«ЖАЗ» ӨЛЕҢІН ОРЫС ТІЛІНЕ АУДАРҒАН АГРОНОМ

Алаш қайраткері Сатылған Сабатайұлының абайтануға қосқан үлесі хақында

   ХХ ғасыр басындағы қазақ оқығандарының санасына, дүниетанымына, көзқарасына Абай сөзі зор ықпал еткен. Оның өлеңдерінің стильдік — жанрлық ерекшелігі, поэтикалық қуаттылығы мен сөз қолданысы оқығандардың жүректеріне оңай жол тапқан. Абай сөзінен тағылым алған ұлтшылдар ұйқыдағы халықты ояту үшін ақын сөзін насихат құралына айналдырды. Абай сөзі арқылы жаңа қоғам құруды мақсат етті. Абай сөзі – рух қамшысы еді. Мінезді даралайтын, намысыңды оятатын.

Абайды зор құрметтеген тұлғалардың бірегейі – Сатылған Сабатайұлы. Көрнекті ұлт қайраткері, Алаш ұлт-азаттық қозғалысының белді өкілі. Алаш әскерін құрушы Орталық тұлға. Сатылған – қазақтан шыққан білімді де білікті агроном. Ауылшаруашылығы саласының қыр-сыры мол жұмбағын шешкен, жер қадірін түсінген азамат. Сонымен қатар, қазақтың бұл баласы тіл білімі саласына да зор еңбек сіңірген тіл маманы болатын.

Кеңестік идеологияның бұрқасын дауылы ұлт тарихынан есім-сойларын аластатып, артына қалдырған ерлікке толы өнегелі істерін өшіріп, қоғамдық санамыздан шығарып тастаған. Ұзақ уақыт ел есінен ұмыт болған ұлт қаһармандары қатарындағы Сатылған Сабатайұлы Абай өлеңін алғаш рет Верныйдағы ер балалар гимназиясында оқып жүргенінде ел ағасы, Алаш серкесі, заңгер, реформатор Барлыбек Сырттанұлынан естіп, таң қалған екен.

  Сатылған –  1874 жылдың 24 мамырда бұрынғы Жетісу облысы, Верный уезі, Үлкен Алматы болысының жетінші ауылында туған. 1895 жылы Верныйдағы ұлдар гимназиясын бітірген. Гимназияны жақсы оқыған еркебұлан білім іздеп Ресейге барған. 1898 жылы Мәскеудегі Лазаревский атындағы Шығыс тілдері институтын тәмамдайды. Сосын, 1915 жылы Петровско-Разумовский атындағы академияны бітірген. Студенттік жылдарында Мәскеу университеті жанындағы жаратылыстану, антропология және этнография әуесқойларының мәжілісіне тұрақты қатысқан. «Қазақтардың сот ісін жүргізуі», «Торғай облысы, Қостанай уезінің соты қазақтарының ақсақалдар және ара-ағайындық соты» деген тақырыптарда баяндама жасап, жұрт назарына іліккен.

   1899 жылдан 1901 жылға дейін екі жыл Жетісу облысы, Пішпек уездік басқармасының аудармашысы болып қызмет істейді. 1901 жылы Жаркентке ауысып, 1906 жылға дейін Жаркент уездік басқармасының аудармашысы болады. Қосымша Жетісу облыстық қоныс аудару мекемесінде қызмет істейді. Сатылған Сабатайұлының мамандығы мен оның мүмкіндігін ескерген сол кездегі Жетісу облыстық басшылығы 1906 жылы оны Егіншілік және жерге орналастыру бас басқармасына қызметке ауыстырған. Екі жыл сол мекемеде жұмыс істейді. 1916-1917 жылдары Лепсі уезінің ауылшаруашылық мекемесінде қызмет істеген.

Патша үкіметі құлаған соң, агроном Сатабайұлы Алаш қозғалысына белсене араласады. Қазақ елінің жеке дара мемлекет болуына жан-тәнімен қызмет етеді. Ұлтын бодандық қамытынан шығарамын деп шарқ ұрған. Сондықтан өзінің бар күш-жігерін Алашорда үкіметін құруға жұмсайды. Сабатайұлының бұл еңбегі оның ел арасындағы беделін асырады. 1917 жылы 5-13 желтоқсанда өткен екінші жалпықазақ сиезінде Алашорда үкіметіне мүше болып қабылданады.

