Жас мергендер садақ атудан бақ сынады
Алматы қаласында «NASR Club садақ ату клубында» «Deshti Qypchaq — Дешті Қыпшақ» дәстүрлі садақ ату Федерациясының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай жасөспірімдер арасында садақ атудан ашық турнир өтті.
Турнирге 7 клубтан 50-ден астам жас мергендер қатысып, 48 медаль сарапқа салынды.
Алматы облысы «Мергендер ордасы» дәстүрлі садақ ату федерациясының Президенті Абаған Мухтархан жарыстың ашылуында құттықтау сөз сөйлеп, жас мергендерге сәттілік тіледі.
Федерация басшылары садақ атуға қызығатын ұл-қыздармен жалықпай жаттығып, нәтижеге қарай турнир өткізіп, ата-анаға балаларының қабілетін көрсете білді. Балалар және жасөспірімдермен жұмыс істейтін кез келген мекемеде білікті мамандар болуымен қатар, балалармен тіл табысып, олармен әңгімелесіп, айталық садақ атуда мергендікке баулу үшін осы сала маманы нағыз ұстаз бола білуі қажет.
Жарысқа сақадай сай келген балалардың ата-аналары да уақытын өзіне қажет емес, санасын баурап алатын смартфондағы қажетсіз дүниелерге бөлгеннен гөрі садақ ату клубына келіп, белгілі бір нәтижеге жеткеніне өкінбейтіндіктерін аңғартқандай жас мергендерге қолдау білдіріп жүр. Жарыс кестесінен ұққанымыздай, федерация ұлдар мен қыздардың жас ерекшеліктеріне байланысты 7 клубқа топтастырған. Жас аралықтарына келсек, 7 мен 17 жасқа дейінгі балалар иықтарына садақтарын, қорамсақтағы жебелерін беліне байлап, жарысқа қамдана түсуде.
—Клуб жетекшілері өткен тарихымызда ерекше орын алған садақ ату – жауынгерлерге тән батырлық пен батылдықты шыңдайтын спорттың түрі екенін балаларға айтып, түсіндіреміз. «Батырлар» жырларында:
Қорамсаққа қол салған,
Бір салғанда мол салған.
Суырып алған қу жебе,
Сүбесінен жол салған, — деген өлең жолдары бар. Сондай-ақ, «Алтын адамның» садақ, жебемен қаруланған сайыпқыран мерген болғанын Музейдегі артефакттен айқын көреміз. Тарихи деректерге сүйенсек, Қазақстандағы садақ ату республика аумағында неолит дәуірінен бері белгілі. Міне, балаларға осындай тарихи деректерді айта отырып, әуел бастан қызықтыруға тырысамыз. Әр жаттығуды түрлендіріп өткізе отырып, балалар мен жасөспірімдерді мергендікке, төзімділікке, алған бетінен қайтпайтын қайсарлық пен жауапкершілікке баулып келеміз, — деп Федерация президенті Маликов Жукейхан Дүйсенұлы аз уақытта жеткен жетістіктерімен бөлісті.
Турнир басталып кетті. «Жауынгер», «Ержүрек», «Мерген», «Хассақ», «Қызыл жебе», «Қанмерген» клубтарының жетекшілері Эсбердиев Жансерік, Асуат Ғайния, Қабылхан Алмат, Кәдірқұл Ақсымбат, Мейрамбекұлы Шыңғыс, Қалмурза Абдуазиз және «Deshti» федерациясының президенті Маликов Жүкейхан баптаған жас мергендер сайысқа түсіп, ұлдар мен қыздар бөлек-бөлек төрт дистанциядан сайысқа түсіп, арнайы межеге садақ тартты. Сайыс талабы бойынша 7-9 жастағы ұл-қыздар 10 метрден, 10-12 жас арасындағылар 15 метрден,13-15 жастағылар 20 метрден, ал 16-17 жастағы жасөспірімдер 25 метр қашыққа садақ тартты. Алғашқы сайыста 10 метрге садақ атудан Жукейхан Мустафа, 25 метрден Қалмурзаев Абдуали алғашқы жеңіске жетіп, І-орынға ие болды. Екеуі биылғы өткен Қазақстан Республикасы чемпионатының чемпиондары.
Алдағы 10 метрге қалқан мен жамбы атудан Кеншилик Диана– І және ІІ орынды иеленді. Зәкір Марғұлан — 2 орын; 15 метрге қалқан және жамбы атудан Бузик Александра 3 орын жане 2 орын; Қайратұлы Әлиасқар 3 орын мен Тағай Айдана –32 орын алды. 20 метр қалқан Сейдигабпар Шахизада 3 орын; қалқан және жамбы атудан Мунарова Амина І- орын; Қайратқызы Әмина мен Кеншилик Бекежан – 2 мен 3 орынды, 25 метрге қалкан жамбы Кайназар Зере 1 орынды еншіледі. 25 метрге қалқан мен жамбыдан – 2; Жұман Жасулан – 3-орын, Қалқан Берліқожа Мұстафа, Сейітбек Ермұрат, Ерланқызы Зере, Сұлтанбек Нұрасыл, Ерлан Білал, Олжабай Марьям, Жамбы атудан Сұлтанбек Қайсар, Ерғазы Елмұрат, Тоқсанбай Оэлун, Мұхтар Нариман турнирдің І,ІІ,ІІІ орындарына ие болып, жүлдегер атанды. Расулқызы Раяна мен Бағдат Мәруа 2- орын алды.
Алматы қаласындағы №5 мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт-техникалық мектебінің классикалық садақ атудан КСРО еңбек сіңірген жаттықтырушысы Вебер Виктор Викторовичтің шәкірттері қатысып, шеберліктерін көрсетті. Мектеп директоры Горун Евгений Александрович.
Ашық турнирге қаладағы №127 мектептің оқушылары қатысты. Жас садақ атушылар жарысына Федерация клубының жетекшілері мен сараптама төреші Елекеева Алима қазылық етті.
Ж.Кучукова,
«Farabi shakirti» журналы мен
www.farabishakirti.kz сайтының бас редакторы
Суреттерді ұсынған: «Deshti Qypchaq — Дешті Қыпшақ» дәстүрлі садақ ату Федерация президенті —
Маликов Жукейхан Дүйсенұлы