«Жақсының төңірегі нұр болады»
Жас шағында, жоғары білімді маман Баққожа Білдебайұлының 24 жасында Жамбыл аудандық жолаушылар тасымалдау мекемесін басқарған жылдары ұжымына, жағдайы келмей қиналған жандарға, көпшілікке жасаған жақсылығы, көмегі мен қамқорлығы туралы еске алып, тебірене сөйлеген адамдар аз болмады. Мекемеде өзімен бірге еңбек еткен жасы үлкен адамдардың балалары, әріптестері мен басқа салада қамқорлығын көрген жандар, ұжымға келіп еңбек етуге шақырып, кейіннен автобус жүргізушісі болған, жолаушылар тасымалдау саласында тұрақтап қалуына мүмкіндік алған кешегі жастар – бүгінде сол жылдардағы ағаның жасынан өтіп кеткен ер-азаматтар басшысы туралы риясыз пікірін білдірді.
Оқырманға таңсық болып тұрған қандай есім? Кім екен? деген сұрақтарға жауапты ел қадірлісіне айналған Баққожа Білдебайұлы туралы айтылған жылы лебіздер тізбегінен өрдік. Тұлға жайлы айтылған әрбір жақсы сөз өткен ғасырда, яғни ХХ-ғасырдың 70 жылдардан бергі кезең – өмірінің соңғы күніне дейін атқарған игі істері мен ұжымына, басқа да жандарға жасаған қамқорлығы мен қайырымды істері еді… Естелік айтқан адамдар: «Әттең, тағдырға шара бар ма? Аудан халқына берері бұдан да көп еді» — деген өкініштерінде жасырмайды.
«Орнында бар оңалар» — деген бабалар өсиеті Білдебайұлындай әулеттерге арналғандай. Зайыбы – Бейсебаева Шакура Амалбекқызы ағадан кейін қалған ұрпағының қанатын қатайтып, оларды ел қатарына қосты. Ұлы Сайлау, қыздары – Шынар мен Айгүл, бүгінде жоғары білімді, өз ісінің білікті маманы. Үш бала – қанатын жайған алып бәйтерек іспетті анасымен бірге оның айналасында ұл-қыздарымен, немере, шөбересімен жапырақ жаюда. Шакура Амалбекқызы – ұстаз, бала оқытып, қаншама шәкіртін баулыды. Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі Ш.Бейсебаева Т.Рысқұлов, С.Бердіқұлов атындағы орта мектептерде қолына диплом алған күннен бастап, зейнеткерлікке шыққанға дейін, одан кейін де география, қазақ тілі пәндерін оқытты.
«Алып бәйтеректей сая болды біздерге»
Ардақты отағасы, аяулы әкені еске алып, көз көргендерді жинап оның әруағына Құран бағыштатқан отбасына алғыс білдірген көпшілік Баққожа Білдебайұлынан шапағат көргенін ұмытпайтындықтарын айтты.
Б.Білдебайұлы 1945 жылы желтоқсан айында Кеген ауданының Тоғызбұлақ ауылында дүниеге келген. Әкесі Білдебай ата Ұлы Отан соғысының ардагері, ауылда шаруашылықта еңбек еткен ел құрметіне бөленген жан. Анасы – Күмісжан он баланың қамын ойлап, тыным таппай, үй шаруасында болған батыр Ана. Ата-анадан өніп-өскен балаларынан тараған ұрпақтары бүгінде ұл – қыз өсіріп қатарға қосқан, олардың немере-шөберелері өз алдына отбасын құрып, әр салада еңбек етуде. Сол балалардың ішіндегі қағылез, жаңалыққа жаны құмар болып өскені – Баққожа болатын. Ержетіп, отбасын құрды, ұрпақ тәрбиеледі. Ұжымында жүзден асатын адамы бар кәсіпорынды басқарды. Қапияда көз жұмды. Әріптестері оның игі істерін, қамқоршы болғанын әркез ұзағынан айтады.
