«Жақсының аты өлмейді»

Смартфонның, әлеуметтік желінің белең алмаған кезі. Шамамен 2016 жылдар ау деймін, кешкісін отбасымызбен жайғасып теледидар көреміз. «Қазақстан» телеарнасын қосып, «Айтуға оңай» бағдарламасын көре жөнелеміз. Сондағы менің есімде жылы жүзді, сөзі салмақты жанның біреуге араша болып, түрлі тағдырларды шешіп, күңгірт өмірден шығуға жол сілтеп жүргені еді… Иә ол жан Бейсен Құранбек — тұғын. Жетідегі мен нені айтарлықтай түсінеді-ау дейсіз? Көгілдір жәшіктің ар жағындағыны көріп өзімше шамалап, саралап түсінгендей боламын.

2020 жыл мен 11 жасқа толдым. Бір күні әлеуметтік желі, теледидардан суық хабар естідік. Бұл сәт әл күнге дейін есімде. «Бейсен аға өмірден озды» дегенді естіп, төбемізге мұздай су құйылғандай күй кештік. Қалың қазақ жұрты қаралы күнде есеңгіреп қалды. Журналист, қоғам қайраткері ағамыздың орны содан бері ойсырап  қала берді…

2021-2022 жылдары ау деймін, Санжар Керімбайдың «Бейсен және болмыс» кітабы жаппай сатылып жатты, халықтың сағынышы, ыстық ықыласы дәл осы кітаппен бірге шыққандай сезілді. Сол уақытта кітапты ала алмадым. Міне бүгінде ес жиып сүйікті журналистім Бейсен ағамыздың болмысы жайлы жазылған бұл кітапты оқып шықтым. Кітапты дәл осы жасымда оқығаныма бір марқайып қалдым, өйткені экцистенция, логотерапия тұрғысында талданып жазылған екен. Кітап адамның өмірлік мәнін түсінуге, өзін тануға және рухани құндылықтарды бағалауға Бейсен ағамыздың болмысы арқылы бағытталған екен. Адамгершілігі бір төбе, ақылы мен парасаттылығы жоғары ағамыздың үлгі тұтар бейнесін түрлі оқиғалармен көрсеткенде ойланып, неткен кемел жан еді деген сәттер де болды. Ғибратты ғұмырындағы оқиғалардан сабақ алып, тұлға болып қалыптасуда дәл осы кітап пен ағамыздың шынайы сыйпаты маған өмірлік нұсқау да болып үлгерді. Туындыны оқып   жауап тапқан сұрақтарым да кездесті. Міне сол сәтте мен елі үшін туылған перзенттің өнегелі өмірінің маған және өзге жандарға әсерін сезіндім. «Жақсының аты өлмейді» — деген халық даналығы Бейсен ағамызға арналып айтылғандай. Оның  есімі жұрт көкейінде, сана иен жұдырықтай жүрегінде мәңгі сақталмақ екеніне сенемін.

ӘДІЛ Жансая,

Шығыс Қазақстан облысы, Марқакөл ауданы,

«Марқакөл ауылының мектеп-интернат-колледжі» КММ

11-сынып оқушысы.

Жетекшісі: ИСАЕВА  Динара  Асқарқызы,

тарих пәнінің мұғалімі. Педагогика ғылымдарының магистрі.

Сурет: https://stan.kz/