Жүректе жүрер Жұмабай

«Айқын» ақпарат
Гүлзина БЕКТАС
Жұмабай Шаштайұлы туралы өткен шақпен естелік жазу ауыр. Қаламгер қазақ әдебиетінің көркем ой көкжиегін кеңейткен, сөздің салмағы мен сезімнің тереңін қатар ұстай білген жан еді. Көркем сөздің кестесін ғана кестелеп қойған жоқ, қазақ журналистикасының да тізгінін ұстап, публицистикаға да ерекше леп берді.
Жұмабай Шаштайұлы адам жанының иірімдерін, тағдыр мен уақыттың тайталасын ұлттық болмыстың нәзік қырларын шынайы да шымыр бейнеледі. Оның прозасы мен публицистикасында жасандылық жоқ, өмірдің өзінен алған кейіпкерлері бар және жазушының ішкі жан дүниесін көрсететін шынайы болмысы бар.
«Бауырмал еді Жұмабай»
Астанадағы академиялық кітапханада жазушының 75 жылдығына орай төрт томдық шығармалар жинағының тұсаукесері өтті. Тұсаукесерге қаламгердің үзеңгілес достары, әріптестері, шәкірттері жиналды. Жұмабай Шаштайұлы туралы әдемі естеліктер, сәулелі сәттері туралы толғаныстар шертілді. Жазушының ешкімге ұқсамайтын мінезі, адамгершілік келбеті, ұстаздық қыры туралы толғанды жиылған қауым.
Кештің тізгінін ұстаған белгілі ғалым, профессор Айгүл Ісмақова аға-досы туралы ойларын ортаға салды.
«Өмірде бірін-бірі бауырлықпен түсінетін шынайы достық болады. Бірақ достар көп болмайды. Менің жақын достарым оң қолымның саусақтарындай ғана. Бұлар – жаны таза, достыққа берік, адал адамдар. Солардың бірегейі – Жұмабай Шаштайұлы еді» дейді ғалым. Ол жазушыны аға-дос санағанын, өмірде өзіне ұстаз болғанын да жасырмады. Мәскеуде оқыған, орыстілді ғалымды қазақшаға жақындатқан да Жұмабай Шаштайұлы екенін айтады. Алғаш мақаласын «Жалын» журналына орыс тілінде апарады. Сонда күлімсіреп қана үн қатқан қаламгер Айгүл Ісмақованы осылайша қазақы ортаға жақындатқанын өзі де байқамаған шығар. Есесіне, жақсы дос, адал аға тапты.
«Бірер жылдан кейін мен істейтін Әдебиет теориясы бөліміне Гүлзия Пірәлі жұмысқа келді. Гүлзия Жұмабай екеуі кезінде «Лениншіл жаста» қызметтес болған екен. Бір-екі рет қонақта кездестік. Жұмабай Мәскеудегі әдеби орта туралы сұрады, олардың әдеби басылымдарындағы сол кездегі мықты сыншыларды оқитынына көзім жетті», – дейді А.Ісмақова. Ғалым 1987 жылы институтқа жаңа басшы болып келген Шериаздан Елеукеновтің бір ғылыми кеңесте жазықсыз сынға ұшыраған жас жазушы Жұмабай Шаштайұлы туралы айтқанын еске түсірді. Сол естелігінде жазушының «Қызыл қар» романы сол кездегі мемлекет басшысының ресми баяндамасында «коммунистік жетістігімізді сынап, дұрыс көрсетпеген шығарма» деп сынға ұшырапты. Кейін білгеніміздей, Д.Қонаев біреулер жазып берген сөзді оқып берген екен. Жұмабай Шаштайұлы туралы ғалым: «Ол өмір бойы жазушылық жолына қолдау білдіріп, батасын берген Рымғали Нұрғали мен Шериаздан Елеукеновті ұстаздары ретінде ерекше құрметтеп өтті. Өз айтуы бойынша, Қонаевтың баяндамасынан кейін жазушы репрессияға түскендей хал кешкен. Бұл оқиға жазушының кейінгі өмірінде де сақ болуына әсер етіпті» дейді.
Жұмыс бабымен Айгүл Ісмақова Астанаға ауысқанда да бір-бірінен хабар үзбеген. Бірақ ғалымның айтуынша, кейінгі уақытта шығармашылық жұмысына байланысты хабар алмасу тоқтапты. «Наурыздың 12-сінде таңертең сабаққа шығып бара жатқанда Болат Мүрсәлімнен қоңырау келді. Аға досымның дүниеден өткенін осылай естідім. Хабарды естігеннен кейін Жұмабайдың Алматыға ірі дәрігерлік ортаға жетпей, ауылда қалып қойғанына қатты өкіндім» деді ол.
