Өткеннің жарасы жазылады – ау, алайда орны қалады

Имандылық иірімдері = Әңгіме =
Ауылдан түлеп ұшып, танымал болған тұлғаларды, кәсіпкерлерді, облыстық, республикалық деңгейде қызмет етіп келе жатқан адамдарды аудан әкімшілігіне шақырып, кеңес өткізілді. Солардың қатарында болған ол шетелде істеген қызметі кездеріндегі ауыл-аймақтың инфрақұрылымын цифрландыруға байланысты ойларын ортаға салды. Әрине, өзінің жаңа жобаларын іске асыру үшін инвестиция құю керек. Яғни, өзіне тиісті бірнеше ауылда құрылыс нысандарын жүргізу туралы айтқан ұсынысын көпшілік қабылдап, басқа тұлғаларда өз тараптарынан өзіне көмектесетіндерін айтып, жұмысшылар құрамын жасақтап штат ашу, жұмысшы қауыпсіздігінің сақталуы, айлық жалақысы мен жатақхана жабдықтары, оған қажетті бірнеше жатын вагондар, жұмысшыларды ыстық тамақпен қамту, азық-түлігі, жұмыс киімі, техникамен жабдықтау, техникалардың қосалқы бөлшектері, әр салаға қажетті құрылыс материалдарының шығындары есептелген соң, соған қарай, өзі ірі жобаға инвестор болатын болып келісіліп, жиналыстан шықты.
Келген қонақтарға арнайы ас әзірленіп, дастархан жайылғанын айтып жергілікті атқа қонарлар ең алдымен өзін шақырды. Әйтседе, мұның ойы дастарханда емес, ауылына келмегелі қанша уақыт өтті. Келіссөзі аяқтала сала анасының бейітіне барып, құран оқытуға ниеттенген. Сондықтан, көпшіліктен кешірім сұрап, мешітке келді. Қымбат көліктің тоқтағанын көрген имам мешіттің алдына шығып қарсы алды.
—Осы имамдар баяғыда анасының жаназасын шығаруға келмей, кешіккен соң, ақсақалдардың бірі жаназаны кешіктіруге болмайды. Жердің аманатын күн еңкемей жерге тапсыру керек деп, Құран оқып, анасының қандай адам екенін көпшіліктен сұрап, қарызы бар ма, бар болса кім өтейді деген сұрақтарды қойды. Сонда адамдардың бірі:
—Міне, ұлы бар, қыздары да бой жетіп келеді. Ертең ержеткенде, анасының қарызы болса төлейді, — дегені есінде. Содан әлгі ақсақал:
—Иә,иә, — дегені бар.
Анасының жаназасы шығарылып, тау бауырындағы жотаға жерленді. Қарындастарымен бейіт басына жиі, күнара десе де болады бара беретін. Қыс – көктем, жаз – күз демейтін. Қатты аязда анасына білген құранын оқып келмек болып еді, зиратқа барар жолды қар басып, көтеріле алмады. Ғайыптан пайда болды ма, бір ер адам атпен келіп, жөн сұрады.
—Ана деген ең қымбат, қайтып келмейтін жан ғой. Енді аналарыңа тыныштық беріңдер. Сендер қайта-қайта келе берсеңдер, о дүниеде тыныш жата алмайды, анау – у заңғар көктен сендерді көріп тұр. Әруағы қолдасын. Енді, балам, есің бар жігітсің ғой. Айт күндері, туылған, дүниеден өткен күндері келсеңдер болады. Қыз балаларға бейіт басына келуге болмайды дейді, — деп кішкентай екі қарындасын аттың алдына алып, өзін қамшысына ұстатып, биіктен түскендері бар. Сол адам шын адам ба, елес пе әлі күнге дейін біле алмады. Нағашыларына айтып еді, төңіректе мал жайып жүрген малшы ғой, сендерді көріп келіп көмектескен деді. Қалжыңбасы ол елес, енді өздерің жалғыз бармаңдар, елес сендерді алдап басқа жаққа алып кетсе, қайта алмайсыңдар, сендерді таба алмаймыз деп қорқытты.
Кейіннен жігіт болғанда молдалар қайтыс болған адамның кім екені, дәулеті қандай деп сұрайды екен дегенді естіді. Енді міне, дәулетті азаматтардың бірі болды. Оған қол жеткізу үшін қандай қиындықтар өткенін өзі біледі. Аллаға шүкір! Ел қатарына қосылды. Қызмет бабымен шетелге кеткенше тіпті түнде келіп, анасының бейітіне басын қойып, сырласатын. Көп нәрсе айтатын, анасы оны құптағандай елестейтін.
—Ассалаумағалайкум! Молдекең бар ма?-деді сипайы ғана.
—Уағалайсаламағалайкум, иә, айта беріңіз.
Молданы алып, зират басына келіп, анасына, осында Құран-кәрім дәметіп жатқан жандардың рухына бата жасап, кері қайтты. Молдекеңді жеткізіп салайын деп еді, келіп тұрған джипті меңзеді.
Сонымен екеуі де дөң басынан түсіп, бірінің соңынан бірі жүрді. Жаңа келе жатқанда байқамаса керек, бала кезден кейде күніне үш-төрт рет келетін дүкен жанынан өткен екен. Қазір дүкеннің есігінде қара құлпы тұр. Айналасында велосипедпен балалар топтасып тұр. Қарай қалғаны сол еді, бір ақсақалды келекетіп, басындағы тақиясын бір-біріне лақтырып, қария болса, әрқайсысына бір жүгіріп әлек болып жүр. Дереу көлікті тоқтатты. Қасындағы көмекшісі бірге түсейін деп еді, отыра бер деді.
—Бұл не қылған бетімен кеткен балалар? Ата-аналары осылай тәрбие берді ме? Өзі бала кезінде де топ бала дәл осылай әлімжеттік жасағаны бар. Сонда анасы арашаға түсетін. Әкесі отау иесі жасына келгенде, анасымен ажырасып, басқа отбасын құрды.
Көліктен түсе берген өзін көрген балалар великтеріне отыруға шамасы келмей тым-тырақай қаша жөнелді.
—Ақсақал, ассалаумағалайкум! – деп ұсынған қолын алуға арланған ақсақал балаша аяғымен жер сызып, басын көтермеді.
—Ақсақал, сіздің үйіңіз қайда? Қай жерде тұрасыз? Ақыл – есі дұрыс еместей көрінді. Іштей аяп кетті. Қалтасынан ақша шығарып ұсынып еді, ақсақал басын көтерместен теріс айналды. Өй – деп тастап кетсе де болар еді, бірақ бір сезім тартып тұрғандай айналшықтай берді. Ақсақал өзінің туған ұлы екенін көліктен түскенде-ақ таныды. Қаша жөнелгісі келді, әлгі жүгермектер қаулап алған соң, шыға алмады. Енді не істесем екен? Аты-жөнін сұрап еді, айтқыза алмады. Сонымен, бұл кісі туралы мәлімет алмақ болып, ауыл әкімшілігіне баратын болды. Көлігіне отырған соң, біраз жерге барып, кері бұрылып қарап еді, әлгі кісі жерге отыра кетіпті. Қайта келді. Адамның көзінен тануға болады деген сөзге таңданбасқа болмады. Өзінің әкесі. Әкем баяғыда үйленіп, бізді тастап, басқа облысқа кеткені қайда?
Әкемнің күйігінен анам ауруға ұшырады. Құр сүлдері қалғанша еңбек етіп ұл-қыздарын жеткізді. Анасы жұмыс талғамады. Сатушы да болды, колхоздың қара жұмысын да істеді, еден де жуды, малы бар үйлерден сүт жинап, қалаға апарып та сатты. Үйдің үлкені өзін үйлендірді. Өзі де отыз жылдан соң туған ауылына алғаш рет оралып тұр. Анасы мен балаларына істеген опасыздығын бетіне басып-басып айтып, жүре бергісі келді. Алайда, әкесінің аянышты түрін көріп, олай істей алмады.
—Мына ағайды әкеліп, көлікке отырғызыңдар, бірге алып кетеміз, — деді әкем еді деуге асықпай.
—Басеке, мынаның түрін қарасаңызшы. Моншаға бармағанына жүз жыл болған сияқты. Көліктің ішін сасытып жібереді ғой, -деді жүргізуші. —Жүргізушісі де бетперде бар ма еді? – деп қосарлана кетті көмекшісі.
—Жә, жігіттер! Әңгімені көбейтпеңдер, — деп зекіп тастады. Ана жігіттер амал жоқ ақсақалды қолтықтап әкеліп көлікке отырғызды. Белі қайтпаған кезде аналарымен ажырасып, алды-артына қарамай кеткенде, көп ұзамай осындай қайыршылық күнге қаламын деп ойламады. Сол ұлы үлкен азамат болып, өзін танып, әкесінің иттігін кешіріп, көлікке отырғызбақ болғанда, таныған соң қарсыласпады. Мына жиіркенішті, аш құрсақ күн көрістен құтқаратынына сенді.
Жол бойы кафе, асханалар қаптап тұр. Солардан тамақ алғызып, кең жолға шықты. Суы ағып жатқан табиғаты тамаша ағаштар қалың өскен жол жиегіне тоқтап, ақсақалға тамақ ұсынды. Қасындағылардың бұл кісіден жиіркеніп жатқанында айтпаса да біліп тұр.
—Босс, кім екенін сұрадыңыз ба? Үйінен қуып жіберген біреуді алып келе жатырмыз. Ертең әкемізді, не бауырымызды ұрлады, — деп полицияға арызданып, абыройыңызды түсіріп жүрмесін.
—Біз бұл кісіні ұрлап бара жатқан жоқпыз, қайта адами көмегімізді көрсетпекпіз. Біз қалаға жеткенше таң атады, жақсылап тамақтандырған соң әрі қарай не істеу керектігін ойланамыз, — деп өзі бәйек болып, ақсақалға қолын жуғызып, тамағын ішкізіп, суын беріп, тіпті өзінің ресми жиналыстардан соң киетін спорт киімдерін кигізіп, оның ескі киімдерін қапқа салғызып, қоқысқа тастауын бұйырды.
—Киімдерінің қалтасында құжаттары, керек заттары кетіп қалмасын, — деген соң, көмекшілері мұрындарын қолмен жапқандай болып, басшысының айтқандарын істеді.
—Құжаты да, көк тиыны да жоқ екен.
Өзінің өткен өмірі, ұлының мына қамқорлығы жүрегін босатып жібергені сонша, ақсақал дауыстап жылап қоя берді.
—Мына аферист шал, таза әртіс екен. Өзін осы жерде тастап кетпесін деп мүсәпір бола қалды.
—Қой, олай демейік. Алдымызда не күтіп тұрғанын білмейміз. Біздің шеф өте мейірбан ғой, осындай талай адамдарға қамқорлық жасап жатыр. Күз қыр астында, далад үсіп, не аштан өлетін еді, ішінде тілегі орындалып, біздің басекеңе жолыққанын қарашы. Қарттай үйінде жағдай бар ғой.
—Айтпа деймін. Осы кісі ақсақал, қарт аналардың қол жайып отырғандарын көрсе, жаны ашып кетеді. Солармен сөйлесіп, қолдарына ақша береді
—Негізі қайырымдылық – асыл қасиеттер қорғаны дейді ғой. Мен осыны түсінбеймін. Бұл кісілердің балалары жоқ па? Неге қарамайды? Әлде әдейі осылай тер сасыған жаман киімді кигізіп, алақан жайғызып ақша тапсын деп әр жерге отырғызып қоя ма? Миым жетпейді. Әйтеуір, оңай ақша, жақындарының жаны қиналып, маңдай терлетіп еңбек етпейді.
—Қой, өз күнәлары өзіне. Мына ағайдың балалары, ешкімі жоқ болса, қарттар үйінде болар еді. Бұл кісілерді де тексереді ғой. Учаскелік полиция, жергілікті әкімшіліктің бұндай адамдарды көрмеуі мүмкін емес.
Көмекшілері бір – біріне сұрақ қойып, жауабын таппай жатқанда ақсақал әлденіп алды. Көзінде үрейді байқаған ол қарияны жұбатып, уақытша қарттар үйінде тұра тұратынын айтқанда, қария үнсіз қалды.
Осы әкесі басқа әйелмен кетіп қалғанда шиеттей еді. Үйдің үлкені болғандықтан анасын, бауырларын қорғаштап талай сөз естіді, адамдар қорқытты, күш те көрсетті. Мазақтауын да, намысына тиюді де қоймады. Соған қарамастан, мектепте сабақты жақсы оқыды. Кейбір мұғалімдер де мектепішілік шараларға қоспайтын. «Киімің дұрыс емес, аяқ киімің…» осындай сылтаулар айтатын. Іштей жаны күйзелсе де, білдіртпеуге тырысатын. Тек жүрегіндегі от-жалынын лаулап, тез есейіп, жоғары оқу орнына түсіп, тізгінді өз қолына алғысы келді. Жалғызбасты әйел, күйеуі тастап кеткен әйелдің баласының өскенін, ел қатарына қосылғанын, бауырларын ешкімнен кем қылмай, бәрінің де жоғары білім алып, кешегі жүгірмектердің ел қамын жейтін азамат болғанын армандайтын. Арманы орындалды. Оған жету оңай болмады. Күндіз сабақтан соң үйдің бүкіл шаруасын өзі атқарды. Анасы күні бойы жұмыста. Тамақ та пісіретін. Мұны білген көрші балалар «Қыздар сияқты тамақ пісіріп, ыдық-аяқ жуады», — сынып ішінде дабыра қылатын.
Бауырларына анасының орнына ана, әкесіндей қамқор болуға тырысты. Ешкімнің сөзін елемеді. Нағашыларына да ештеңе айтпайтын. Олар да барымен бөлісіп, қап-қап ұнын, мал сойып етін әкеліп тастайтын. Арасында өздерін киіндіретін. Кешкілік мал жайып жүрсе, жол бойындағы шөпті қызғанатын көршілер болатын. Әсіресе, бір дөкей үйінің айналасын тас қамал етіп қоршап алған. Дуалдың айналасындағы жасыл шөпке мал жайылса, үйден жүгіріп шығып, тілдейтін. Амандасып, қолын берсе, «Иди, иди», — деп қазақ баласы бүлдіршінді қуатын. Одан қалса, әйелі шығып, «Көзіңді жоғалт, қойың дуалдың айналасын былғады», — деп бірталай сөз айтатын.
—Я, Алла! Сол адамдар қайда екен? Мал тапқанға мастанып, адам танымайтын. Келесі де ауданға барғанда арнайы іздеп тауып сәлем-сауқат сұрамаққа ниеттенді.
Өзін шыңдаған осындай жайттар. Тіпті мектеп бітіргенде мұғалімдердің өзі «Сенің блатың жоқ. Шешең жалғыз жұмыс істеп сені оқыта алмайды. Заңгердің оқуына байлардың, барлардың балалары ғана түседі. Сен ауылда қара жұмыс істеп, сырттай оқы», — дегендері де санасында әлі күнге сайрап тұр. Ұстаздарының айтқанын қолына аттестат алғанда түсінбеді. «Жарлының қолдаушысы Жаратқан» болып, мектеп бітіре сала өте жоғары балл алып, еліміздегі іргелі жоғары оқу орнының студенті атанды. Кейіннен ауылға келгенде, мұның жетістігін естіген әлгі ұстаздары алдынан шыққанда:
—Міне! Жарайсың! Мен білгем сенің ҚазҰУ түсетініңді, — дегенде мырс еткен. Мұның барлығы өмір екенін есейе келе түсінді.
Ойлар тізбектеле қарттар үйіне келіп, қарияны тапсырды. Толық мәліметі дәлелденсе, өз үйіне апарады. Сол үшін заңды ресми құжаттармен айналысып, біткенше әкесін осында қалдырды. Қария да басын изеп, ризашылығын білдірді. Әкесінің ұлы туралы не ойлағаны, ұлының отбасына алатынын әкесі түсінбеді…
—Мен сенің әкеңмін ғой, — деуге талай оқталды. Әйтседе, азаматтың намысы жібермеді. Не дейді? Екінші отбасын құрды. Бірақ, балалы болмады. Әйелінің ұл-қызын бауырына басты. Жұмыс істеп, күнде уыстап ақшаны үстелдің үстіне лақтырғанда, олар да «әкелеп» берген ақшасын емін-еркін жұмсады. Әйелі де жер-көкке сыйғызбай мақтады. Бір жақсысы қолынан келмейтіні жоқ, бесаспап еді. Соның арқасында ұстатпайтын маман болды. Дәнекерлеу, құрылыс, көлік жөндеу, ошақ салу, электр жұмыстарын оқымаса да, өздігінен үйреніп алған. Кейіннен техникум бітіріп, дипломымен бірқатар мекемеде жұмыс істеді. Көлік сатып алды, үй салды. Бірақ, артымда шырылдап қалған бес баланың қамын ойламады. Әкесінің туыстары анасын кіналады.
