Қызылордада жасөспірімді соққыға жыққан 5 оқушы полицияға жеткізілді
2023 жылғы 8 сәуір, 19:34
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат — Қызылорда облысында жасөспірімді ұрып-соққан 5 оқушы анықталып, аудандық полиция бөліміне жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әлеуметтік желіде жасөспірімді белгісіз азаматтардың ұрып-соғып жатқаны жөнінде бейнекөрініс жарияланған еді.
Осы мақсатта Қазалы аудандық полиция бөлімі қосымша тексеру және әлеуметтік желілерде мониторинг жүргізді.
Нәтижесінде, бейнероликте көрсетілген кәмелетке толмағанды ұрып-соққан адамдар анықталған.
«Бұл бойынша Қазалы ауданы полиция бөлімінің сотқа дейiнгi тергеп тексерудің біріңғай тізіліміне ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабының 2-бөлігімен (бұзақылық) іс тіркелді. Тергеу жүріп жатыр. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Күдіктілер полиция бөліміне жеткізілді», — деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінен.
Қазалы ауданының әкімдігі төбелеске қатысты анықтау шаралары жүргізілгенін хабарлады.
«Кәмелетке толмаған баланы жабылып соққыға жыққан Әйтеке би кентіндегі №266 мектеп-лицейдің 5 оқушысы екені белгілі болды. Олар 7 сәуірде аудандық полиция бөліміне жеткізілді. Қазір соққыға жығылған бала ауруханада ем қабылдап жатыр. Жағдайы бірқалыпты», — деп мәлім етті аудан әкімдігінен.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада оқушылар төбелесіп, біреуі пышақ жарақатын алған еді.