«Бақытты жазушы»
Жазушы Қуаныш Жиенбай әңгімесін басқосудың ерекшелігінен бастады. Жазушы айтқан ерекшелік – Жұмабайдың сан қырлы қаламгерлік шеберлігі, туабітті адамгершілік асыл қасиеті және ешкімге ұқсамайтын турашыл мінез-құлқы жайлы толағай ойлар бүкпесіз ортаға салынуы. «Жүкең ғайыптан тіріліп келгендей, баяғы емен-жарқын ақтарылып күлетін күлкісімен тура жанымызда отырғандай сезім құшағында отырдық…» дейді ол.
Жазушының естелігінен Шаштайұлы қайда жүрмесін ана сүтімен бойына дарыған тазалыққа қылаудай кір жұқтырмаған жан, өзі басқарған жылдары газеттері елдің қошеметіне бөленген абыройлы азамат болғанын білдік. Бірақ өзі-өзіне көңілі толмай, өзімен-өзі іштей арпалысып жүретіндігін сырттай аңғарған сол жолдас-шәкірттері. Жұмабек Шаштайұлының осы қыры жазушы естелігінің «дәмін» келтірді.
«Қарауындағы кейбір жас журналистердің берген тапсырмасын тап-тұйнақтай орындаудың орнына, күлдібадам бір нәрсені домбаздап алдына тастай салғанына жүзі сұрланып, өзімен-өзі күйіп-пісіп отырған сәттерін де байқап жүретінбіз. «Жүке, осы саған не керек, осы да жүйке жұқартатын мәселе ме, одан «Қаламгерге» түсіп, аздап тамақ жібітейік» дегенімізге бастапқыда ыңғай танытқанымен, бәрібір өз пайым-түсінігінің шеңберінен көпке дейін шыға алмай, өзімен-өзі «бұрқырап» жүретін. «Қазақ әдебиеті» мынадай-мынадай қоғамдық мәселелер мен әдебиет төңірегіндегі проблемаларды барынша әділдікпен жазып жатыр…» деген көңілжықпас қыстырма сөзімізді жаратпағандай: «Біздің түбімізге өстіп өтірік мақтау жетіп жүр ғой» деп бір иығын қиқаң еткізетін. Сонда менің есіме соғыстан бір қолын беріп, елге шолақ боп оралған «Аспанқорадағы» Атан түсер еді. Атан – жазушы Жұмабай Шаштайұлының нағыз дер шағындағы шеберлігінен туған қазақ әдебиетіндегі келісті кейіпкер», – дейді Қуаныш Жиенбай.
Ол «Аспанқора» повесі талай-талай ауыздары дуалы әдебиетшілер мен сыншылар қауымының басты объектісіне айналғанын айтып, кітап оқитын қауымның болашақта да көздеріне түсер деген үмітті арқалап жүргенін айтады. Әкесіне еріп, бір кезде өзі де мектеп бітірісімен қойшы болған Жұмабай Шаштайұлы малшылар өмірінің ұңғыл-шұңғылын қолмен ұстағандай жақсы біледі. Ал жазушылық шеберлігі өз жолына. Қуаныш Жиенбай Атан мен Ханымкүл арасындағы қарым-қатынас шым-шытырық оқиғаға тұздық болмаса да, жазушы осы бір линияны шыншылдықпен әрі шеберлікпен оқушысын сендіре білгенін айтып, шығарма туралы азды-көпті сөз қозғады. Айтуынша, «Қараторының әдемісі Ханымкүл қарақаттай тұнық, күлім көзі жайнаң қағып, кісінің ынтықтығын құртады», дегенмен Атанмен дәм-тұзы жарасып, ұзақ уақыт ерлі-зайыпты ғұмыр кеше алмайды. Атанның күні-түні жанын жеген бір уайымы бар, ол – кіндігінен туған баласының жоқтығы. Бұл – негізі әр пенденің басында болатын жайт, бірақ Атанның үнемі жүрегін жаралаған қайғы-шерін жан баласына айтпастан, дәп бір төрт құбыласы тең адамша өмір сүруге тырысып бағуы; онысын рабайда жалғыздан-жалғыз Аспанқораның аспанмен иықтасқан шыңдарына шыққан мезетте «шағымын» туған табиғатқа ақтара салуы да – шығармашыл адамның қолына сирек түсетін олжа. Кейін Атан бөтен бір отбасына пенде болған Ханымкүлдің бесік тербетіп отырғанын көргенде қызғаныштан ба, әлде бала туғыза алмаған өзінің осалдығына налығаны ма, әйтеуір, адам төзгісіз алапат сезімге берілуі есте ұзақ сақталатын штрих.
