр – ақпарат пен технологияның қарқынды дамыған дәуірі. Бұл кезеңде жастардың ақпаратты қабылдауы, ойлау жүйесі мен құндылықтары күн сайын жаңарып, өзгеріске ұшырауда. Мұндай үдерісте TikTok пен Instagram сияқты әлеуметтік желілердің рөлі орасан. Бұл платформалар жастарға тек көңіл көтеру құралы ғана емес, олардың сана-сезімі мен дүниетанымына тікелей әсер ететін ықпалды құралға айналды.

Ақпараттық ағын мен зейін шоғырлануы

TikTok-тың қысқа видеолары – ақпаратты жылдам жеткізудің жаңа форматы. Алайда бұл форматтың кері әсері ретінде жастар арасында зейіннің тұрақсыздығы мен терең ойлану дағдысының әлсіреуі байқалады.

Калифорния университетінің профессоры Глория Марктың зерттеуіне сәйкес, адамның экранға назар аудара алатын орташа уақыты:

  • 2004 жылы – 2 минут 30 секунд болған,
  • 2012 жылы – 75 секундқа қысқарған,
  • 2018 жылы – 47 секундқа дейін азайған.

Профессор Марк бұл үрдістің қоғам үшін елеулі қауіп екенін айтып, адамдардың терең ойлауға қабілеті төмендеп бара жатқанын ескерткен.

Сондай-ақ, Массачусетс технологиялық институтының нейробиологы Эрл Миллер 2022 жылы қазіргі заманғы ақпараттық тасқын мен технологиялық алаңдаушылықты «когнитивті құлдыраудың мінсіз дауылы» деп сипаттады. Бұл – миымыздың үнемі алаңдататын, үздіксіз жаңарған ақпаратқа бейімделіп, зейін мен есте сақтау қабілетінің әлсіреуіне әкелетін құбылысы.

 Салыстыру феномені және психологиялық қысым

Instagram – визуалды бейне мен сәндік образдардың алаңы. Көптеген жастар бұл желіде тек мінсіз сәттер мен жетістіктерді көріп, өзін басқалармен салыстырып, өзін төмен бағалай бастайды. Meta (Facebook) компаниясының 2021 жылғы ішкі есебінде Instagram-ды жиі қолданатын жасөспірім қыздардың 32 пайызы өз келбетіне көңілі толмайтынын және бұл сезімнің Instagram-пен тікелей байланысты екенін айтқан. Мұндай қысым жастарда өз-өзіне сенімсіздік, уайымшылдық сияқты мәселелерге себеп болуы мүмкін.

 Жасанды бейнелер мен тұлғалық дағдарыс

TikTok-тағы трендтер, фильтрлер мен челлендждер жастарды бір қалыпқа салуға тырысады. Бұл олардың шынайы болмысы мен даралығын жоғалту қаупін тудырады. Мамандар бұл құбылысты “цифрлық тұлғалық  дағдарыс” деп атайды. Жасөспірім өзінің кім екенін емес, желідегі бейнеге ұқсауға тырысып, тұлғалық дамуына кедергі келтіреді.

Оң ықпалы – шығармашылық, кәсіпкерлік және білім тарату алаңы

TikTok пен Instagram – қазіргі жастардың күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналған платформалар. Олардың әсері тек теріс емес, кейбір жағдайда оң ықпал да тигізіп отыр. Біріншіден, бұл желілер жастардың білімін толықтырып, өздерін дамытуына мүмкіндік береді. Мысалы, TikTok-та ҰБТ-ға дайындық, шет тілдерін үйрену, заң, қаржылық сауаттылық туралы қысқа, бірақ мазмұнды видеолар көптеп тарайды. Instagram-да да ұстаздар мен сарапшылар түрлі пайдалы кеңестер ұсынып, жастардың уақытын тиімді пайдалануға көмектесіп жүр.

Екіншіден, бұл платформалар шығармашылықты оятуға үлкен әсер етеді. Жастар ән айтып, би билеп, видео түсіріп, сурет салып, өз өнерлерін жариялау арқылы креативті қабілеттерін дамытады. Контент жасау барысында олар фото-видео өңдеу, мәтін жазу, монтаж жасау сияқты пайдалы техникалық дағдыларды да меңгереді.

Үшіншіден, TikTok пен Instagram – кәсіпке де жол ашатын алаң. Көптеген жастар әлеуметтік желі арқылы өз бизнесін бастап, жарнама жасап, қосымша табыс табуда. Мысалы, қолөнер бұйымдары, онлайн курстар немесе киім-кешек сатумен айналысатын жастар осы платформалар арқылы тұтынушылармен тікелей байланыс орната алады.

Сонымен қатар, бұл желілер арқылы жастар әлеуметтік мәселелерге назар аударып, белсенді азаматқа айналуда. Экология, денсаулық, білім, жастар құқығы сынды тақырыптар кең таралып, қоғамдық пікір қалыптастыруда үлкен рөл атқарады. Сонымен бірге, табысқа жеткен адамдардың мотивациялық оқиғалары мен өмірлік тәжірибелері жастарды шабыттандырып, алға ұмтылуға жетелейді. Демек, TikTok пен Instagram – дұрыс пайдаланылған жағдайда жастардың таным көкжиегін кеңейтетін, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын пайдалы құрал.

Қорытындылай келе, TikTok пен Instagram – қазіргі жастардың күнделікті өмірінің бөлінбес бөлігіне айналған әлеуметтік құбылыс. Олар жастардың санасына теріс те, оң да әсер етеді. Теріс әсерінен сақтану үшін медиасауаттылықты арттыру, ата-ана мен мұғалімдердің бақылауы, сондай-ақ саналы қолдану дағдыларын дамыту қажет. Ал оң мүмкіндіктерін тиімді пайдалану – шығармашыл, білімді және белсенді ұрпақ қалыптастырудың жолы.

АЛИЗАХ Ақниет,

                                                                                              Қарағанды қаласы, №59 ЖББМ 11- сынып оқушысы.

Жетекшісі: Сагындыкова Салтанат Санекеевна,

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Сурет:https://blog.rubrain.com/