«Жанына шуақ шашып, нұрландырған»

Елімізде көмек қолын қажет ететін қаншама жандар бар. Солардың қатарында балалар мен жасөспірімдердің арманының орындалуына жол ашып, өмірлеріне жарқын болашақ сыйлап, үміттерінің үзілмеуіне тірек болып келе жатқан «Samruk — Kazyna Trust» КҚ Әлеуметтік жобаларды дамыту қоры.

     Журнал редакциясы «Samruk — Kazyna Trust» КҚ  Бас директоры

А.Д. АДИЕВА ханыммен  сұхбаттасқан еді.

  • Альфия Дәулетқалиқызы, сіз басқаратын қордың игілікті жұмыстарын балаларға айту арқылы олардың жандүниесіне ізігілік нұры себілсін, әр істен ғибрат алып, болашақта қайырымды істермен айналысуды ұмытпасын, өмірдегі тағлымды істердің бірі санасын деген ниеттеміз.

—Қайырлы күн! Ең алдымен «Samruk — Kazyna Trust» қорының атқарып жүрген жұмысына қызығушылық білдіріп отырған редакцияларыңызға шын жүректен алғысымды жеткізгім келеді.

Бүгінгі сұхбатымды ең алдымен «Samruk — Kazyna Trust» қорының мақсат, міндеттеріне тоқталып өткім келеді. «Samruk — Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры 2016 жылдан бастап «Самұрық — Қазына» АҚ компаниялар тобының қайырымдылық саласының бірыңғай операторы қызметін орындайды.

Бүгінде  әлеуметтік және медициналық секторларда халыққа көмек көрсету, мәдени қоғамдастықты және адами әлеуетті дамыту, еңбек қатынастарын нығайту және қоғамның тұрақты дамуына инвестициялар, топ компаниялары қатысатын өңірлерде әлеуметтік инвестициялар бағдарламаларын іске асыру — Қордың басым бағыттары саналады. Осы құрылған сәтінен бастап «Samruk-Kazyna Trust» қоры өзінің тиімділігін арттыру үшін үздіксіз жұмыс істеп келеді. Салыстырар болсақ, Қор құрылғанға дейін 5 жыл ішінде 400 мың адамды қамтыған 2200 — ден астам жоба іске асырылса, одан кейінгі «Samruk-Kazyna Trust» қорының 5 жыл қызметінде 4,5 есе көп адамды көмекпен қамтыды.

Сондай — ақ, өзгерістер тұрғысында «Samruk — Kazyna Trust» қоры қызмет бағыттарын оңтайландырып, жобаларды қаржыландыру жайын бекітетін Қамқоршылық кеңес құрамын кеңейтуде. Сонымен бірге, Қор сайты жаңарып, «Самұрық — Қазына» АҚ Қоғамдық кеңесіне есеп беру жолға қойылды.

2023 жылдан бастап қайырымдылық жобаларын іске асыру кезінде олардың  30%  — ында елдік жобаларға көңіл бөлінсе, ал 70% — ында «Самұрық — Қазына» АҚ компаниялары бар өңірлердегі жергілікті жобалар мен әлеуметтік инвестициялар бағдарламаларына басымдық беріледі. Жобаларға байланысты Қордың өзі бастама көтере алғаннан тыс, жергілікті үкіметтік емес ұйымдар да оған өтініммен шыға алады.

  • «Samruk — Kazyna Trust» КҚ елімізде көптеген әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруда. Сонымен қатар қайырымдылықпен айналысады. Қор жұмыстарының балаларға арналған жобалары бар ма? Жоба жұмысы қай бағытта жүргізіледі?

—Қор өскелең ұрпаққа жағдай жасауға байланысты мәселелерге үнемі айрықша назар аударып келеді. Біз еліміздің барлық балаларына, олардың денсаулық жағдайына немесе әлеуметтік деңгейіне қарамастан, сапалы білім алу үшін алаңсыз, бақытты, салауатты өмір ортасын қамтамасыз ету үшін бар күшімізді саламыз.

Биыл балаларды қолдауға 2,5 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл қаржыға Қазақстанда «Балалар жылы» деп жарияланған 2022 жылдың бірінші жартысында «Samruk — Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры 18 мыңға жуық балаға арналған қайырымдылық жобаларын жүзеге асырды. Жобалар денсаулық сақтау, білім беру, бұқаралық спорт салаларына, сондай — ақ халықтың әлеуметтік осал топтарына бағытталды.

Мақұлданған жобалар арасында аутистік спектрдің аурулары мен ментальді бұзылыстары бар балаларға арналған 8 орталық құру, дамуы бұзылған және олардың туындау қаупі бар балаларға ерте диагностикалық және реабилитациялық көмек көрсету бойынша 13 ерте араласу орталығын құру, Жаңаөзен қаласының мектептерін жиһазбен және интерактивті панельдермен жабдықтау, отбасылық аула клубтарын демеу арқылы халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балалар үшін түрлі секциялар ұйымдастыру, сондай — ақ Атырауда ерекше балаларға тегін көмек көрсету бастамасы бар.

Сондай — ақ, Қарағандыда ашылған «Басқарылатын гипотермия» инновациялық жобасы нәрестелердің шетінеуі мен мүгедектігін азайтуда. Шымкент қаласында нейро — ортопедиялық бұзушылықтары бар балаларды оңалту қолға алынса, «Балаларға өмір сыйла!», «Аутизмді жеңеміз!», «Жетім балаларсыз Қазақстан!» жобалары да жалғасын таппақ.

Биылғы жылы біз нәрестелер өлім — жітімінің деңгейі мен балалар реанимациясын алдыңғы қатарлы медициналық техникамен қамтамасыз ету мәселесі өткір тұрған 5 өңірге арналған жабдықты сатып алуға қаржылай қолдау көрсеттік. Бүгінде қазіргі заманғы аппараттар Маңғыстау, Жетісу облыстық перинаталдық орталықтарында өз міндетін атқаруда.

2022 жылдың қазан айының соңына дейін «Samruk — Kazyna Trust» демеушілік қолдауымен Орал, Өскемен және Шымкент қалаларының перинаталдық орталықтарында гипотермияның аппараттық кешендері орнатылады.

  • Қайырымдылық жобаларына еліміздің алыс аудан, ауыл балалары қамтыла ма? Республиканың алыс елдімекендерінде қандай мақсатты жұмыстар атқарылуда?

—Күні кеше ғана жаңа оқу жылының қарсаңында, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан, Павлодар және Абай облыстарындағы халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан 12 мың 1- сынып оқушысын «Мектепке жол» акциясы аясында қажетті кеңсе заттары бар алғашқы мектеп қоржындарымен қамтамасыз еттік. Атаулы көмекпен жергілікті атқарушы органдар ұсынған тізімдер бойынша қамтылды.

Сонымен қатар, биыл Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласынан іріктеуден өткен 50 оқушыға арналған «IQanat High School of Burabay» мектеп -пансионатында оқуға арналған гранттарды «Samruk — Kazyna Trust» қоры төледі. Гранттар 10 — сынып оқушыларын оқытуға, жол жүруге және қажетті мектеп киімін алуға байланысты шығындарды жабады.

Оқушылар алдағы уақытта өз білімдерін жетілдіріп қана қоймай, келешек даму үшін қажетті дағдыларды — сыни ойлауды, эмоционалды зияткерлікті, көшбасшылық қасиеттерді, жеке басын жетіктіктерге ынталандыруды меңгереді. «IQanat» мектебінің заманауи әдістемелері мен жаңашыл тәсілдемелері бойынша оқыту нәтижесінде балалардың академиялық көрсеткіштері артып, өзекті техникалық және шығармашылық IT-дағдылары қалыптасады.

  • Альфия Дәулетқалиқызы, бүгінде елімізде тілегі бір адамдардан құрылған көптеген қор бар. Барлығы да қайырымдылықпен айналысады. «Samruk — Kazyna Trust» КҚ өзге қорлардан айырмашылығы неде?

