XXI ғасыр — технология мен ақпарат тасқынының дәуірі

  Заманауи білім беру: тұлғаны   дамыту ма, әлде стандартты қалыпқа салу ма?

Қазіргі қоғамда білім беру тек пәндік білімді жетілдіру ғана емес, тұлғаны қалыптастырудың, әлеуметтендірудің, өмірге бейімдеудің негізгі тетігіне айналып отыр. Дегенмен, бір маңызды сұрақ туындайды: бүгінгі заманауи білім беру жүйесі шынымен жеке тұлғаны дамытуға бағытталған ба, әлде оқушыны бір стандартты қалыпқа салуға тырысатын жүйеге айналып бара ма?

Бүгінгі таңда Қазақстанда білім беру саласында түрлі реформалар жүріп жатыр. Жаңартылған білім мазмұны енгізілді, критериалды бағалау жүйесі орнады, үш тілде білім беру, цифрлық технологияларды қолдану сынды бағыттар қолға алынды. Мұның барлығы — заманауи оқушыны әлемдік талаптарға сай тәрбиелеудің талпынысы. Бұл өзгеріс қазақ жастары үшін болашаққа сенімді қадам жасаудың алды болмақ. Алайда, кейбір тәжірибе көрсеткендей, кейде бұл реформалар тұлғаның тұлғалық сипатын дамытуға емес, белгілі бір “стандарттағы” адамды тәрбиелеуге бағытталып кетеді. Оқушының шығармашылық қабілеті мен сыни ойлауына емес, тест нәтижесі мен баға көрсеткішіне мән берілетін сәттер аз емес. Мұндай жағдайда білім — ізденіс емес, міндетке, бағаға айналып, оқушының табиғи және рухани қызығушылығы бәсеңдейді. Демек, заманауи білім берудің басты мақсаттарының бірі тұлғаның өзін-өзі табуына жағдай жасауы керек.

Бүгінде әлемдік тәжірибе де осы бағытты ұстануда. Финляндия, Сингапур, Канада сияқты елдерде оқушылардың эмоциялық интеллектісі, ынтымақтастық дағдысы, жеке шешім қабылдау қабілеті басты назарда. Олар үшін білім – жарыс емес, өзін-өзі дамыту,өзі үшін оқу жолы.

Ал біздің білім жүйемізде бұл бағыт енді ғана қалыптасып келеді. Бір жағынан стандарт қажет — ол білім сапасын бақылап, барлық оқушыға тең мүмкіндік береді. Бірақ екінші жағынан, тым қатаң стандарттар шығармашылық еркіндікті тежейді. Сондықтан нағыз заманауи мектеп — теңдікке қол жеткізе алған мектеп: бір мезгілде стандартты ұстана отырып, тұлғалық дамуға да жол ашуы қажет.

Білім – қоғамның айнасы. Егер білім жүйесі еркін ойлайтын, жаңашыл, жауапкершілігі бар тұлға қалыптастырса, ол қоғам да дамиды. Ал егер білім тек тест пен балл жүйесіне байланып қалса, онда біз стандартты тұлғалар ұрпағын өсіреміз.

Сондықтан заманауи білім берудің басты ұстанымы -адамның жандүниесін түсіну, оның қабілетін ашу, өзіндік пікірін қалыптастыру болуы тиіс. Өйткені нағыз білім — тұлғаны қалыптастыратын емес, тұлғаны ашатын күш болуы керек.

ШАЙДАРБЕКОВА Айғаным,

Алматы қаласы, Абай атындағы  РММИ

11 «В» сынып оқушысы,

                                             Жетекшісі: ТӨЛЕУЖАН  Жансая  Санатқызы.

Басты сурет:https://farabi.university/