«Қызға – жеті өнер де аз»

«Әнге әуес, күйге құмар бала – жаны сұлу, өмірге ғашық болып келеді», — дейді халқымыз. Ал жаны сұлу қыз – ұлттың үміті, елдің мақтанышы. Өнер — жүректің сыры, жанның тілі, ал қыз баланың бойындағы өнер — оның сұлулығын, парасатын, тәрбиесін, талғамын көрсететін ең биік қасиет. Мен – өнерді жүрекпен сүйетін сондай қыздардың бірімін.
Музыка – менің жанымның тілі.
Баршаңызға сәлем!
Менің атым- Арипбек Балнұр Ғалымжанқызы.
Мен кішкентайымнан өнерге ерекше жақын болып өстім. Домбыраны алғаш рет Әкемнің қолдауымен 4-ші сыныпта қолға алып, әлі сол жолмен келе жатырмын. Сол күннен бастап өнер менің өмірлік серігіме айналды. Домбыра мен басқа да музыкалық аспаптарды жаным сүйіп, өте жақсы көремін.
Бастауыш сыныпты үздік бітіріп, 9-шы сыныпты қызыл аттестатпен аяқтадым. Қазір 11-ші сыныптың үздік оқушысы, алтын белгі иегерімін. Жақында мектепті тәмамдап, мәртебелі түлек атанамын.
Осы 11 жыл бойы мектептегі және музыка мектебіндегі белсенділігім мен еңбегім арқасында өз ортамда танылып, әртүрлі іс-шараларда өнерімді паш еттім.
«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» дегендей, талмай еңбектеніп, алға ұмтылып келе жатырмын.
Өзімнің жетістіктерімді айта кететін болсам:
Түркістан қаласында өткен Республикалық жарыстан Оркестрмен барып 1-ші орын алып, жеңімпаз ретінде бір аптаға Туркияға жолдама және ақшалай сыйлықпен марапатталдық. Бұл жетістік біз үшін үлкен мәртебе әрі өнер жолындағы маңызды белес болды.
Аталған жолдама аясында мен Түркияның Стамбул қаласында
ұйымдастырылған iPEK YOLU Cocurlar Festivali атты Халықаралық фестивальге қатысуға мүмкіндік алдым. Осы халықаралық сахнада өнер көрсеттім. Күмбірлеген күйімді орындау арқылы Стамбул қаласындағы кәсіби музыканттарды тәнті етіп, олардың жоғары бағасын иелендім.
Нәтижесінде, фестивальдің бас жүлдесін иеленіп, одан әрі Дубай қаласында өтетін халықаралық шараға жолдама алдым. Бұл үлкен жеңіс мен үшін ғана емес, бүкіл
ұжымымыздың қажырлы еңбегінің жемісі болып табылады.
Менің алдағы мақсатым – өнерімді одан әрі шыңдап, еліміздің мәдениетін халықаралық деңгейде абыроймен таныту және өнер саласындағы жетістіктерімді арттыру.
Сонымен қатар, мен аудандық «Төлеби Ару» атты байқаудан 1-ші орын иегері атандым. Бұл байқауда 15 қыз бақ сынады, ал мен олардың арасынан жеңіп шықтым. Өз өнеріммен әділқазы алқаларын ерекше тәнті ете білдім.
1-ші орын алуымның басты себебі — домбырамен ән шырқап, тыңдармандар мен әділқазылардың жүрегін жаулап алуым болды. Бұл жетістік менің өнерге деген құштарлығым мен қажырлы еңбегімнің нәтижесі деп білемін.
Түркістан мен Шымкент қалаларында өткен жарыстарға ансамбльмен қатысып, бас жүлде мен 1-ші орындар жеңіп алып, мектебіміздің үмітін ақтадық. Бұл жетістіктеріміз бізге үлкен ынта мен жігер беріп, одан әрі өнерімізді дамытуға мотивация.
Бұл жетістік менің өнерге деген шексіз сүйіспеншілігім мен тынымсыз еңбегімнің нәтижесі деп санаймын.
«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» — деген халқымыздың нақыл сөзі мені әрдайым алға жетеледі. Менің арманым — өнерімді одан әрі дамыту арқылы қазақ елімнің музыкалық аспаптырын әлемге таныту.
Мен кішкентайымнан өнерге, әсіресе домбыра мен музыкалық аспаптарға қатты қызығушылық танытып өстім.
Бұл менің отбасымның өнерге деген сүйіспеншілігімен тығыз байланысты. Біздің үйде өнерді жоғары бағалайды, сол себепті мен де ерте жастан өнерге бейім болдым. «Өнер алды – қызыл тіл» дегендей, өнер арқылы өз ойымды, сезімімді жеткізе білуге үйрендім.
Әрдайым өзімді жетілдіруге тырысамын және бұл жолда ешқашан тоқтауға ниетім жоқ.
Өнер – бұл менің өмірімнің ажырамас бөлігі. Ол мені рухани байытып, айналамдағы адамдарға қуаныш сыйлауға мүмкіндік береді. Сондықтан болар, мен өзімнің өнеріммен мектеп пен қоғамда белсендімін, әрбір іс-шарада жанымды салып қатысамын.
Мен — өнерді жаныммен сүйетін қызбын. Домбыра шертіп, күй тартып, ән айтып, би билеуді ұнатамын. Өнер — менің қанымда бар. «Өнерліге өріс кең» — демекші, мен үшін бұл — тек хобби емес, өмірлік бағыт. Белсенділік пен талпыныс — менің серігім.
Мен — қазақтың қара домбырасын серік еткен, ән мен күйге жанын арнаған қызбын. Би арқылы ішкі жан дүниемді жеткіземін, ал өнер арқылы өз жолымды табамын. Әрбір жетістігім — еңбектің, махаббаттың және табандылықтың жемісі. Мен өз болашағымды өнермен байланыстырамын, себебі бұл — менің жүрек қалауым.
«Қосан Мамытов мектебі»,
Түркістан облысы, Төле би ауданы, Зертас ауылы
Шығармашылық жетекшісі:
ТЛЕГЕНОВА Алтынай Шарипханкызы





