Тіл құдіреті
Құлсары қаласындағы № 19 мектепте «Тіл құдіреті» атты кездесу кеші болып өтті. Оқушылар Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Республикалық жыр мүшайраларының жүлдегері, белгілі ақын Сәулеш Шәтеновамен жүздесті.
Мәдени-танымдық іш-шараның мақсаты: ақынның өмірі мен шығармашылы туралы толық мәлімет бере отырып, оқушылардың поэзияға, Отанға, тілге, мәдениетке, қазақ халқына деген сүйіспеншіліктерін арттыру.
Зал іші көрнекті етіп безендіріліп, тақырыптық слайд, шар, автордың кітаптары қойылған.
Жүргізуші: —Сәлеметсіздер ме, аяулы ұстаздар, қадірменді оқушылар! «Тіл- ұлттың жаны» — атты қазақ тілі, ағылшын тілі, орыс тілі бірлестіктерінің ұйымдастыруымен онкүндік өтуде. Сол онкүндіктің жоспары бойынша «Тіл құдіреті» бөлімінде елімізге танымал тұлғамен сұхбат жүргізуді жөн көрдік. Біздің қазақ елі киелі, ұлы тұлғаларға кенде емес. Солардың бірі — жүректерді жан жылуымен ерітіп, поэзия әлемінің биік шыңдарын өз еркіне бағындырып, қиялға қанат сермеген белгілі ақын Сәулеш Шәтенова апайымызбен сұхбатымызды бастаймыз. деректерге кезек берсек,- деді.
Бұдан соң слайд көрсетілді. Ақын Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ҚР Ақпарат саласының үздігі, республикалық жыр мүшайраларының жүлдегері. Шәтенова Сәулеш Тәжіқызы Жылыой ауданында дүниеге келген. Ол 1981 жылы Әл — Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне түсіп, оны 1986 жылы бітірді. Оның өлеңдері Қазақ поэзиясы антологиясыныі 100 томдығына енді. Сондай-ақ, Республикалық «Аудитория», «Қос ішек», аймақтық «Ақ шағала» «Жылыой қаламгерлері» жыр жинақтарына өлеңдері енді. «Сәулелі сәт», «Күн тозаңы», «Алыста қалған Ауғанстан» атты жеке жыр кітаптары шықты.
Кездесу қонағына «Ақындық жолыңыз қашан басталды?», «Осындай дара жолда табысқан, танысқан өзіңізге ұстаз болған, үлгі болған адамдар көп шығар? Өмірдегі ұстазым, өнердегі ұстазым деп кімді танисыз?», «Ақындықпен қатар журналист мамансыз, бұл мамандықтың қандай қызықтары мен қиындықтары бар?Ақындық пен журналист бір — бірімен үндесіп жатқан ұғым дейді, сіздің ойыңызша екеуін де қатар алып жүруге бола ма, әлде әрбіреуінің өзіндік қыр — сырын меңгеру керек пе?», — деген сынды көптеген сұрақтар қойылды. «Ақын қай кезде де ұлт жанашыры,тіл қорғаны іспеттес.Сонымен қатар журналистік тұрғыдан қарағанда қазіргі кезде мемлекеттік тіліміздің дәрежесі қандай деп ойлайсыз?» деген маңызды сауалдар да қойылды.
Кездесуде оқушылар Бағытжан Шахноза қаламгердің «Абай өлеңі»
Иван Арайлым «Жұлдыздар» деген өлеңдерін оқыды.
Кездесуді ұйысдастырған қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Тілеубергенова Алуа сөз алып, ақын шығармашылығы туралы әңгімеледі. Еркінқызы Көркем «Ерке сылқым» күйін орындады. Тіл мерекесіне орай 8-сынып оқушысы Серік Іңкәр Мағжан Жұмабаевтың «Қазақ тілі» өлеңін оқыды. Басқа да шәкірттер музыка аспаптарында ойнап, ақын өлеңдерін оқыды.
П. ЖАУЫНБАЙ,
Атырау облысы