—Жас кезімде ағаның әкемдей қамқорлығын көрген жанмын. Жас дәрігермін. Жоғары білімі мен біліктілігін жетілдіру үшін аспирантураға Мәскеу қаласына түстім, қазір магистратура деп аталады. Жас маманның айлық жалақысы белгілі, аз. Екі ойлы болып, қатты қиналдым. Неде болса ақылдасып көрейін деп ағаға келіп, жағдайымды айттым.
—Жігітім, еш ойланбастан жолға шық. Мұндай сәт бұдан кейін бола бермейді,-деп көмектесетінін айтқанда шын мәнінде төбем көкке бір елі жетпеді десем, көпшілік сене қоймас. Мен Мәскеуге келіп, білімімді жоғарылатуды жалғастырдым. Баққаожа аға бар жұмысын қалдырып, фресей астанасына менің жағдайымды сұрап келіп, кетті. Аспирантураны бітіріп, диплом аларда Мәскеудегі «Өзбекстан» деген мейрамханада оқытушылар мен бірге оқыған аспиранттарға дипломымды жуып бергені мен үшін үлкен құрмет болды. Жеке басым үшін емес, халық денсаулығы күзетінде жүрген барлық дәрігерлерге деген құрметі деп бағалаймын. Семей өңірінде туып-өстім. Ағаның ақ көңілінен айналайын! Жершілдікке, рушылдыққа салынбай біліктілігі жоғары кәсіби дәрігер атануыма жасаған қайырымдылығын айтып, жастарға ой салғым келгені,-деді.
Ортаға шығып сөйлеген адамдардың сөзін саралай келгенде, мекемеде еңбек еткен жылдары қаншама жігіттердің отбасын құруына, тұрғын үй алуына, тұрмыс жағдайының жақсаруына ұйытқы болып қана қоймай, өзі бас болып, үйдің кілтін тапсырған да. Жастық шақта аңғалдықпен еңбек тәртібін бұзған жігіттерді қатардан қалып қоймасын деп ағалық ақылын айтып, жүргізуші мамандығының қыры мен сырына қанығып, бесаспап маманы болсын деп барынша жақсылығын аямаған екен. Мекемені басқаруда еңбек көрсеткіштерін жақсарту мақсатында жаңашылдығымен танылған басшы кәсіпорынды алдыңғы қатарға шығарған. Яғни, жолаушылар тасымалында көрсетілген сапалы қызмет, жол-көлік оқиғаларының болдырмау мақсатында қауіпсіздік ережелрін қатағ сақтау, автобустардың уақытымен ауылдарды аралап, адамдарға қызмет көрсетуі, арыз-шағымның орын алмауы сияқты сапалық көрсеткіште сын айтылмауы – Баққожаның басқару саласындағы іскерлігі, жіті бақылауынан жүзеге асқан.
Жолаушылар тасымалдау мекемесі қатарында жүзге жуық адам бар үлкен ұжым. Автобус жүргізушілеріне қойылатын талап, жауапкершілік те жоғары. Сол ұжымды басқару Б.Білдебайұлына 24 жасында тапсырылды. Бәйтерек – бір орында көктеп, жапырағын жаяды, Жалаңаш ауылындағы орта мектепті үздік бітірген бозбала бірден Алматы Мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтының студенті атанады. 1968 жылы ауыл шаруашылығы жұмыстарын механикаландыру мамандығы бойынша бітіреді де, диплом алған соң бірден Отан алдындағы борышын өтеуге кетеді. 1970 жылы борышын абыроймен өтеп келген соң, еңбек жолын жолаушылар тасымалы мекемесінде гараж (автокөлікерді сақтайтын, техникалық қызмет көрсететін, көлік құралдарын сақтайтын, жөндеуге арналған саймандарды сақтайтын орын) меңгерушісі болып бастайды.
Ауылда есейіп, ауыл мектебін бітірген жас өзі еңбек ете бастаған кәсіпорынды жаңаша бағытта басқару туралы пікірлерімен бөлісіп, басшыларға жиі ұсыныс айтатын. 1971 жылы мекеменің бас инженері лауазымына тағайындалды. Жастарды жүргізушілікке тарту, олардың тұрмыстық жағдайын жақсарту, автопаркты пайдалануды жаңарту, басқа да ұйымдастыру жұмыстарында салиқалы, тәжірибесі толысқан адамдарша айтқан ойлары аяқсыз қалмады. 1972 жылы жолаушылар тасымалдау кәсіпорны Алматы облысы құрамынан бөлініп, аудандық мәртебеге ие болды. 1974 жылы мекеменің басшылығына тағайындалған Б. Білдебайұлы сол жылдардың өзінде кәсіпорынның инновациялық-экономикалық жағдайын жақсартуды қолға алған. Жолаушылар тасымалы қызметін сапалық жағынан көтеріп, тұрғандар арасында арыз-шағымның азаюына жұмыстарын бағыттаған.
Ауданның шалғай ауылдарына дейін автобус қатынасын ұйымдастырып, ауыл адамдарының «Ауыл – аудан орталығы Ұзынағаш және қалааралық» сапарлар бағытын көбейткен. Жаңа автобустар сатып алып, жолға шығарды. Әсіресе, Алматы-Ұзынағаш бағытына қатынайтын автобустардың санын көбейтті. Қатынау сағатының аралығын жиілетті. Жүргізушілерге бірыңғай арнайы киім алдырытты.
—Жаңа костюмімізді кигенде өзімді ұшқыш сияқты сезінетінмін. Басшымыз арнайы киім кию, автобус ішінде тазалық сақтау, орындақтарды ластамау, жазу жазып, сызбауды қатты қадағалауымызды сұрайтын. Жастық шақта қателік те жібердік, Баққожа аға тентектігімізді жөнге салды, бірақ жұмыстан қумады. Ағалық қамқорлығын көрсетті. Енді міне, менде ақсақал қатарына келдім. Тәртіп бұзғаныма кешіріммен қарамай, жұмыстан қуып жіберсе, бүгінгідей ел қатарына қосыла алмай кетуім де мүмкін еді,- деген қариялардың бірі шынын айтты.
«Қарттар – қазынасы елімнің!»
Бұл пікірді айтқан сол замандағы қарттардың бірінің ұрпағы болар. Көпбалалы аналар, соғыс және еңбек ардагерлері Б.Білдебайұлының назарынан тыс қалған емес. Жолаушылар тасымалдау кәсіпорнының тізгінін қолына алған соң, жоғарыда айтып өткеніміздей ауданның автобус қатынамайтын ауылы қалмаған. Ауылдарда аялдамалар тұрғызу да ерекше үлгіде салынды. Адамдардың уақытын үнемдеуі мақсатында втобустың жүру кестелері, қатынау бағыттары жасалды. Жолаушы тасымалдау қызметіндегі ендігі бір жаңашылдық қарттар мен көпбалалы аналарға, әлеуметтік тұрмысы жағынан аз қамтылған отбасылары, мүгедек жандар үшін автобустарда тегін жүретін арнайы куәліктер жасалып, тапсырылғаны, бұл жеңілдіктен адамдардың арнайы топтарынің барлығы дерлік қамтылғанын атап өтті.
Баққожа Білдебайұлының іскерлігі, кәсіби біліктілігі, ұжымында қызмет сапасының жақсартылғаны ескеріліп, аудандық мәслихаттың депутаты болып сайланды. Оған жауапкершілік екі есе артылып, атқаратын шаруасының жүгі де ауырлай түсті деуге болады. Кәсіпорын жүргізушілері, автобусқа қызмет көрсететін жұмысшылар, әкімшілік қызметіндегі адамдарды көкініспен қамту мақсатында игерілмей жатқан бос жерді жалға алып, көкөніс егумен айналысқандары да сөз болды. Кәсіпорын үшін жер алу да оңайға соқпаған, соған қарамастан, бау-бақшалық жер алып, көкөністер өсіріліп, адамдар күзгі жиын-терімде көкөніспен қамтылыпты. Ауыл шаруашылығы жұмысын жақсы білетін мамандар тартып, жыл сайын сапалы өнім алу – адамдармен шектелмесі анық. Оған техника қажет. 40 гектердай жерді техникасыз игеру мүмкін емес. Жаңа техникалар қымбат. Ескі техникаларды жөндеп, кәдеге жаратқан басшының өнегесінен көп жастар үйренген.
Курстасы Қанат Малайсаров, шәкірті болған, кейіннен аудандық жолаушылар тасымалдау кәсіпорнын басқарған Қамбар Үмбетов, басқа да көптеген адамдардың, соның ішінде әйел-аналардың өткенге салауат айтып, Баққожа Білдебайұлындай басшысының өнегелі істерін ұзақ әңгімеледі. Мемлекет және қоғам қайраткерлері, танымал ақын-жазушылармен де достасып, қатар жүрген екен.
«Қиналған жанға қолын созуға асығатын»
Шакура Амалбекқызы:
—Балаларымның әкесі туралы жылы лебізді жиі естіп, қатты тебіреніп отырмын. Өзінен кейін жақсы ісін бағалайтын жандардың барына тәуба деймін. Азаматтың толысар шағында кенеттен бақилық болды, соңынан аңырап қалдық. Кейіннен есімізді жия бастағанда, қаншама адамдар келіп, өзіне жасаған жақсылығын айтып, жанымызды жадыратты. Отбасына да, ұл-қыздарына да уақыт табатын. Балалардың қас-қабағына қарап, өсірдік. Ата-анасына, олардан тараған бауырларына да қамқорлығын аямады. Бәкең өніп-өскен әулеттің ұлы. Ауылындағы ардақты азамат қайын атам мен көпбалалы анамдай болған енемді ауыл құрметтейтін. Дәл сондай өз әулетім, әкем Амалбектен тараған біздер де көпбалалы отбасымыз. Анам «Батыр ана», ауданға танымал адамдардың қызымын.
—Нағыз әке қандай болу керек? – деген сұрақтың жауабына «Баққожа әкелеріңдей қамқор, жаны таза, көпшіл, адал еңбекті сүйетін, қайырымдылық жасауға жақын тұратын, кек сақтамайтын турашыл азамат»,- деп мақтануға лайық азамат, туған елінің шынайы патриоты.
Бүгінде, Баққожа Білдебайұлының әріптестерінің, олардың алдыңғы буынының қатары сиреп барады. Кезінде жұмысқа орналасқан жастардың да алды немере сүйіп, зейнеткерлікке шыға бастады. Соған қарамастан, олардың кез келгені мені кездестірсе, алдыма келіп, ағасынан көрген жақсылығын ұмытпайтынын айтады. Кейбірі автопаркте ағаның ұжымындағы адамдардың балаларымыз деп, ата-анасының көрген қамқорлығын айтып, Бәкеңді еске алады,- дейді Шакура Амалбекқызы.
Өткенді еске алып, өз заманында еліне адал қызмет етіп, еңбексүйгіш қабілетімен, кәсіби біліктілігімен танылған азаматтардың өнегелі ісі бүгінгі жастарға үлгі болсын, жақсы істерінен үйренсін, қайырымдылыққа жаны жақын болсын, қайраткерлігі, табандылығы жандүниесінен орын алсын деп айтамыз. Елі үшін бар өмірін арнап, өз ісінің шынайы шебері бола білген жандар қатарында ұл-қыздарымның әкесі Баққожа Білдебайұлының есімінің аталуы – мақтаныш. Көпшілікке істеген жақсы амалдарының шапағаты жастарға дарып, сауабы мәңгі мекенінде өзіне тие берсін деп дұға етеміз.
Тұлғалардың өнегелі өмірі, адамгершілігі мен жемісті еңбегі туралы айтқанымызда, бүгінгі жасөспірімдер болашақта осындай ел ағаларының өткен кезеңдеріндегі әр ісінен үйренсе екен, ғибрат алсын деп балалар мен жасөспірімдерге ұсынамыз.
Ж.КУЧУКОВА,
«farabishakirti.kz» сайтының бас редакторы.
Суреттер: Отбасылық альбомнан алынды.