Уәсила Мағауияқызының естелігі

Уәсила ұлы ақының Ділдадан туған төрт ұлының бірі Мағауияның қызы. 1890 жылы туып, 1954 жылы дүниеден өткен. Абайдың қолында өскен, тәрбиесін көрген. Абайтанушы – ғалымдар бұл тұлға жайлы бірауыздан «Уәсила жас кезінде атасына еліктеп өлең шығарған, ұлы ақынның барлық шығармаларын жатқа білген» дейді. Жарықтық атасы Уәсиланың зеректігіне риза болып, көзі тірісінде қолжазбасын сыйға тартқан екен. Кейін осы жазбаны Уәсила заңғар жазушы Мұхтар Әуезовке табыстапты. Сонымен қатар, қазіргі таңда Абай музейі қорында тұрған ақынның күміс белбеуін де көзінің қарашығындай сақтап, музейге тапсырған да осы апамыз екен.

Бұл кісі тоқтыру жылдары, яғни совет заманында Алматыдағы опера және балет театрында ұзақ жыл тігінші болған. Яғни, ұлттық сахналық қойылымдардың киімін тіккен. Әсіресе, 1940 жылдар аяғында түсірілген «Абай» киносы мен спектакльдің киім үлгілерін тігуге қатысқан.

Бұл кісінің атасы туралы жазған естеліктері Орталық ғылыми кітапхана қорында (Қ.599) тұр. Ондағы анықтамалықта мәтінді Уәсила апамыздың аузынан І.Матақов деген адам жазып алған делініпті. Осы естеліктің бір парасы 2013 жылы жарық көрген «Бабалар сөзі» атты көптомдықтың 96-шы томында жарияланса, тағы бір үзінділері ұлы ақының туғанына 100 жыл толған тұста «Абайдың балажандығы» деген атпен «Социалистік Қазақстан» газетінің 1945 жылғы 15 тамыз күнгі №168 санына жарияланыпты.

Біз жоғарыдағы мәтіндерді салыстыра отырып, түпнұсқаға  өзгеріс енгізбей, шағын тәпсірмен жинақталған нұсқасын портал оқырмандарына ұсынып отырмыз.

Уәсила ұлы ақының Ділдадан туған төрт ұлының бірі Мағауияның қызы. 1890 жылы туып, 1954 жылы дүниеден өткен. Абайдың қолында өскен, тәрбиесін көрген. Абайтанушы – ғалымдар бұл тұлға жайлы бірауыздан «Уәсила жас кезінде атасына еліктеп өлең шығарған, ұлы ақынның барлық шығармаларын жатқа білген» дейді. Жарықтық атасы Уәсиланың зеректігіне риза болып, көзі тірісінде қолжазбасын сыйға тартқан екен. Кейін осы жазбаны Уәсила заңғар жазушы Мұхтар Әуезовке табыстапты. Сонымен қатар, қазіргі таңда Абай музейі қорында тұрған ақынның күміс белбеуін де көзінің қарашығындай сақтап, музейге тапсырған да осы апамыз екен.

Бұл кісі тоқтыру жылдары, яғни совет заманында Алматыдағы опера және балет театрында ұзақ жыл тігінші болған. Яғни, ұлттық сахналық қойылымдардың киімін тіккен. Әсіресе, 1940 жылдар аяғында түсірілген «Абай» киносы мен спектакльдің киім үлгілерін тігуге қатысқан.

Бұл кісінің атасы туралы жазған естеліктері Орталық ғылыми кітапхана қорында (Қ.599) тұр. Ондағы анықтамалықта мәтінді Уәсила апамыздың аузынан І.Матақов деген адам жазып алған делініпті. Осы естеліктің бір парасы 2013 жылы жарық көрген «Бабалар сөзі» атты көптомдықтың 96-шы томында жарияланса, тағы бір үзінділері ұлы ақының туғанына 100 жыл толған тұста «Абайдың балажандығы» деген атпен «Социалистік Қазақстан» газетінің 1945 жылғы 15 тамыз күнгі №168 санына жарияланыпты.

Біз жоғарыдағы мәтіндерді салыстыра отырып, түпнұсқаға  өзгеріс енгізбей, шағын тәпсірмен жинақталған нұсқасын портал оқырмандарына ұсынып оты – Мен Абайдың Мағауия деген ұлынан тудым. Бір жасқа жетер жетпес мені әкем Абай (тобықты елінің ішінде қалыптасқан дәстүр бойынша балалары мен немерелері атасы Абайды «әке» деп атаған) асыралып алып бәйбішесі Ділданың бауырына берген екен. Осыдан кейін мен өзімді «Абайдың баласымын» дейтін болдым. Әкемде «менің балам» деп еркелетті. Әкем өлгенде мен 13 жаста едім. Алайда әкемнің түр-түсі, отырыс-тұрысы бізге айтқан ақыл-өсиеті бәрі-бәрі әлі күнге дейін көз алдымда, — деп бастапты Уәсила апамыз «Социалистік Қазақстан» газетінің 1945 жылғы 15 тамыз күнгі санында жарияланған естелігінде. – Жазды күні әкем (Абайды айтады) американ дейтін көзелден кебіс, мәсі киетін, қара драптан шалбар киетін, ақ репестен бешпент, желетке киетін, басына тақия, оның сыртынан дөңгелек елтірі бөрік киетін. Атқа мінгенде мәлескеннен шапан киетін, жағасын барқытпен қайыратын. Тобықты еліне көп таралған осы қайырма жаға шапан еді. Үйде отырғанда көйлек-дамбалмен отыратын, көйлек, дамбалы ақ жолақ жібек болатын. Шымқай ақ көйлек кимейтін. Қысты күні саптама етік, шалбар бешпент, желетке сыртынан мәуітімен тыстаған түлкі ішік, түлкі тымақ киетін. Ауылда жүргенде әдемі сары тон киетін. Жағасына, айнала етегіне қара құлын терісін ұстайтын.

****Ауыл көшетін күні әкем ұраңқайға жататын (үш қанатты шағын қос, ерте қазақтар жорыққа немесе ұзақ сапарға шыққанда алып жүрген Б.Қ.). Ел жүкті артып болғанда тұрып шайын ішіп, тамақтанып, атқа мінетін. ұраңқайды тез жығып, түйеге артып, көштен бұрын апарып қондырып, тігіп қоятын. Әкем көштен бұрын озып келіп, ұраңқайға түсіп жайланатын. Балалары да, ауыл адамдары әкем үйіне келіп түсіп, тамақ ішіп жайланатын.

Сол кезде басқа үйлер де тігіліп болатын. Әкемнің ұраңқайын тігетін, қызметін істейтін кішкене Оразалы деген жігіт пен Башей көршісінің әйелі еді. Қазірде Башейдің әйелі, балалары Шыңғыстау ауылында «Бидайық» колхозында тұрды.

****Әкем балаларын жеті-сегіз жастан кейін оқытатын. Ол кезде қазақ тілінде оқитын кітап жоқ. Әкем «Қазақша оқымаған баланың ойы, дүниетануы кемсін болады» деп, көп айтып жүрді. Әлі есімде, бір күні біздің оқып отырған үйге әкем келді. Әдеттегідей бәріміз орындарымыздан тұрдық. Әкем:

– Отырыңдар, — деді. Біз отырып жайласқан соң молдаға қарап:

– Балаларға мына бір кітап әкелдім. Осыны көшіріп, көбейтіп, бала басына бірден таратып бер. Бүгіннен бастап осы кітапты қоса оқыт! — деді.

Біз қуанып кеттік. Әкем кеткен соң молда әлгі кітапты алды да, бас жағын оқыды. Қолжазба кітап екен. Біз бұл кітапты көшіріп алып, оқи бастадық. Басқа кітаптарға көңіл бөлмейтін болдық. Өйткені бұл кітаптың тілі ұғынықты, сөзі түсінікті болды. Кейін білдім, осы кітап әкемнің «Ғақлия» атты қарасөзбен жазылған шығармасы екен. Бұл кітапты басқа ауылдың молдалары да көшіріп, алып өздері оқытып жатқан балаларға оқытты.

