Жапон теңізінен табылған қазақы дулыға жұртты дүрліктірді

   Жақында ресейлік «Кочевники Великой степи» деп аталатын оқырманы  көп желілік топта мына бір дулығаның фотосы жарияланды. Жәдігер Жапонияның теңіз жағалауынан табылыпты. Анықтамалығында «татармоңғол жарағы» деп жазылған.

Татар — моңғол ұғымы жазушы Мұхтар Мағауинның тәпсірі бойынша – түркі — қыпшақтар. Демек бұл бұйым арғы жағын айтсақ ежелгі көшпенділердің, бергі жағын айтсақ Ұлық ұлыстың іргесін қалаған бабаларымыздың мұрасы екені анық.

Хош сонымен… бұл дуылға Жапония жағалауына қайдан барып жүр?

Сөзді созып жатпай осы сұраққа жауап іздейік. ХІІ — ХІІІ ғасырда әлемді дүр сілкіндерген моңғол шерігі 1211 жылы атақты қолбасшы жалайыр Мұқалайдың басқаруымен шығыстағы Алтын империясын шапты. Қырық түмен (400 мың) жасақ бастап моңғолдарға қарсы тұрған қытайдың Құшақу атты қолбасшысы ойсырай жеңіледі.

Ақыры жалынып — жалпайып моңғолдарды келісімге шақырады. Шыңғыс хан оларға «мақұл» дейді. «Алым — салық төлеп тұрсаңдар бопты». Бірақ арада үш ай өтпей жатып қытайлар уәде бұзады. Шыңғыс хан ашуланып тағы Мұқалайды аттандырады.

Тарихи деректерде Мұқалайдың басқаруында 23 мың моңғол, 20 мың кидан шерігі болғаны айтылады. Бұл қосын Шаньдун, Хэбэй, Шаньси, Шэньси қатарлы ірі аймақтарды бағындырып, 1223 жылы Алтын империясының көршісі шығыс Сүн елін қоса басып алды.

«Жапонияны жаулап алу» арманы түн ұйқысын төрт бөлген Құбылай патша 1280 жылы арнайы теңіз флотын құру жайлы жарлық шығарып, келесі 1281 жылы екінші дүркін Жапонияға қол аттандырады.

Тарихшылардың жазуына қарағанда, жеті жыл бұрынғы жеңілістен сабақ алған моңғол шерігінің дайындығы тас — түйін болған екен. Шабуылды екі бағытта жүргізген. Бірінші бағыт — қытай, кәріс, моңғол шеріктерінен құралған төрт түмен жасақ отырған 900 кеме Кореяның Масан айлығынан аттанса, келесі топ — 3500 кемесі бар 100 мың қол оңтүстік қытай жағалауынан теңізге шыққан екен.

Осыларға қарсы тұрған жапондықтар саны 40 мың. 1281 жылдың маусым айының соңында Кореядан аттанған флот Хаката бұғазына тұмсық тіреп тоқтайды. Бірақ шабуылды бастамай 100 мыңдық келесі флотты 50 күн күтеді.

Жапон теңізінің жағалауында иін тіресіп тұрған моңғол флотының айбарын суреттеп жазған Такезаки Суенаг атты самурай: «Құмырсқадай қаптаған жауды жеңу мүмкін емес еді, бірақ бізге тәңірдің өзі көмектесті» депті.

Жоғарыдағы оқиғаға биыл 740 жыл толыпты. Қатты дауылдан талқаны шыққан кемелер қалдығы мен суға батқан жауынгерлердің қару — жарағы Жапонияның жағалауындағы теңіз түбінде әлі күні шөгіп жатыр.

Соңғы жылдары көптеген археологтар Хаката бұғазының тереңіне қазба жұмыстарын жүргізуде. Нәтижесінде, моңғол нояндары қолдаған төртбұрыш таңбалар, жарылғыш заттар, қару — жарақ қалдығы табылып жатыр. Соның бірі біз сөз етіп отырған – дуылға.

Бұл жәдігердің ерекшелігі жайлы мамандар, «жасалу стилі таңданарлық нағыз шеберлік үлгісі деуге болады, бұндай керемет дуылға әлемнің еш жерінен кездеспейді» дейді. Расында, дуылғаның төменгі жиегі қошқар мүйіз қазақы оюымен әспеттеліп, күнқағарының үстіңгі бетіне де дәл осы ою бедерленген…

Жоғарыда құрып кеткен Құбылай флотының қалдығын Кензе бастаған жапон ғалымдары ұзақ жыл зерттеп, шағын деректі фильмде түсіріпті. Осы фильмді өткенде АҚШ — тың “Хистори Чайнелл” каналы көрсетті.

Жоғарыда құрып кеткен Құбылай флотының қалдығын Кензе бастаған жапон ғалымдары ұзақ жыл зерттеп, шағын деректі фильмде түсіріпті. Осы фильмді өткенде АҚШ — тың “Хистори Чайнелл” каналы көрсетті.

Жапон ғалымдарының пайымы бойынша, дауылдың жылдамдығы сағатына 200 шақырымды құрапты. Мұндай жағдайда теңіз толқыны 10 -20 метрге жетеді екен. Бұған ешқандай кеме шыдас бермесі анық.

Бірінші тұжырым, кемені жасаған қытай шеберлері осындай дауылдың дәл тамыз айында боларын бұрыннан білген. Сол себепті, кеменің басты тірегі желкен байланатын ортаңғы бағанды әдейі осал етіп жасаған — мыс.

Екінші тұжырым: Құбылай ханның жарлығын жедел орындау үшін шеберлер асығыстық танытып, бұрын шығыс Сүн елі қажетіне жаратып келген, өзен суына арналған кемелерді сәл — пәл теңізге лайықтап жасай салған — мыс.

Осы орайда айптағымыз: «Сақалына сары шіркей ұялап, Миығына қара шыбын балалап, Жазда мал іздеген қазақтың, Басы қайда қалмаған» — деп атақты жырау Шалкиіз бабамыз айтқандай, бабаларымыз мұрасы қайда қалмаған. Бірі тіпті жапон теңізінің түбінен табылғанын көріп отырсыздар.

 

                                                                                                    Бекен  ҚАЙРАТҰЛЫ