Жастарға берілер ең қымбат мұра – тәлім

Желтоқсанның бесінші жұлдызында Абай ұлттық мектебінің қара шаңырағында ерекше рухани шара өтті.
Қазақстандағы алғашқы апат туралы түсірілген «Қайтадан» фильмінің шығармашылық тобы – режиссер Думан Еркімбек, бас продюсер Жалын Тілеуберген, желілік режиссер Назерке Базарбаева және халық сүйіспеншілігіне ие актер Әшім Ахметов оқушылармен жүздесіп, өнер жолындағы құнды тәжірибелерімен бөлісті.
Бұл идеяның бастамашысы 11 «В» сынып оқушысы Ахметжан Балнұр болды. Кинематографияға деген қызығушылығы мен ізденістері арқылы Балнұр «Dala cinema» киностудиясымен байланысып, шығармашыл топты мектепке шақыруды ұйғарды. Мектеп әкімшілігі ұсынысты бірден қолдап, ұйымдастыру жұмыстарын шұғыл түрде қолға алып бастап кеттік. Ең қуаныштысы – Думан Еркімбек пен Жалын Тілеубергеннің Абай мектеп-интернатынан түлеп ұшқан түлектер болуы. Сол себепті олар шақыруды қарсылықсыз қуана қабылдады. Өз кезегінде, бұл кино жарық көрген алғашқы күндері-ақ дарынды интернат оқушыларына тегін көрсетіліп, өнерге деген құштарлықтарын арттырған еді.
Кездесу басталған сәттен-ақ залда жылулық пен шығармашылық серпіліс сезілді. Оқушылар актерлердің кәсіби жолы, фильмнің түсірілу үдерісі және олардың тұлғалық қалыптасуы жайлы тың деректерге қанықты. Шығармашылық топ жас көрермендерге өнер әлеміндегі шынайылықты ашып, табандылық, ізденіс, өзіндік бағыт қалыптастыру жөнінде маңызды кеңестер айтты. Сұхбаттасып,сырласу барысында Әшім Ахметов дарыннан шыққан табанды, зерек оқушыларға таңданысын жеткізді. Сөз саптаулары мен бойларында дарында жүріп пайда болған көшбасшылық қасиеттерін айтып, дарындықтар бір марқайып алды.
Сонымен қатар режиссер мен продюсер интернат өмірі бейнеленіп, 2022 жылы түсірілген «Біздің сынып» телесериалын
түсіру барысынан қызықты мәліметтермен бөлісіп, интернаттағы көңілді сәттерді еске түсірді.
Қонақтар тарапынан мамандық таңдау, болашаққа қатысты шешім қабылдауда кездесетін күмәндар мен қиындықтар туралы айтылған ойлар оқушыларға пайдалы бағдар болды.
Шара барысында тек сұхбат емес, кино өнеріне қатысты ойындар да ұйымдастырылып, залдағы көңіл-күйді көтере түсті. Оқушылар мен қонақтардың арасындағы еркін диалог шараны ерекше жандандырып, өзара түсіністік пен қызығушылықтың орнауына ықпал етті.
Кездесу аяқталған соң көрермендер «тәлімдік тұстары мол болды» деген ортақ пікірге келді. Оқушылар өздеріне қажетті ой түйіп, жаңа мақсаттарға ынталана бастады. Тіпті демалуға келген ұстаздардың өзі алғыс білдіріп, шараның мәні мен пайдасын ерекше атап өтті.
Осындай ықылас пен нәтижені көрген мектеп әкімшілігі, соның ішінде осы «Тәлім time» жобасының жетекшісі мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айжан Оспан жобаның алдағы кезеңде де қарқынды түрде жалғасын табатынын хабарлады.
Кездесу соңында мектеп директоры Мұқашев Қайрат Манатбекұлы қонақтарды жылы шығарып салып, оқушылардың өнерге деген қызығушылығын арттыру мақсатында жеке кино және шығармашылық үйірме ашу мүмкіндігін талқылады.
Бұл бас қосу – тәлім, тәрбие және тәжірибе тоғысқан мазмұнды іс-шара болды. Абай мектебінен болашақта да елге есімін әйгілі тұлғалар шығарына сенімім зор.
ШАЙДАРБЕКОВА Айғаным,
Абай ұлттық мектебінің 11«В» сынып оқушысы.
Алматы