****Әкем балалардың оқып, білім алуына көңілін жиі бөліп отыратын. Біз сабақтан шыққанда не өз үйіне шақырып алып, не ортамызға келіп әңгіме айтатын, әңгімесі өте қызықты болатын. Тыңдауға жалықпаушы едік. Әңгімесінің көбі өзіміз естімеген, білмеген атақты адамдардың өмірі, ісі жөнінде болатын. Орыстың Пушкин, Лермонтов деген ақындарының атын тұңғыш рет тоғыз жасымда әкемнің ауызынан естідім.

Әкем әңгімені өте қысқа айтатын және «ұғып алыңдар, ұқпағандарыңды сұрап алыңдар» деп айтып отыратын. Әкемнің әңгімесінің қызықтылығы, түсініктілігі сондай – біз бір естігенімізді ұмытпаушы едік. Егер бір бала әкемнің әңгіме айтқан күнінде болмай, ести алмай қалса, әкем ол баланы келесі бір күні шақыртып алып, біздің біреуімізге: «кешегі естіген әңгімені мынаған айт!» деп айтқызып, өзі тыңдайтын еді. Сондықтан біз әкемнің ауызынан естіген сөзді бұлжытпай ұғуға міндетті сияқты едік.

****Әкем балалардың сұрауларына қолма-қол жауап беретін. Ол балаларға өте кішіпейіл еді. Кейде біздің кішкентай болымсыз сұрауларымызға да зор мағына беріп, талдап түсіндіретін. Жігітек дейтін елде Қорамжан дейтін кісі болды. Қорамжан тілге шешен, айтқыш кісі екен. Өзі кедей еді, ұрлық істейді екен. Бір күні әкем Қорамжанды шақыртып алды. Қорамжан сәлем беріп, кіріп келді. Үйде кісі көп болды.

– Абай аға, сіз шақырған соң келдім, — деді Қорамжан. Әкем Қорамжанға қадала қарап қалды, үйдегілер де Қорамжанға қарады. Аздан соң әкем:

– Сенен бір нәрсе сұрайын деп шақырдым. Бересің бе? — деді. Абыржып қалған Қорамжан:

– Алыңыз, алыңыз, — дей берді. «Жалғыз атынан басқа түгі жоқ Қорамжаннан не сұрайды екен?» деп басқалар таңырқағандай болды. Әкем Қорамжан нан көзін айырмай қарап отырды да:

– Маған ұрлығыңды берші, — деді. Қорамжан төмен қарап кетті де:

– Жоқшылықтан ғой, Абай аға. Аштан өліп, көштен қалмаспын, — деді.

– Ой, шіркін, осы елде сенен басқа кедей жоқ па? Сол кедейлердің бәрі бірдей ұры ма? Онан да бала күннен алған тәрбие, үлгім еді десеңші. Қазір осы ауылдан үш-төрт түйе ал да, үйіңді көшіріп кел. Ұрлыққа қош айтысып кел! — деді.

Сол күні Қорамжан көшіп келді. Ол ұрлықты мүлдем қойды да, ел сөзіне араласып, қабырғалы, инабатты адам болып кетті. Әкем Қорамжанды талай-талай дауға, ел арасының бітімі не жұмсады. Біздің ауылға келген соң Қорамжан ұры атағынан құтылып, адам деген атаққа ие болды.

****Бір күні ауыл көшіп, қонып жатыр еді. Біз Қорамжанның үйінің жанында ойнап жүр едік. Қорамжанның бір келіні үйдің бауын «байла» деудің орнына «жапсыр» деді. «Бірдеме түсіп қалып еді» деудің орнына «қонып қалды» деді. Біз өзіміз естімеген жаңа сөздерге таңдандық. Кешке естігенімізді әкеме келіп айттық. Әкем былай деді:

– Бір адамның, не бір заттың өзін әйелдердің қайнағасына, не атасының, не сол елдің бір үлкен адамының атымен аттас болса, сонда ол адамды, не сол заттың атын атамайды да, жалған ат қойып алады. Мысалы, үлкен атам Құнанбайды халық «тәте» деп атаған. Кеңгірбай биді «Қабеке» деп атаған. Жас әйелдердің «әтиім», «сылқым», «ортаншым», «тетелес», «кішкентай», «төрежан» деп қайындарына, аталарына жалған ат қойып алуы да сол ғұрыптан шыққан, әдепті болудан шыққан.

Ал Қорамжанның келіні «бауды байла» деудің орнына «жапсыр» дегені, «түсіп қалды» дегеннің орнына «қонып қалды» дегені бұл әдепті болудан, үлкен-кішіні сыйлаудан, келіншек болғандықтан, ата-аналардың атын атаудан ұялғандықтан шыққан емес. Олар «Жігітек» дейтін ел болады. Жігітектің ұрылары көп болады. Сондықтан олар ұрлыққа аттанғанда артында қалғандары тілеуін тілеп отырады. Ұры қолға түсіп қалды деген—жаман сөз. Сондықтан «түсіп қалды» десек, аттанған ұрыларымыз «түсіп қалады» деп «қонып қалды» деп сөйлейді. Ұрыны қолға түссе, байлап қояды. Сондықтан байлау деудің орнына «жапсыр» дейді. Олар мұны ырым қып айтады. Міне, содан Қорамжанның келіні жаттығып, дағдыланып кеткен сөзін айтып жүр. Енді ол ондай сөзді айтпайды. Ұрлыққа аттанбайды және ұрлық істейтін ұрылармен көрші болмайды. Сендер балаларын өздеріңе жақын тартып, оқуға шақырыңдар, тату болыңдар! — деді.

Қай бала екені есімде жоқ, бір бала отырып:

– Қорамжанның Қатба деген баласы таз екен. Маңына барсақ, басынан ірің ағып тұрады, — деп жиіркенгенін айтты. Әкем әлгі балаға қарады да:

– Қазір Қатбаны шақырып кел! — деді. Қатба бойшаң, көзі үлкен, қатқан қара сирақ бала еді. Басынан бөркі қалмаушы еді. Сөйлегенде тілі мен ернін жалап, жылпылдап сөйлеуші еді. Ол қол қусырып сәлем беріп, үйге кіріп келді де, босағаға тұра қалды. Әкем:

– Сен кімнің баласысың? — деді.

– Қорамжанның баласымын, — деді.

– Атың кім?

– Атым – Қатба.

– Неге Қатба деп қойған? — деді әкем.

– Қайдан білейін, туғанда арық, нашар болып қатып туыппын, содан Қатба дей салыпты, — деді бала ұялыңқырап. Әкем қасына шақырып алды да:

–Бала күн ми қайнаған ыстықта бөркіңді неге тастамайсың? — деп еді, бала екі қолымен бөркін баса беріп:

– Басым ауырады, — деп есікке қарай жалтақтады. Әкем жылы шыраймен:

– Қорықпа, балам, сенің бөркіңді ешкім алмайды. Басың қашаннан бері ауырады? Қотыр түскелі көп болды ма? — деп сұрады. Бөркін біреу жұлып алып, басының тазын көріп, жұрт күледі екен деп қысылып отырған Қатба «бөркіңді ешкім ал майды» деген соң бойы кеңіп қалды.

– Өзім есімді жаңа-жаңа білген кезде басыма қотыр түсті,-деп жауап берді. Қатбаға қымыз, бауырсақ бергізді. Содан кейін:

– Балалармен ойнап жүре бер, ұялма, —  деді. Артынан әкем Семейге жүрді, өзімен бірге Қатбаны да ала кетті. Қатба қалада екі айдай жатты. Әкем қайтып келді. Біз:

– Қатба қайда? – дегенімізде:

– Қатба қалада оқып жүр, — деп күліп қойды. Сол жылы күзді күні Қатба қаладан келгенде басы құлан таза болып жазылып келді. Және ол бөріксіз, жалаңбас жүретін болды. Сол Қатба кейіннен әкемнің жақсы көрген адамының бірі боп кетті. Адал, таза, бір сөзді, пысық жігіт еді. Қатба Шыңғыстау ауданындағы «Бидайық» колхозында тұрады.

Әкем еркек балалармен қабат әйел балаларын да оқытатын. Күлбадан деген кенже қызын Семей қаласында орысша оқуға жіберді. Үш жылдай оқыды. Бірақ ағайын, туғандар: «Абай еркек балаларымен бірге қызын да шоқындырып жүр» деп неше түрлі өсек таратты. Оған әкем көңіл бөлген жоқ. Елдің сөзі Мағаш ағама қатты батты. Үш жылдан кейін Мағаш ағам оқуға барарда Күлбаданды ертпей, тастап кетті. Әкеме:

– Балаң сабақты жөндеп оқи алмай жүр, өзі ұқпайды. Маған бөгет болды, — деді. Бұл оқиға әкеме бір үлкен қайғы болып жабысты.

****Әкем көбінесе таңертең ерте тұрып, жазу жазып, не кітап оқып отырушы еді. Түнде қонақтар мен үй адамдары жатқан соң өзі жеке отырып оқитын, не жазатын. Біз әкем ыңғай хат жазып отыра ма, болмаса Құран оқып отыра ма деп таңданушы едік. Кейіннен білдік, әкем өлең жазады екен, әрі кітап оқиды екен. Үйде қонақ көп болса, не бір жаңалықты хабар болса, ондай уақытта кітап та оқымайтын, жазу да жазбайтын. Қызмет уақытында өте тыныштықты жақсы көретін.

Март (көктем) айы туып, қар кете бастағанда, киіз үй тіккізіп, жылы күні түскі тамақты киіз үйде отырып ішетін. Әкемнің бір ғадеті күнде түскі тамақтан кейін екі сағат мөлшері жатып ұйықтап, демалатын. Бірақ ұзақ жол жүрсе де, түнде көп отырып, ерте тұрса да, шаршадым деп, не әңгімеге, не жұмысқа ерінбейтін еді. Және қонаққа, жолаушыға ренжіген пенде емес еді. Кісі де босатпайтын, сонда да қонақтың, кісінің көп келгенін жақсы көретін, әсіресе сый кісі, ақын, әнші, күйші, өнерлі, құсбегі, үйші, ұста, ертекші келсе, бір жасап, масайрап қалатын. Мен ес білгенімде қаракесек Мауқай ақын, әнші, күйші Мұқа, әнші Мұқаметжан (туысқаны), әнші Әлмағамбеттер қасында көп болды.

****Мен әкемнің өлімін еске алғанда, еріксіз көзіме жас келеді. Жүрегім елжіреп кетеді. Әлденеге бойым тітіркенеді. Расында әкем өлген жыл біздің ауылда өте ауыр жыл болды. Біз жылаудан көз аша алмадық. «Ой, бауырымнан» құлағымыз ашылмады. Біз бір жылда үш үлкен өлім көрдік.

Менің 13 жасар күнім еді. Ауыл қорадан (Ақшоқыдан) көшіп, Есіркеміс деген жерге қонды. Әкемнің ең сүйікті баласы менің туған әкем Мағауия көптен ауру еді. Сарылған аурудың, сарғайған жүзінің қайғысы әкемді де, басқа балаларды да жүдетіп еді. Ақыры айналдырған ауру Мағашты (Мағауияны) алды. Бұл өлім бәріміздің қабырғамызға батты. Мағаштың жетісін берген соң ауыл көшті. Ауыл көшкен күні еркек-әйелдің бәрі бейіт басына барды, жылады, сықтады.

Әкем өзінің жолдасы Баймағамбет екеуі бейіт басында қалыпты. Түс ауа ауыл қонған соң әкем келді. Ол кісінің өңі қашып, әлсіреп келді. Келісімен жатып қалды. Сол күннен бастап сөз бен әңгімесі азайды. Кітап оқи берді. Ауыл үдере көшіп сыртқа (жайлауға) шықты. «Қырық ошақ» деген жерге көшіп қонды. Мағаш ағамның қырқы толған жоқ еді, бірақ әкем асықтырып, елге хабар айтқызды да, қырқын үш күн бұрын бергізді.

