Жасанды интеллект — адамзаттың болашағы ма, әлде қаупі ме?

Жасанды интеллект – көп мүмкіндік беретін жаңа технологиялар мен алгоритмдер жиынтығы. ХХІ ғасыр – жаңа ғылыми серпілістер мен жаңалықтардың ғасыры. Бұрын ешкім назар аудармаған, қиял деп таныған бұл ұғым қазіргі таңда күнделікті қолданатын құрылғы ға айналды. Алайда адамзат үшін жасанды интеллекттің тигізер пайдасы да, әкелер қаупі де көп. Осы мақалада ЖИ-дің пайдасы мен зиянын саралап, оның адамзат болашағына әсерін талдаймын.
Жасанды интеллекттің адамзат үшін мүмкіндіктері медицинада, білім беру жүйесінде, көлік және логистика саласында, өндіріс және қызмет көрсету, экология саласында озық көрінеді. Ашып айтар болсам, медицинада емдеу әдістерін жетілдіру мүмкіндігі бар. Мысалы, кейбір алгоритмдер қатерлі ісікті адам мамандарынан да жылдам анықтай алады. Білім жүйесінде интерактивті платформаларда кеңінен қолданыла бастады. Көлік және логистика саласында смарт жеткізу жүйелері көлік қозғалысының қауіпсіздігі арттыруда. Қызмет көрсету саласында роботтандыру адам еңбегін жеңілдетіп келеді. Экология саласында ЖИ ауа райын алдын ала бақылап, соған сәйкес жұмыс істей алады.
Алайда жасанды интеллекттің дамуымен бірге күрделі мәселелер де туындауда:
Біріншіден – жұмыссыздық: көптеген мамандықтар автоматтандырылып, адамдар жұмыссыз қалу қаупіне ұшырайды.
Екіншіден – бақылау мен дербестік: ЖИ арқылы бақылау жүйелері құрылады. Мұндай жағдай жеке өмірге қол сұғуға әкелуі мүмкін.
Үшіншіден – бақылаусыз даму: егер жасанды интеллекттің дамуы бақылаусыз жүрсе, ол адамдардың мүддесіне кері әсер әкелетін шешімдер қабылдай алады.
Адам мен жасанды интеллект болашағы: ЖИ – құрал. Ол адамзаттың мақсаттары мен қалай қолданылуына қарай қауіп те, мүмкіндік те бола алады. Басты мәселе – ЖИ-ді адам игілігіне бағыттау.
Қорытындылай келе, жасанды интеллект – адамның болашағы үшін үлкен мүмкіндік. Ол көп мәселені оңтайлы шешуге қабілетті, бірақ оны теріс бағытта пайдалансақ біз үшін қауіп көзіне айналуы ғажап емес. Сол себепті жас ұрпаққа білімділік, жаһандық ынтымақтастық қажет. ЖИ — ді адамгершілік пен жауапкершілікпен пайдалану – баршамыздың ортақ міндетіміз.
ӘЛІМ Кәусар
Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы, Көптоғай селосы,
Құрман орта мектебінің 11-сынып оқушысы,
Республикалық «Farabi shakirti» журналы мен
www.farabishakirti.kz желілік басылым сайтының Жас тілшісі
Жетекшісі: МЕДИНАЕВА Гүлнар Максотовна
Сурет:https://018.kz/