                      Ауылшаруашылығының бас маманы

1918 жылы қаңтарда Верный қаласында өткен Жетісу облысы қазақтарының екінші сиезіне қатысады. Содан бастап автономия құру, милиция жасақтау жұмыстарымен айналысады. Верныйдағы Алаш зиялыларымен қазақ-орыстардың іс қимылынан қауіптенген қызылдар 1918 жылы 9 наурызда Отыншы Әлжанұлы, Ыбырайым Жайнақұлы, Сатылған Сабатайұлы сияқты Алаш азаматтарын тұтқынға алады. Агроном Сабатайұлы  17 сәуірде түрмеден босатылып, Семейге кетеді. Семейге барған соң тағы да Алаш үкіметінің жұмыстарын атқарады. 1918 жылы 10-31 тамызда Алашорданың Лепсі уезі, Жетісу облысы қазақтарының сиезі өтеді. Сиезде ол облыс комитетінің мүшесі болып сайланады. Семейде бірінші Алаш әскери полкін жасақтау ісіне қатысады. 1918 жылы 1 қараша күні Алашорда кеңесі Сібір үкіметінен агроном Сатылған Сабатайұлының ауылшаруашылық бөлімінің бас маманы болуына рұқсат алады.

Совет үкіметі орнаған соң ол Қарқаралыда өз мамандығы бойынша қызмет істеген. 1921 жылы 15 сәуірде Қарқаралы маңындағы Ботақара деген жерден тұқым алып келуге бара жатқан Сабатайұлын ақтардың соңына түскен қызыл әскерлер жазықсыз атып кеткен. Оның өлімі турасында «Ақ жол» газетінің 1921 жылғы № 81 санында «Уақытсыз қаза» деген мақалада жазылған. Мақалада: «Осы жыл 5 апрельде Қарқаралыны біраз күн ақтар алып тұрғанда өзі санаулы оқымыстыларымыздан мына азаматтарды қазаға ұшыратып кеткен: Сатылған Сапатаев, Ахметов, Әбжан Міндербаев, Көмекбаев, Әбдірахман Жүнісов һәм Шыңғысовтарды. Басқарма – марқұм Сатылған Сапатаев бастап Мәскеудегі күн шығыс тілдерін оқытатын Лазаревский институтында оқып, онан кейін Мәскеудегі Петровск академиясын (шаруашылық ісінің жоғарғы медресесін) бітірген қазақтың үміткер ұлдарының бірі еді. Марқұмның уақытсыз жер қойнауына кіруі орны толмас зор қаза болды. Тек топырағы жеңіл болып, жатқан жері торқа болсын», – деп жазылған. Боздақтың өмірі осылай қапияда қиылған…

          Абайтану тарихында арыстың аты аталмады

  Гимназияда оқып жүргенінде — ақ Абай өлеңіне ынтыққан Сатылған ақынның «Жаз», Міржақып Дулатұлының «Мұң» атты өлеңдерін қара сөзбен аударып, көрнекті шығыстанушы А.Н.Веселовскийдің құрметіне шығарылған «Әл — шархият» (Мәскеу, 1914) жинағына енгізген. Тегінде, агроном — шығыстанушы Сатылған Сабатайұлы Абайдың өлеңін орыс тіліне алғаш аударған азаматтардың бірегейі. Сол жылдары Абай сөзін орыс тіліне тәржімалаған үш-ақ қазақ болатын. Олар – Нұқ Рамазанов, Нәзипа Құлжанова және осы Сатылған Сабатайұлы.

Ұзақ уақыт абайтану тарихында Сатылған арыстың аты да, заты да аталмады. Еңбегі туралы еш дерек жоқ. Ескі газет-журнал тігінділерін ақтарып, қайраткердің абайтануға қосқан үлесін түгендеуді мұрат еттік. Міне, сол аударманың мазмұны қолымызға түсті. Ендеше, агроном Сатылған Сабатайұлының аудармасына назар аударайық:

«Когда наступаеть льтомь время «чилдэ», когда зеленая трава, осока, тюльпаны – вь полномь цвьту; когда у бурливой рьчки располагается кочевой ауль – табунь ржашихь лощадей весь утопаеть вь зелени, лишь шерсть ихь мелькаеть изь-за зеленой травы: кони – жеребцы и кобылы, – наьвшись досыта сочной травы, стоять вь рькь, отмахиваясь оть назойливыхь мухь и ударяя хвостами по водь, а возль нихь шаловливо скачуть жеребята; взадь и впередь летають утки и гуси.

