2023 жылдың 13 желтоқсан күні сағат 15:00-де Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейінде 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні және 1986 жылғы Желтоқсан оқиғаларына арналған «Желтоқсан – Тәуелсіздік жаңғырығы» көрмесінің ашылуы өтті.

Қазақстанның тәуелсіздікке қол жеткізуіне 1986 жылы Алматыда өткен желтоқстан оқиғасының бірден-бір себеп болғаны тарихтан мәлім. Содан бері Қазақстан халқы 16 желтоқсан күнін еліміздегі маңызды даталардың бірі – Тәуелсіздік күні ретінде атап өтеді. Бұл күн егемен еліміздің қалыптасуы мен дамуы жылдарында жүріп өткен сан қилы жолдарын еске түсіреді. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы тәуелсіз мемлекет құруға зор ықпал етіп, халық тағдырына түрлі өзгерістер әкелді. Уақыт өткен сайын бұл тарихи оқиғаның маңызы арта түседі және халық жадында болады.

Бүкіл әлемді дүр сілкіндірген Алматыдағы Желтоқсан оқиғасы сол кездегі қазақ жастарының ұлттық сана-сезімінің өскендігінің зор айғағы еді. Осы оқиға Кеңес Одағында демократиялық процестердің дамуына түрткі болып, үлкен өзгерістер әкеліп, көп ұзамай КСРО-ның ыдырауына ықпал етті. Сол кездегі жастардың мемлекеттің өзін-өзі билеуі және конституциялық құқықтары үшін болған күресі қазақ ұлтшылдығының көрінісі деп бағаланды. Желтоқсан демонстрациясына қатысқан жастар аяусыз жазаланып жарақаттар алды, жұмыстан, оқудан қудаланып, қамалды.

Бұл оқиға қазақ халқын оятып, сана-сезімінің ұлттық бағытта дамуына зор әсер етті. Барлық жерде қазақ халқының тілін, дәстүрін және рухани құндылықтарын қайта өркендету үшін қозғалыстар күшейді. Желтоқсан оқиғасы қазақтардың ұлт ретінде этносаяси бірігуін айтарлықтай күшейтті. Қазақстанда өзін-өзі билеу және тәуелсіздік идеясын жүзеге асыруға бағытталған процесс басталды.

Көрменің мақсаты: Тәуелсіздік бастауы болған Желтоқсан оқиғасына қатысты деректі материалдармен таныстыру, Тәуелсіздігіміздің оңайлықпен келмегенін, қаншама жастарымыз қыршынынан қиылғандығы туралы мәлімет беру және өсіп келе жатқан жастарды отаншылдыққа, ұлтжандылыққа тәрбиелеу.

Көрмеге келушілер назарына фотоқұжаттық, заттық экспонаттар, Желтоқсан оқиғасына қатысушылардың құжаттары, фотосуреттері және осы тарихи оқиға туралы жазылған кітаптар қойылды. Экспонаттардың қатарында КСРО Халық әртісі Ә.Мәмбетовтың көтеріліске қатысқанын дәлелдейтін қанға боялған киімдері (пиджак, жейде және галстук) бар.

Көрменің ашылу салтанаты музейдің кең фоэсінде ұйымдастырылды. Үлкен экраннан Тәуелсіз Қазақстан көріністері көрсетіліп,  Алматы қаласының Ішкі істер Департаментінің ансамблі рухты саз ойнап басталды. Ортаға мемлекеттік Ту әкелініп, Әнұран орындалды.

Келген қонақтар алдында Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, журналист-публицист, сазгер, қоғам қайраткері, желтоқсаншы Хасен Қожа-Ахмет және Желтоқсан ардагерлері:  «Желтоқсан қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұрлыбек Қуаңбаев, осы бірлестіктің саяси кеңес мүшесі Талғат Тұрысбаев, Желтоқсан көтерілісінің шындығын бейнелеген «Аллажар» фильмінің қоюшы-режиссері Қалдыбай Әбеновтің жоқтаушысы – желтоқсан қаһарманы Ерлан Әбдірашитұлы құттықтау сөз сөйлеп, ізгі лебіздерін айтты.

Гүлжанат ШОНАБАЙ,

журналист

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *