Туған жер тағылымы – рухани жаңғыру бастауы

Туған жер – әр адамның жүрегіндегі ең қасиетті ұғым. Оның тарихын білу, өткенін тану – әрбір ұрпақтың міндеті. Осы мақсатта мектебімізде оқушыларға арналған ерекше тағылымды кездесу өтті.

Кездесудің қадірлі қонақтары – Бақытгүл Қасенбайқызы мен Дәулет Телбайтегі оқушыларға  шынайы рухани азық сыйлады. Апамыз Бақытгүл Қасенбайқызы құр қол келмей, арнайы сыйлықтарын ала келіп, балаларға үлкен қуаныш сыйлады. Ал Дәулет Телбайтегі – экономика ғылымдарының докторы, академик, журналист ретінде өзінің бай тәжірибесімен бөлісіп, мектебімізге кітаптар мен газет-журналдарды тарту етті.

Қонақтарымыз ауылымыздың терең тарихына тоқталып, бұрын көп айтыла бермейтін тың деректерді ортаға салды. Олар бізге қазақ екенімізді мақтан тұту керектігін ерекше атап өтті. Біз – сонау үйсін елінің ұрпағы, Жетісу жерін мекендеген халық екеніміз үлкен мәртебе екені айтылды.

Әсіресе, Дәулет ағамыздың өз аузымен айтқан тарихи әңгімелері оқушыларға ерекше әсер етті. Ол кісі батырларымыздың ерлігі жайлы сөз қозғап, Шағаман батырдың бала кезінен-ақ қайсар, өжет болғанын айтып берді. Сонымен қатар, ел ішінде даналығымен танылған Бөлтірік атамыз туралы және халықтың қорғаны болған Райымбек батырдың ерліктерін де ерекше тебіреніспен жеткізді. Бұл әңгімелер оқушылардың жүрегіне рух беріп, өткенге деген құрметін арттырды.

Дәулет Телбайтегі сондай-ақ Мәскеудегі бірнеше ірі кітапханаларды аралап, бұрын беймәлім болып келген құпия деректермен танысқанын айтты. Сол деректердің өзінде қазақ халқының бар екені, оның жеке ұлт ретінде мойындалғаны көрсетілген. Бұл – біздің тарихымыздың тереңдігін дәлелдейтін маңызды жайт.

Кездесу барысында тарихи тұлғаларға қатысты құнды дүниелер де ұсынылды. Дәулет ағамыз Бөлтірік атамыздың суреттері мен кітабын алып келіп, оны оқушыларға таныстырды. Мұндай мұралар – ұлттық сананы қалыптастыратын баға жетпес қазына.

Кездесу оқушылар үшін үлкен рухани сабақ болды. Туған жердің тарихын білу, оны құрметтеу, өз ұлтыңмен мақтану – әрбір жастың бойында болуы тиіс қасиет екені анық сезілді.

Сөз соңында, осындай тағылымды кездесу өткізіп, бізге рухани күш сыйлаған Бақытгүл Қасенбайқызы мен Дәулет Телбайтегіне шын жүректен алғысымызды білдіреміз. Олардың әрбір сөзі – санамызда сақталып, болашаққа бағыт беретін құнды мұра.

Туған жер – біздің тамырымыз. Ал оны құрметтеу – әрқайсымыздың парызымыз.

Айзат БАҚБЕРГЕН,

Алматы облысы, Кеген  ауданы,

Ұ.Бағаев атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы.

Республикалық «Farabi  shakirti» журналы

мен  www.farabishakirti.kz  желілік басылым сайтының   Жас  тілшісі