Жас ұрпақ ұлттық болмысты сақтай ала ма?

Бүгінгі жаһандану дәуірінде ұлттық болмысты сақтау–  әр ұлт үшін өзекті мәселе болып отыр.

Қазақ халқы сан ғасырлар бойы қалыптастырған тарихы, салт-дәстүрі, тілі мен діні- ұлттың рухани негізі. Осы орайда басты сұрақ туындайды:  қазіргі жас ұрпақ ұлттық болмысты сақтай ала ма?

Біріншіден, ұлттық болмыс деген не?Ұлттық болмыс– бұл халықтың ұлттық құндылықтары мен дүниетанымы. Ол ұлттың бірегейлігін көрсетеді. Мысалы, қазақ халқы үшін домбыра үні, Наурыз мейрамы, үлкенге құрмет пен кішіге ізеттілік–осы болмыстың айқын дәлелі.

Екіншіден, қазіргі таңда  интернет,  шетелдік мәдениет өскелең ұрпақтың өміріне әсер етуде. Мұны жаһандану дәуірінің қауіпті жағдайлары ретінде айтуымызға болады. Әсіресе, Батыс елдерінің мәдениеті мен өмір сүру салттары әлеуметтік желіде кеңінен таралуда. Бұл жағдай ұлттық тілімізді, мәдениетімізді көлеңкеде қалдыруы мүмкін. Мәселен, Қазақстан Республикасының Ұлттық статистикасының 2023 жылғы мәліметіне сүйенсек, 14-29 жас аралығындағы жастардың  62%-ы бос уақытын әлеуметтік желіде өткізетінін  көрсеткен. Бұл– ұлттық әдебиет пен тарихқа қызығушылықтың төмендеуіне әкеп соғуы ықтимал.

Үшіншіден, жас ұрпақтың мүмкіндігі мен жауапкершілігі. Дегенмен, бұл үрдісті тоқтату да жастардың қолында. Соңғы жылдары ұлттық рухты арттыруға байланысты бірнеше жобалар пайда болуда. Мысалы, жастар арасында дәстүрлі музыкаға, ұлттық киімге қызығушылық артып келеді. 2022 жылы ”Қазақ  ұлттық өнер университетінің” сараптамасында  сұралған студенттердің 71%-ы ұлттық мұраны сақтап, оны “заманауи түрде таныстыру керек” деген пікір білдірген. Бұл– келешекке деген үміттің нышаны.

     Қорытындылай келе, жас ұрпақ–ұлттың келешегі. Олар ұлттық болмысты сақтап қана қоймай, оны заманауи түрде дамыта алады. Бұл үшін мемлекет, ата-ана және қоғам бірігіп жұмыс істеу қажет. Егер біз жастарды ұлттық сана мен рухта тәрбиелей алсақ, онда ұлттық болмысымыз да мәңгі жасайды.

ӘЛІМ Кәусар,

Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы, Көптоғай селосы,

Құрман орта мектебінің 11сынып оқушысы.

                                                       Жетекшісі: Мединаева Гүлнар Максотовна

Сурет:https://massaget.kz/