Уақыт жүйрік, оған ілесе білмесең кеш қаласың
Уақыт – адам қадірлейтін игіліктердің бірі. Уақыт – адам өмірінің өлшемі. Үлкендер бір күнінің өткеніне өкінген. Өкініші – көп нәрсені атқарып үлгермегені. Уақытты үнемді пайдалануды бала кезден дұрыс жоспарлау қажет деп білемін. Мектеп жасындағы оқушылар уақытының көп бөлігін білім алуға жұмсайды. Сол уақыттың өзін мейлінше тиімді пайдалана білген абзал. Оқулық пен ұстаздың өткізген дәрісімен шектеліп қалмай, жаңа дүниелерді игеріп, ізденуге жұмсай білсе, оқушылық өмірінің текке кетпегені. Сабақтан тыс уақытта ата-анасын қуантуға арнағаны дұрыс. Бәріміздің ата-анамыз жұмыста. Ерте кетіп, кеш келеді. Ауылдық жерде мал бағып, егін егеді. Негізінен мал ұстайды.
Қолымыздан келгенше ата-анамызға үй шаруасына көмектессек, олар бір марқайып қалады. Біздің ата-анамыздың балалық шағы туралы тыңдасақ, олардың кейбірінің ойын ойнауға уақыты болмаған. Әкелеріміз өзінің әкелеріне мал жайғауға көмектессе қыс айларында, жазғы демалыс кезінде малдың шөбін дайындаған. Жұмыс істеп, қолғабыс еткен. Аналарымыз да ааналарына үй шаруасына көмектескен. Ас әзірлеген. Бүгінгі дүкен сөрелеріндегі тәтті тоқаштарды үйде қолдан пісірген. Өздеріне киім тоқып, киген. Үй шаруасындағы жұмыстардың барлығын қолмен атқарған.
Бүгін, бұл айтылған жұмыстардың барлығы автоматтандырылған. Сондықтан, біздерде жалқаулық басым. Ауылдық жерлерде де адамдар өз өмірін қаладағыдай жүйеге көшіріп алуда. Қол еңбегі өте аз пайдаланылады. Біздің уақытымыз телефонда өтуде. Телефондағы ақпараттардың пайдасы да, зияны да бар. Пайдалы нәрсеге көп ұмтылғанымыз орынды. Жас ұрпақтың пайдалы ісі – бар уақытын білімге жұмсау. Тек оқып қана қоймай, білгеніңді жадыңда сақтап, өзге құрбыларыңмен бөлісу. Бала жастан өзіңнің бейіміңді байқап, қабілетіңе қарай іс істеу. Алтынға баланған уақытыңды қабілетіңді шыңдауға жұмсауға дағдылану. Әрі бастаған ісіңнен нәтиже шығаруға ұмтылуға үйрену керек.
«Уақыт жүйрік», «Қамшының сабындай қысқа ғұмыр» — дегенді жиі естимін. Жүйрік уақыт тізбегінде талай адамдардың ғұмыры өтті. Заман ілгерілеген сайын адам ойына келмеген жаңалықтардың куәсіміз. Уақыт ағымында әр адам өз еншісін алуға міндетті. Біздің еншіміз – мектеп жасындағы уақытымызды пайдалы істерге жұмсап, қалаған мамандығымызды таңдау. Мектеп бітірген соң, сол мамандық бойынша жоғары оқу орнының студенті атану. Бакалавр дипломын алған соң, кәсіби біліктілігімізді арттыру үшін магистр дәрежесін алу. Одан кейін мамандық бойынша еңбекке араласып, жемісін көруге талпыну. Міне, осы аралықта да қаншама уақыт зымырап өте шығады.
«Бір жылдығыңды ойласаң – егін сал,
он жылдығыңды ойласаң – ағаш ек,
жүз жылдығыңды ойласаң – балаңды тәрбиеле», — деген екен шығыс ғұламасы. Біздер ғұлама айтқан даналықтың бір жылын, он жылы мен жүз жылын да ойлайтын ұрпақ болу – парызымыз. Адамның өмірі уақытпен өлшенеді, уақыт сағат, күн, апта, айлармен саналады. Адам ғұмырына берілген уақытты өкінбестей өткізу үшін әр сағатымыз бен күнімізде атқарылатын ісімізді жоспарлай білсек, өмірімізді текке өткізбейміз деп білемін. Өйткені, уақыт кері бұрылмайды. Уақыттың қадірін білейік, бағалайық!
Аружан ДҮЙСЕНБЕКОВА,
Абай облысы, Абай ауданы,
«Ш.Тоқжігітов атындағы мектебі» КММ
10- сынып оқушысы
Жетекшісі: ДӘРІБАЕВ Дихан Жақсыгелдіұлы
Сурет: all-aforizmy.ru