«Бір сыншы бауырымыздың Шаштайұлы шығармашылығына талдау жасағанда: «Оның кейіпкерлерінің қасы мен көзінің тірі организмге айналып, ойнақшып тұратындығын былай қойғанда, бетіндегі әжім іздеріне дейін үнемі қозғалыста болады» дегені бар еді. Соған бір мысал: «Атанның жанарының ұясынан ұйықтап жатқан жылан бас көтеріп алғандай кісі баласы сескенетін сұс сезілді. Пышақпен сылығандай жақ еттері түтігін, қушық маңдайы оқшаулана тырысып, дөңес мұрны қоңқайып, кескіні өзгеше өрескел бұзылып кетті. Бетіндегі шешек дағы сұр жүзіне қорғасын түстес уыт беріп, дәл бір шалт қимылға көшетіндей қуқыл тартты…». Мұндай суреттерді Жұмабайдың кез келген туындысынан кездестіруге болады. Қаншама қиындыққа душар болса да, Аспанқорасынан алыстамаған Атан кейін «моңғол кескінді, бүйрек бетті, қысыңқы көзді, дөңгеленген дембелше бітімінде әлденеден тосырқау мен жүрексіну бар» Қаламқаспен отау құрады. Қаламқас пен Атанның аз күнгі ғұмырындағы түсіністікке ішің жылиды, повестің тез аяқталып қалғанына өкінесің, әрине. Атан ана дүниеге аттанарда көңілі ерекше асып-таспаса да, бір қараға тұяқ іліктіргендей пейіл танытады. Қаламқастың «аяғым ауыр, екіқабатпын» деген жүрекжарды ақырғы сөзін естігенде, Атанның қандай күйге түскендігін сезіну үшін, сірә, қырық беттен аспайтын шығарманы тағы бір оқып шығуға тура келер. Иә, Шаштайұлы шығармашылық әлеуетінде мұндай олжалар көп-ақ», – деп пайымдады ол.
«Аспанқораны» оқыған ұстазы Рымғали Нұрғалиев «Көп жазба, осындай он шығарма жазсаң жетеді» деп кеңес беруінде біраз мән жатыр: шәкіртіне ризашылығы һәм көпіртіп көп жазудың мұратқа жеткізбейтіндігі.
Қуаныш Жиенбай бүгінде жұрт әдеби дүниені зейін қойып оқудан гөрі ауа жайылып, сан түрлі әлеуметтік желі, тик-ток дейтін «құбыжықтарға» мықтап әуес болып алғанына ашынатынын жеткізді. Сөйтіп, қаламгер туралы орамды ойларын қайта жалғастырып, оның бітім-болмысы туралы:
«Қайран Жүкең, Жұмаш, Жұмабай… біз оны үнемі еркелетіп, өзіміздің оған деген пейілімізді де осы еркеліктің аясына сыйғызып, осылай атағанды жөн көруші ек. Ол оған ешбір түзету жасамайтын. Рымғали көкесінің ескертпесіне құлай берілді ме, шындығында ол көпіртіп көп жазған жоқ. Жазғандары мірдің оғындай болып шықты. «Жала мен нала», «Құралайдың салқыны», «Ұябұзар», «Қызыл қар», «Шал мен жылқы», «Жерге орналастырушы», «Қоңыр», «Өмір ертегісі», «Үй мен түз»… т.б. Ал «Аяз би» романын оқу үшін кәдімгідей дайындық керек. Дүниесі жарыққа шыққан соң оқырман қалай қабылдады, ұнатты ма, ұнатпады ма деп толғаныста жүретін қаламгер қауымына тән «толғақ» Жұмабайды көп азапқа салмаған секілді. Уайым жесе де ішінде. Мұндайда атақты қытай жазушысы Мо Ян былай деуші еді ғой: «Оқығың келсе – оқырсың, оқығың келмесе өзің біл. Маған десе жер бетінде жалғыз ғана оқырман қалса да, мен бәрібір осылай жазамын… Шындығына келгенде, Шаштайұлының оқырмандарының да, іздеушілерінің де қарасы қалың. Ол бақытты жазушы деп айтқанымызға әріптестеріміз қарсы бола қоймас», – дейді Қ.Жиенбай.
P.S.
Қаламгер адам мен қоғам, ар мен жауапкершілік, өткен мен бүгін арасындағы байланыстарды табиғи өріммен әдемі жеткізе білді. Сондықтан да Жұмабай Шаштайұлының туындылары бір оқып қоя салатын дүние емес, қайта-қайта ойға оралатын, санада ұзақ сақталатын мәңгілік құндылық.
Оның қалдырған көркем әлемі оқырманды ойландырып қана қоймай, адамдық болмысты терең танытуымен де құнды. Уақыт өтсе де мәнін жоймайтын Шаштайұлы шығармалары келер ұрпаққа да рухани бағдар, әдеби өлшем бола беретіні сөзсіз.