Қырқын беріп, елдің алды тарап, арты тарамай тұрып біз әкем ауырып жатыр деп естідік те, үлкен үйге бардық. Барсақ, үйдің ортасынан үлкен төсек салып, соған жатқызыпты. Әкемнің көзі жұмулы екен. Біз барған соң көзін ашып, сөйлемек болып еді, сөйлей алмады. Сол күні көрші Дағанды болысындағы Бөжей дейтін қазақ докторын әкеліп еді. Ол бір дәрі берді. Дәріні әкем ішпеймін деген ишарамен басын шайқады.

Үш күн ауырып, Мағаш өліміне қырық күн толған күні таң ата дүниеден қайтты. Әкем өлген соң біздің жарқырап тұрған күніміз сөнгендей болды. Амал не, жылау үстіне жылау болып, шулап қала бердік. Әкемнің артын да қалған жөн білетін естияр баласы Ақылбай мен Тұрағұл еді. Олардың да иығы түсіп кетті. Ауылдың шаруасын, елдің сөзін Кәкітай деген інісі басқарды. Елдің үлкен адамдары жиналды. Абай бір ғана тобықтының Абайы емес, бүкіл қазақ халқының Абайы еді. Сондықтан Абайдың қырқын Семей қаласына апарып береміз. Халықтың көпшілігі қатынассын деп байласты сөзді.

Ел бауырға түсе қырық арба қымыз, қырдан бие алып Семейге барды. Естуімше Семейде бір үлкен мешіттің ішінде күндіз көп адам шақырып, қырқын беріпті. Дәл сол күні түнде сағат 12:00 де Абайдың артында қалған Ақылбай деген баласы төсекке жатысымен қаза тауыпты.

Ақыл ағам өлген күні ел жаман қысылыпты. «Апырай, Абайдың өзі бас болып, арасына 40 күн салып өлетін болды ғой» депті. Бұл үш өлім елді өте күйзелтті. Міне, біздің ауылдың басына түскен үш өлім осындай еді. Әкемнің өлгені жанға сонда батты.

Әсіресе әкемнің бір сөзі есіме түседі. Мағаш (Мағауия) өлгенде алты бала қалдық, ең үлкені мен едім. Бірақ мен әкемнің баласы болып кеткемін. Мағаштың өліміне басы әкемнің өзі болып егіліп отырғанда, біздің дәтіміз шыдай ма, бүкіл балалар жылап, жатып алдық. Бір күні әкем шақырады деген соң келдім.

– Сен кімнің баласысың? — деді. Мен:

– Сіздің балаңызбын, — дедім.

– Менің балам болсаң, Мағаш өлді, жетім қалдым деп жылама, мен тірі тұрғанда жетімдік көрмейсің. Мен өлген күні ғана жетім боласың, жылағанмен, келмейді. Өзің жүдеп кетіпсің, — деді.

Әрине, әкем тіріде жетім болады екеміз деп ойлағанымыз жоқ. Мағашты қимағандықтан жыладық. Сорымыз қайнап әкем өліп қалды. Енді жетімдіктің торына қамалдық. Бір күні өзімді тәрбиелеген үлкен шешемнің (Ділда Алшынбайқызын айтады (1843-1924) қасында отырып әкемнің өзін есіме түсіріп былай деп жыладым:

Мұндай да ажал көрдің бе,

Тонаудан бір күн тынбаған.

Мендей де ғаріп бар ма екен,

Бақытының оты жанбаған.

Қызықты дәурен, өмір жоқ,

Дүние болды тар маған.

Сізсіз де маған жарық жоқ,

Өзгеге мейірім қанбаған.

Артында қалдық көп жетім,

Арманда болып зарлаған…

                                                                        Автор: Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

https://e-history.kz