Жаңа дем

Үш күнге созылған қарқынды түсірілімнің нәтижесінде Ахметжан Балнұрдың «Dem» атты қысқаметражды фильмі 29 қаңтар күні толық аяқталып, көрерменге жол тартты. Ал ақпанның үшінші жұлдызында Абай ұлттық мектебінде аталған туындының ресми көрсетілімі өтті. Оқушыларға арналған бұл фильм қысқа уақыт ішінде көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, ерекше қызығушылық тудырды.

Фильм желісі мектепке жаңадан келген оныншы сынып оқушысы Марсельдің оқиғасымен өрбиді. Оның алғашқы аптада басынан өткерген сәттері арқылы мектеп өмірінің сан қыры, жасөспірімдер арасындағы қарым-қатынас шынайы әрі нанымды түрде бейнеленеді. Тың идея мен заманауи көзқарасқа негізделген туынды оқушылар арасында жаңашылдығымен ерекшеленіп, оң бағасын алды.

Абай ұлттық мектебі үшін «Dem» фильмі – шығармашылықтағы жаңа тыныстың айқын көрінісі болды. Болашақ режиссер, 11-сынып оқушысы Ахметжан Балнұр жетекшілік еткен бұл жоба мектепке кино өнерінің жаңа лебін ала келді. Туындының жүзеге асуына оның қасында иық тірестіре еңбек еткен, талабы биік жас оператор Әбілқас Болатбек айрықша үлес қосты. Түсірілім барысында қос жас талант өз тәжірибелерін шыңдап қана қоймай, кино әлеміне деген қызығушылықтары мен махаббаттарын одан әрі тереңдете түсті.

Киноны актерлік құрамсыз елестету мүмкін емес. Бұл фильмде кәсіби сахна шеберлері болмаса да, өз рөлдерін шынайы алып шыққан болашақ журналистер, өнерге жақын оқушылар, тіпті жастармен бір толқында жүрген ұстаздар да бой көрсетті. Атап айтқанда, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айгерім Төлепова басты кейіпкердің анасы рөлін сомдап, көрерменге әсерлі образ ұсынды. Сонымен қатар бірнеше кадрда мектебіміздің директоры Мұқашев Қайрат Манатбекұлы  өз өміріндегі директор бейнесін сенімді түрде алып шықты.

Фильмде 11-сынып оқушылары Нұрахмет Нәби, Орынғали Ақниет, Ахмет Болат және Шайдарбекова Айғаным актерлік шеберліктерін танытып, туындының мазмұндық тұтастығын сақтай білді. Басты рөлді сомдаған Нұрахмет Нәби болашақта өзін медиажурналистика саласында елестеткенімен, бұл фильмде кейіпкер бейнесін сәтті ашып, көрерменнің ықыласына бөленді. Ал сахна мен киноға жақын Ақниет үшін бұл рөл үлкен қиындық тудырмады. Болат пен Айғаным да өз кейіпкерлері арқылы фильмге көрік пен мағыналық тереңдік қоса алды.

Ахметжан Балнұр мен Әбілқас Болатбектің бұл бастамасы мектеп өміріне жаңа шығармашылық серпін беріп, кино өнеріне деген сенімді күшейтті. Оқушылардың ізденісі мен креативті ойынан туған «Dem» қысқаметражды фильмі көрерменнен лайықты бағасын алып, жас өнерпаздардың болашағынан үлкен үміт күттіретін сәтті жоба болды.

             ШАЙДАРБЕКОВА  Айғаным,

Абай ұлттық мектебінің 11«В» сынып оқушысы.

Республикалық «Farabi shakirti» журналы

мен  www.farabishakirti.kz  желілік басылым

сайтының Жас тілшісі

Жетекшісі: ТӨЛЕУЖАН  Жансая  Санатқызы.

Алматы