Тіл — ұлттық болмыс пен рухтың негізі

«Ұлтқа қызмет ету – білімнен  емес, мінезден».

Әлихан Бөкейхан

Қазақ тілі – халқымыздың ұлы мұрасы, ұлттық болмысымыздың айнасы. Алайда бүгінгі  таңда кейбір қазақтар ана тілінде сөйлеуді ұят санап, өзге тілдерде сөйлеуді мәртебе көріп  жүр. Мұндай жағдай тек тілге деген немқұрайлылықты емес, ұлттық сананың әлсіреуін көрсетеді. Осы мәселеге терең үңілу – ұрпақ алдындағы жауапкершілік.

Тәуелсіздік алғаннан кейін де кейбір адамдар өз ана тілінде сөйлеуге қысылып, өзгелердің  алдында орысша не ағылшынша сөйлегенді «жақсы» деп қабылдай бастады. Бұған қоса, қазіргі жаһандану заманында ағылшын тілін білу қажеттілікке айналғаны рас.

Бірақ бұл қазақ тілінен бас тарту дегенді білдірмеуі керек. Қос тілділік – артықшылық, ал  ана тілін елемеу – ұлт болашағына қауіп.

Тіл – тек қарым-қатынас құралы емес, ол – ұлттық болмыс пен рухтың негізі. Қазақ тілін  меңгеру – ұлт алдындағы парыз. Мысалы, Әлихан Бөкейхан: «Ұлтқа қызмет ету – білімнен  емес, мінезден» деген. Ана тілінде сөйлемеу – тек білімнің емес, ұлттық намыстың  әлсіздігін көрсетеді.

Қазіргі кезде қазақ тілін қолдау мақсатында мемлекет тарапынан түрлі бағдарламалар  іске асырылып жатыр. Бірақ қоғамның өзі белсенділік танытпаса, бұл әрекеттер  жеткіліксіз. Әр азамат өз баласына қазақ тілін үйретіп, сол арқылы ұлттың болашағын  сақтайды.

Қазақ тілінде сөйлеу – ұят емес, мақтаныш. Бұл – ата-бабамыздан қалған аманат. Ана  тілін ұмыту – өз болмысыңнан айырылу деген сөз. Егер біз ұлттық тілімізді қолдамасақ,  ұрпағымыз ана тілінен алыстап, өзге мәдениеттердің көлеңкесінде қалады. Сондықтан әрбір қазақ ана тілін білуге, құрметтеуге және мақтан тұтуға міндетті.

САҒЫНДЫҚ  Зере,

Қарағанды қаласы, №59 ЖББМ 11-сынып оқушысы

Жетекшісі: Оразбаева Жанар Кенжебаевна,

қазақ тілі және әдебиет пәндерінің мұғалімі.

Сурет: https://yandex.kz/