—Сен бауырымызға дұрыс қарамадың. Жақсы әйелден еркек ешқашан кетпейді, — деп үйді де бөліске салмақ болды. Абырой болғанда, үй балаларының анасына мұраға қалдырылғандықтан бөле алмады.
—Әкемнің бауырлары не деген пасық адамдар. Әй, соларды да бір аралап көрейінші, — деді.
Айналасында жақсы адамдардың көп болғанына келе – келе көзі жетіп отыр. Мектеп директоры. Кейбір мұғалімдер мұның бағасын кемітіп қойды. Кейбірі мұның ынтасын басып тастайтын. Директор үнемі мектепішілік жиындарда барлық оқушылардың алдына шығарып, мақтайтын. Сол кезде сондай үрдіс бар еді. Сабаққа қатыспайтын, сабақтан қашатын, бұзақылық жасайтын ер балаларды қаздай тізіп қойып, ұрсатын. Сондай кездерде директор ылғи өзін ортаға шығарып, «Әй, мына балалар, басқалары саған тиіссе, маған айт» — дейтін. Осы сөзді естігенде, бір марқайып қалатын. Іні-қарындастары да сабақты жақсы оқып, мектеп бітіріп жоғары оқу орнына түсті. Арасында екі-үш жыл жұмыс істеп, өндірістікт жолдамамен қалаған оқу орнына түсті. Бүгінде, ешқайсысы аналар айтқандай, қоңыз теріп кеткен жоқ.
Ойы. Заңды түрде құжаты анықталғанша, осында біраз тұрып жөнге келсін дегені. Балаларына – ұл-қыздары, келіндері мен күйеубалаларына «Мына ауылда қалған әкемді тауып алдым» — деп қалай айтады. Араласпай кеткен соң, әкесінің бар-жоғын іздестірмеді де, өйткені басқа балалары бар деп ойлады. Үйге келген соң, болған жайтты әйеліне айтып, мән-жайды түсіндірді.
—Сіз дұрыс істепсіз. Қарттар үйінде құжат анықталғанша өзіне келіп, жақсарып қалар. Балалар мен немерелеріміз «Атамыз!»-деп мақтан тұтып айтатын дәрежеге жетер, — деді.
—Ондай адамды неге үйге жолатамыз? Ертең ішіп кетіп, рәсуамызды шығарса қайтеміз?-дегенді күтіп еді балаларының анасынан. Мына сөзін естіп, марқайып қалды. Әйелі біреудің бағып-қаққан ерке қызы. Өмірі қиыншылық көрмей өскен. Өзге қатарластарынан кеш үйленсе де, барлық жағдайын жасап үлгерген еді. Өзінің материалдық жағдайын ескеріп, қаншама қыздар тұрмысқа шыққысы келген. Алайда, олардың көрсеқызыарлығы, мүліктік қызығушылығын бірден байқайтын. Болашық отағасын ақылына, еңбекқорлығына, адамдармен сыйласа алатын, айналасындағы жандарға мейірімділік танытатын қасиетін емес, байлығын ойлайтын қыздар, бұл бар дүниенің ертең аяқ астынан көз сүріндірмей жоқ болып кетеді-ау, сол себепті күпірлікке, босқа мал шашуға болмайтынын ескермейтіні ұнамайтын. Осы балаларының анасының шынайылығы өзін баурап алған. Ата-анасы май шелпектің үстінде отырса да жақсы тәлім беріп, тәрбиелеген. Жастық шақта қыдырып қалу керек деген жігіттерден емес-тін. Қыздар бас қоса қалғанда, жігітті өзіне қарату үшін ішімдікті көп сілтейтіні де, өзінің шыққан тегіне қарамай адамды алалайтыны да, тіпті жай отырғанның өзінде айналасындағы адамдардың киген киіміне, балаларын ертіп көшеде, демалыс орындарында қыдырып жүргендерін көргенде кемсітіп, «ауылдан келген бейшарашкалар» дейтінін де естіді. Өзі ешкімді бөліп жармады. Ала сөмке көтеріп белі бүгілгеніне қарамай қалаға келіп, сауда жасап жүрген аналарды көргенде, өз анасы көз алдына келетін. Ал, бүгінгі балаларының анасы болса, мейірімді жан, ешбір адамды түріне, киіміне қарап жиіркенген емес. Ұл-қыздарын да көпшіл етіп тәрбиелеп келеді. Қазір немерелеріне ұлттық салт-дәстүрлерімізді көрсетіп, ұлттық құндылықтарымызды сақтауды, Ана тілімізді құрметтеуді үйретуден жалықпауда. Балалары үйде бас қосқанда:
—Балалар, бүгін толдым деп асқақтамаңдар, ертең не боларын бір Алла ғана біледі,- құлағына құйып отырады.
Дәулеті тасып тұрса да, қарапайымдылығы мен имандылығын жоғалтпағаны сол, «Қайдағы қаңғыбасты әкем деп үйге әкелмексің бе? Балаларға, туыстарға, көршілерге не дейміз?», — деп қарсылық танытса одан аттап әкесін үйге әкелу жоқ еді. Сол қарттар үйінде қала беретін еді.
—Әкесі, Құдайдың жақсысылығын айтсаңызшы, әйтеуір ауданда өтетін жиналыс себеп болып, атамды кездестіргеніңізді кинода ғана құрастыратын оқиға ғой. Сөйтіп, көшеде жүріп кетсе ешкімі жоқ деп жалпы бейітке көме салатын еді. Кім біледі жаназасы шығарыла ма, жоқ па. Сіз де өте сауапты іс істедіңіз. Балаларға өзім айтамын. Алдымен ДНК сараптама нәтижесі шықсын, құжаты дайын болсын, содан дастархан жайып қарсы алайық. Қонақ бөлменің жанындағы балаларға арналған бөлмені келер алдында дайындаймын. Ас үйге барса да, далаға шықса да ыңғайлы. Үйімізде тілекшіміз болып, бата беретін қарияның болғаны қандай мәртебе, — дегенін естігенде нағыз ескерткіш қоятын Домалақ ананың өзі ме дерсің…
Араға бірнеше ай салып, немерелерінің атасы қолына құжатын алып, қарттар үйіндегі жаңадан тапқан достарымен қоштасып, ұлының үлкен шаңырағына келді. Қарттармен сырласып, әңгіме айтып, шер тарқасып қалып еді.
Ұлы келіп, өзін алып кетеді дегенді ойына да алмаған еді. Көптің ортасына әкеліп, адам қатарына келгеніне шүкір деп отырған. Медбике өзін директордың бөлмесіне алып келді. Сонда ұлымен қайта қауышты. Ұлының өзінен асып түскеніне риза болды. Шиттей балаларын тастап кеткенде, «Мен балаларымды тастап кетсем, бұлар қалай күн көреді? Кімге жалынып, кімнің есігінде жүреді?» — деп ойламау келмеді санасына. Кеткенше асықты. Сол үшін әйеліне талай қол көтерді. Ауыр таяқтан әйелі апталап үйден шыға алмады. Сонда да балаларым не жеп жатыр. Аштық өзегіне түсіп кетпеді ме екен демеді. Анасына араша түскен осы ұлын, басқа балаларын талай итеріп тастап, қатты құлап шыңғырып жылап жатқанда қайырылмай шығып кеткен. Осы күпірлігі үшін ар алдында жазасын тартты. Үлкен еркектерден есінен танғанша таяқ жеді, балалардың келекесіне айналды. Енді өткенді ойлап өкінгенмен, қайта сол күндерге оралу жоқ.
Ұлының шаңырағына келген соң басқа ұл-қыздары жиналып келіп, әкесіне сәлем берді. Әкелерінің өздерінен бұрын анасына деген қиянатын кешірді.
—Тағдыр не деген қатал. Әке, анамыз тірі болса, екеуің қатар отырар едіңіздер. Анамызды алған ауру емес, күйік қой, — деп балалары қатты егілді. Балаларына қарсы айтар сөзі жоқ, мөлтілдеген жасы көзінен еріксіз шығып жатты. Иә, жанын жеген өкініштің жасы болса керек…
Ж.Кучукова,
ҚР Мәдениет қайраткері.
Сурет: Әсет Әссандидің фб парақшасынан