Засучивь рукава до бьлыхь локтей, дьвицы и молодухи раскидывають кибитки, расхаживая плавной кокетливой походкой и перекидываясь между собой шутливыми словами. Изь табуна быстро возвращается вь ауль довольный хозяинь, по знаку котораго наливають изь «сабы». Вь миску кумысь и ставять у семейнаго очага одноаульцевь. Старшіе сидять отдьльно, бесьдуя между собой, иногда пересмьиваясь громко и звонко. Обиженные прислугой, ребятишки вертятся возль матери и капризно просять мяса.

Воть подь раскинутымь шатромь, укрывшись оть знойнаго солнца, передь шумяшимь самоваромь важно сидить на разостланномь коврь хозяинь. Иногда, кто-либо, умудренный житейскимь опытомь, расказываеть что-нибудь, слушатели кивають головой, выражая свое одобреніе.

А на другомь конць аула вь бьлой рубашкь выходить, опираясь на палку, сьдой старикь и кричать пастухамь, чтобы угнали подальше оть его аула скоть; онь нарочно кричить, какь бы заискивая, чтобы хозяинь пожальль его, бьдняка, и угостиль кумысомь.

Утромь вь ауль возвращаются табунщики, гарцуя на неспокойныхь неукахь; они покачиваются вь сьдль, а халаты у нихь спущены сь плечь до пояса.

По берегу рьчки скачуть молодые охотники сь ружьями и ястребами. Одинь изь нихь уже пустиль своего ястреба на стадо гусей. Гусь не успьль подняться, какь ястребь схватиль его. Бьдный старикь, глядя на охотниковь, громко смьется, выражая одобренье…»,  – деп қарасөзбен Абай өлеңін орыс тіліне аударған — ды.

Міне, агроном маман аударған «Жаз» өлеңінің тәржімасы. Салмақты да байыпты. Қыр қазағының арасынан озық ойлы шыққан Абай тұлғасын орыс әлеміне таныстырған ізашар насихат жұмысының басы. Абай жаз маусымының сыр — сипаты мен көркін поэзия тілінде шебер бейнелесе, ізбасары Сатылған соны орыс тілінде қарасөзбен көркем суреттеген. Демек, аудармашы қазақ тілін емін-еркін меңгерген жан ретінде хәкім сөзінің әр жолын, әр тармағын мағынасына қарай ашып, ажарын бояп, реңін әспеттеген.

«Жаз» өлеңі – Абайдың ақындық тұлғасы мен сөз қолданысын, шығармашылық зертханасын биіктеткен ерек шығарма. Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан «Өлеңдерінен көрініп тұрғандай Абай асқап поэтикалық қуаттың иесі, қазақ халқының мақтанышы болды. Абай сияқты халықтың рухани творчествосын осыншама жоғары көтерген қазақ ақыны әлі кездескен жоқ. Оның жылдың төрт мезгіліне арналған (көктем, жаз, күз, қыс) тамаша жырлары оны Европаның атақты ақындарының қатарына қосар еді» деп жоғары бағалаған. Ендеше, жаз мезгіліне арналған бұл өлең – қазақ ауылының өмірі мен тіршілігін, болмысын суреттеген политралы бояу көп пейзажды сөз. Орыс зиялыларын Абай осы пейзажды суреті арқылы тамсандырған.

Абайтану ғылымы үшін ХХ ғасырдың алғашқы жылдарында жазылған әрбір мақала, әр аударма өте құнды һәм бағалы. Хакім мұрасын игерудің, танудың көрсеткіші. Тұлғатану ғылымының бастауында тұрған Сатылған Сабатайұлының аудармасы – өз заманындағы көркем әдеби аударма саласының жетістігі. Сосын, ғасыр басындағы қазақ баласының орыс тілін жетік меңгеруін анық көрсетеді.

Сатылған Сабатайұлының абайтануға қосқан үлесі – осы. Зерделі жас өскін біле жүрсін. Бұл – абайтану ғылымының ақтаңдақ бір беті ғана. Ашылмаған, айтылмаған сыр көп…

 

Елдос ТОҚТАРБАЙ,

Әдебиет сыншысы.

«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері