Жаһанданудың әсері: Ұлттық құндылықтар мен дәстүрге қауіп төндіре ме?

Жаһандану — бұл әлемнің әртүрлі елдері мен халықтары арасындағы шекаралардың жойылып, байланыстардың күшеюінің негізі. Ол тек экономикаға ғана емес, сонымен қатар мәдениетке, ұлттық дәстүрлерге және құндылықтарға да айтарлықтай әсер етеді. Бүгінгі таңда жаһанданудың артықшылықтары мен кемшіліктері арасында тепе-теңдік сақталып, ұлттық құндылықтарды сақтау мен дамыту мәселесі өзекті болып отыр. Сіз қалай ойлайсыз жаһанданудың әсері ұлттық құндылықтарымызға, дәстүрімізге әсер етеді ме?
Менің ойымша қазіргі таңда жаһандану процесі әлемдегі көптеген елдердің мәдениетін, тұрмысын және салт-дәстүрін өзгертуде. Әсіресе, жастар арасында жаһандық мәдениеттің ықпалы басым болуда. Әлеуметтік желі, интернет, шетелдік телеарналар, кино мен музыка біртіндеп ұлттық мәдениеттерді басып барады. Осыған байланысты ұлттық құндылықтарды сақтау мәселесі күннен-күнге маңызды болып келеді.
Ұлттық құндылықтар мен дәстүрлердің жоғалуы
Қазіргі таңда жаһандану ұлттық құндылықтардың жойылуына әкелуі мүмкін. Ғаламдық мәдениеттің әсерінен жас ұрпақ ұлттық киімдер мен тағамдарды, қазақ халқының дәстүрлерін танымайтын жағдайға жетті. Осының нәтижесінде ұлттық құндылықтарды сақтау жолында көптеген қиындықтар туындауда. Халықаралық зерттеулерге сәйкес, жаһандану әсерінен ұлттық дәстүрлерге қызығушылық жоғалған елдердің қатарында Қазақстан да бар. Қазіргі таңда 65 пайыздан астам жастар ұлттық дәстүрлерге қатыспайтындығын көрсеткен. Қазір жас жеткіншектер арасында қазақ тілін білмейтіндер қаншама… Статистикалық мәліметтер бойынша 2020 жылғы зерттеуге сәйкес, Қазақстанда халықтың тек 80 пайызы ғана қазақ тілінде сөйлейді. Ал қалған 20 пайызы негізінен қала тұрғындарының көпшілігі қазақ тілін үйрену қиын деп есептейді. Мұның себебі — орыс тілінің доминантты болуы және жаһанданудың әсері. Әсіресе, жастар арасында қазақ тілін үйрену және ұлттық мәдениетке қызығушылық азаюда. Тіпті қазақ тілін ұят санайтындардың да саны басым. Әлеуметтік зерттеулер бойынша, қалалық жастар арасында 50 пайызға жуық адам қазақ тілін үйренуге немесе қолдануға ұялатынын мойындаған. Бұл әсіресе, мегаполистерде, Алматы және Астана сынды қалаларда байқалады.
Жаһанданудың оң әсері
Әрине, жаһандану тек теріс әсерін ғана тигізбейді. Ол сондай-ақ ұлттық мәдениет пен дәстүрлердің жаңа қырларын аша алады. Мысалы, қазақ халқының дәстүрлі киімдері мен асханасын әлемге таныту үшін жаһандық медианы, әлеуметтік желілерді қолдану тиімді болып отыр. Қазіргі таңда қазақтардың ұлттық киімдері мен тағамдары тек Қазақстанда ғана емес, басқа да елдерде үлкен қызығушылық тудырып, әлемдік нарыққа шығуға мүмкіндіктер ашып отыр. Жаһандану ұлттық құндылықтарды әлемдік деңгейде насихаттауға да жол ашады. Осыған орай, «Қазақстанның мәдени мұрасы» сияқты жобалар бар. Ол арқылы қазақ халқының өнері мен дәстүрлері бүкіл әлемге таныстырылуда. Бұл жағдай ұлттық мәдениетке деген қызығушылықты арттырып, оны сақтауға, дамытуға ықпал етеді. Ендігі кезде бұл мәселені қолға алып, Қазақстанда еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан жүзеге асырылған жобалар мен шаралар арқылы ұлттық мәдениетке деген қызығушылықты арттыруға бағытталған жұмыстардың саны жылдан-жылға артып келеді. Мысалы, 2019 жылдан бастап мәдениет және спорт министрлігі ұлттық киімдер мен аспаздық дәстүрлерді кеңінен насихаттауды қолға алды.
Қорыта келе, жаһандану қоғамға көп өзгеріс алып келгенімен, ұлттық құндылықтар мен мәдениетке оң әсерімен бірге теріс әсері де қатар жүреді. Бір жағынан ұлттық мәденитке қауіп туғызуы мүмкін болса, екінші жағынан ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, әлемге үлкен жол ашады. Сондықтан қазақ халқының атын асқақтатып шығару үшін салт- дәстүрімізді жаңғыртып, ұлттық құндылықтарымызды насихаттауымыз керек. Бұл тұрғыда жастарымызды ұлттық құндылықтарды сақтауға баулығанымыз жөн. Жалпы айтқанда, жаһандану мен ұлттық құндылықтарды, дәстүрді теңестіру — өзекті де өткір мәселе. Әрбір ұлт өз мәдениетін, дәстүрін сақтай отырып, алға жылжып, дамуы керек.
САҒЫНДЫҚ Аяжан,
Жамбыл облысы, Қордай ауданы,
«№8 Өтеген батыр» атындағы орта мектебінің 11 сынып оқушысы
Жетекшісі: КАСЕНОВА Айгул Жантугеловна,
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.
Сурет:https://religions-congress.org/kz