—«Samruk — Kazyna Trust» қорының өзге қайырымдылықпен айналысатын қорлардан айырмашылығы, жеке тұлғаларға біржолғы көмек көрсетуді көздемейтін жүйелі және тұрақты сипаттағы жобаларды іске асырады. Біз әрбір жүгінген адамға жеке қаражат бөлудің орнына, жалпы елдік ауқымда көмек көрсету үшін жағдай жасай отырып, ауқымды жобалар арқылы көптеген адамдарға көмектескен дұрыс деп санаймыз. Жоғарыда айтып өткенімдей, бұған жүйелі сипаттағы табысты мысалдар жетерлік: психологиялық — педагогикалық түзету кабинеттері, оңалту орталықтары және тағы басқа. Басқаша айтқанда, біз бүкіл елдің өркендеуін және барша халықтың жағдайының жақсы болғанын қалаймыз.

Жалпы, біз кез — келген ұсынысқа, сындарлы сын — пікірге, қызметімізді жетілдіре  беруге ашықпыз. Өңірлердегі үкіметтік емес ұйымдардан еліміздің ең шалғай жерлеріндегі адамдардың өмірін қалай жақсартуға болатыны туралы қызықты идеялар күтеміз. Бұл тұста Қорымыз азаматтық секторды шағын бастамаларының ауқымын кеңейтуге шабыттандыруға күш салмақ. Мысалы шағын қаланың бастамалары бүкіл облыс, тіпті барша ел үшін игілікті болуы мүмкін. Қорыта айтқандай, белсенді үкіметтік емес ұйымдарды ынтымақтастыққа шақырамыз!

  • Балалар шығармашылығын дамытуға, денсаулығын түзетуге арналған жобалардың нәтижесі қандай?

—Өте орынды сұрақ. Қор тарапынан дарынды балаларды қолдау бойынша «Жас таланттар» жобасы жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда Халықаралық, Республикалық байқауларға, олимпиадаларға және жарыстарға қатысу үшін Қазақстанның түкпір — түкпірінен 111 балаға қолдау көрсетілді. Қолдау көрсетілген балалар елімізге жеңістермен оралуда. Бұл дегеніміз – біз үшін үлкен қуаныш. Тек дарынды балаларды ғана емес, бүгінде оқушылар арасында қазақ әдебиетін дамытуды да көзге алып отырмыз. Болашақта бұл жобаларымыздан да жақсы нәтижелер болады деген ойдамыз.

Сонымен қатар, Нұр — Сұлтан қаласында халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балалар үшін шығармашылық, спорттық және білім беру секцияларын ұйымдастырмақпыз. Бұл елорда балаларына жаңа бір серпін береді деген ойдамын. Осы тұста тағыда бір айта кететін жаңалығым, жақында Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласының үш мектебіне мектеп жиһаздары мен интерактивті панельдерін беретін боламыз.

Ал денсаулық саласына тоқталатын болсақ, осы жылдың 2 — ші жартысында Атырау облысында аутизм, церебралды сал ауруы, Даун синдромы, сөйлеу тілінің дамуы тежелген және психикалық — сөйлеу тілінің дамуы тежелген балаларға арналған 120 тегін оңалту курстарын ұсыну және инклюзияны қолдау бойынша 1 кабинетті ашу жоспарымызда бар.

—Альфия Даулетқалиқызы, әсерлі әңгімеңізге рақмет!

—Жанастан Тұрсынқызы, Қор жұмысына қызығушылық білдіріп, ұйымдастырған сұхбатыңызға өз алғысымды білдіремін! Алдағы уақытта да бірлесе жұмыс атқаратынымызға сенімім зор. Қызметіңізге тек шығармашылық табыс тілеймін!

 

                                                                                    (Өз тілшімізден).

                                             Суреттер: ««Samruk — Kazyna Trust» қорының

                                                                                    мұрағатынан алынды.