Жаңа мамандықтар
Ақпараттық технология – экономиканың қарқынды дамып жатқан салаларының бірі. Сандық шешімдер бізге күн өткен сайын мобильді әрі ыңғайлы бола бермек. Қазір әр отбасыда бір-бір ноутбук бар, жер бетінің әрбір екінші тұрғыны смартфон пайдаланады. Шамамен он жылдан кейін әр адамда өзара байланысты 5-6 құрылғыдан болуы мүмкін. Мысалы, ақылды көзілдіріктер, денсаулықты бақылауда ұстауға арналған биометриялық білезіктер, «ақылды» әмиян қызметіндегі смартфондар.
Ақпарат көлемінің артуына байланысты жаңа қауіпсіздік жүйелеріне, деректерді сүзу мен сақтауға деген қажеттілік артады. Алдағы 10 жылда құрылғы қолданушыларын дәл танитын жаңа технологиялар пайда болады, тіпті әр шертудің өзін қадағалап отыруға болады. Фантастикалық және тыңшылық фильмдерден көрген технологиялар енді өзіміздің өмірімізде көрініс табатын болады. Құрылғы қолданушыны енді саусақ іздері, көздің торлы қабатын сканерлеу арқылы ғана емес, ДНҚ талдауының көмегімен анықтайтын болады.
Сандық кеңістіктегі қоғам іс жүзінде мемлекеттің және биліктің тарапынан бақылауда болады. Адамдар арасындағы «сандық алшақтық» (компьютерлік сауаттылық деңгейіндегі) әлеуметтік жіктелудің жаңа түрін қалыптастырғандықтан, АКТ саласында жаппай оқыту бағдарламалары белең алады. Барлық жерде киберкеңістікті реттеп отыратын заңнама жұмыс істейді. «Электрондық үкімет» толық күшіне енеді және анағұрлым интерактивті болады.
Нейроинтерфейстерді жобалаушы
Нейроинтерфейсті жобалаушы — компьютер, үй және өнеркәсіптік роботтарды басқару үшін, адамның психолологиясы мен физиологиясын ескере отырып, оның жүйке жүйесімен үйлесімді интерфейстер дайындайтын маман. Қазір нейроинтерфейстер ойын-сауық мақсатында ғана қолданылып жүр. Мәселен, австралиялық «Emotiv ecop» компаниясы онлайн ойындарда кейіпкердің қозғалысын басқару үшін нейрошлемдер шығарады. Бірақ болашақта нейроинтерфейстердің көмегімен түрлі күрделі аспаптарды басқаруға және адамдармен тілсіз-ақ тілдесуге болатын көрінеді (қазір дайындалып жатқан DARPA Silent Talk жүйесі).
Кибертергеуші
Кибертергеуші – кибер қылмыстарға тергеу жүргізетін маман. Криминалистика, тергеу жүргізу (заманауи тергеуші), іздеу жұмыстары, соның ішінде, рұқсат етілген кибершабуылдар арқылы күдіктілерді іздестіру, желідегі ақпараттарды өңдеу (бағдарламашылық дағдылары бар деректер талдаушысы) саласындағы жұмыстармен айналысады. Кибертергеушілер қазірдің өзінде белсенді жұмыс жасайды, ал алдағы уақытта оларға деген сұраныс арта бермек.
Big Data моделін жасаушы
Big data моделін жасаушы — ғаламтордан алынған деректердің үлкен массивтерін жинау және өңдеу жүйелерін жобалайтын, құрастыру интерфейстері мен аналитикалық үлгілерді жасап шығаратын маман. Сұраныс аса жоғары болмаса да, Ресейде бос жұмыс орындары ашылуда.
Цифрлық лингвист
Цифрлық лингвист — мәтіннің мағынасын сақтай отырып аударумен (контекстегі мағынаны сақтай отырып аудару), мәтінге лингвистикалық талдау жасаумен айналысатын, компьютер мен адам арасындағы табиғи тілде қатынас жасаудың жаңа интерфейстерін әзірлейтін маман.
IT-уағыздаушы
ІТ-уағыздаушы — АТ өнімдерін пайдаланушылармен байланыс жасайтын, озық технологияларға консервативті бейімделен топтарды алға жылжытуға күш салатын маман. Әлеуметтік топтар арасындағы сандық алшақтық деңгейін төмендету мақсатында адамдарға жаңа бағдарламалар мен қызметтерді пайдалануды үйретеді. Халықты «цифрлық сауаттылыққа» үйрету бүгінде ерікті түрде жүргізілуде, ал келешекте бұл нағыз керек мамандыққа айналады.
Желілік заңгер
Желілік заңгер — желідегі (виртуалды әлемді қоса алғанда) нормативтік-құқықтық әрекеттесуді қалыптастыратын, адамның құқықтық қорғау жүйесін , ғаламтордағы жеке мәліметтерін әзірлейтін маман.
Интерфейс дизайнері
Мұндай мамандар адамның пайдалануына ыңғайлы әрі қауіпсіз интерфейс жабдықтары, техника, түрлі деңгейдегі софттарды әзірлеумен айналысады. Ол «Юзабилитиде» (пайдаланушы үшін барынша ыңғайлы интерфейстер құру) ерекше құзіретке ие. Интерфейс дизайнері — қазірдің өзінде кең таралған және сұранысқа ие мамандық. HeadHunter мәліметіне сүйенсек, 2014 жылдың шілде айында бұл мамандыққа 2015 бос жұмыс орны ашылған. «Адам-компьютер» арасындағы байланыс күн өткен сайын дамып келе жатқан біздің заманда мұндай мамандықтардың қажеттілігі арта берері анық.
Ақпараттықжүйе архитекторы
Ақпараттық жүйе архитекторы — деректерді өңдеу, осы сала айналасындағы түрлі жүйелермен жұмыс жасайтын білікті маман. Олар, атап айтқанда, дерекқор жобасын жасайды, әрекет алгоритмдерін әзірлейді, пайдаланушының деректер қоймасының қызметін қолдануын, деректерді сақтау мен шығарудың сапасының жоғары болуын қамтамасыз етеді. Қазірдің өзінде ақпараттық жүйе архитекторлары қоғамға қажет болып тұрған жайы бар (HeadHunter порталының мәліметі бойынша, 2014 жылдың шілде айында бұл мамандыққа 65 бос орын болған). Ақпараттық технология өмірімізге түбегейлі енген кезде, бұл мамандыққа деген сұраныс бұдан да жоғары болады.
Дереккөзі: OILAY.kz