Жарқыраған жұлдызы бол өнердің!
Гүлбақыт сәби кезінен биге икемі күшті болды. Оның қабілетін байқаған ата – анасы би ансамбліне берді. Міне, тынымсыз еңбектің нәтижесінде Г. Рахымбай ансамбльде де, жеке би өнерінде де шығармашыл, алға ұмтыла білетін өрен екенін дәлелдеп келеді.
—Тәй – тәй басқан кезінен музыка естісе болды, мың бұрала жөнелетін. Би жандүниесінен орын алғаны соншалық, би дегенде ішкен асын жерге қоятын болды. Баланың жанарында жылт еткен ұшқынды жарқыратып, қабілетінің ұшталуы үшін кез келген жасөспірімге қолдау қажет. Қай отбасының мектеп жасындағы ұл – қызын алайық, бірін – бірі қайталамайтын дарын иесі. Немеремнің ұшқындаған өнері жалындасын деп өзім өнер орталығына апарып, әкелемін. Балет өнерінен көптеген байқауларға қатысып, жеңімпаз атанып қуантып келеді. Ылайым солай болсын! Орталықтағы қыздардың жұлдызы жана берсін деймін, — деп әңгімеледі «Қазақстанның құрметті журналисі», Абай атынлағы ҚҰПУ- нің ардагер оқытушысы Априза Айтпаева.
«Foutte» өнер орталығы Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында «Жарқыраған жұлдыздар» атты республикалық байқау өткізді. Байқауға еліміздің өнерлі балалары қатысты. Қазақтың күй атасы Құрманғазының «Балбырауын» күйі мен қазақ биін сахнаға алып шыққан Гүлбақыттың өнері ерекше бағаланып, «Хореография» аталымы бойынша «Супер гран при лауреаты» атанды.
Хореграфтары Иманбекова Эльвира Жумабековна мен Хо Ольга Владимировна.
Гүлбақыт пен «Foutte» өнер орталығының өнерлі өрендеріне шығармашылық табыс тілей отыра, армандары орындалсын дейміз!
«FSH» jurnaly