Жер сілкінісі кезінде ғимаратты қорғайтын құрылғы ойлап тапты

Шымкенттік жас дарын жаңа сейсмотұрақтандырғыш құрылғы ойлап тапты. 10 сынып оқушысының жобасы жер сілкінісі кезінде тұрғын үйлердің беріктігін сақтап қалуға септігін тигізеді. Сонымен қатар, адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында онда дабыл құрылғысын да орнату көзделген.

16 жасар Ізет Айтжан -10 сынып оқушысына Түркияда орын алған жер сілкінісінен кейін, мұндай алапаттың алдын алу керек деген ой келген. Осылайша көпқабатты тұрғын үйлерді апаттан сақтап қалудың жолын іздеп, жаңа жобаны жасақтап шықты. Ол өнертабысын “Тұрақтандырғыш” деп атаған

Ізет Айтжан, 10 сынып оқушысы: «Бұл құрылғы ерекшелігі цилиндрінде. Яғни мына тұрған ортасындағы бөлігі құрылғының горизонталь бағытта қимылдауына жауап береді. Ал бұл бөлігі вертикальды қозғалысын қамтамасыз етеді. Осылайша ғимараттың балансын ұстауға жауап береді. Ал мына бөлігі жер қыртысына жалғанады. Жел қыртысына жалғанып, тек құрылғының ғана емес, ғимараттың да беріктігін сақтауға толықтай жауап береді»

Дарынды бала архитектор болуды армандайды. Бұл жобасын келешекте өзі жасаған сәулетті ғимараттарында қолдануды көздеп отыр. Оның айтуынша тұрақтандырғаш нысанның беріктігін сақтап, оның апат кезінде қирап қалмауына септігін тигізеді. Ізеттің сөзінше, үйдің жер төлесінде қаншалықты көп құрылғы қойылса, соғұрлым қауіптің деңгейі төмендейді.

Ізет Айтжан, 10 сынып оқушысы: «Киноиндустрияда тұрақтандырғыш бар ғой. Соны қарап отырып, осындай құрылғы жасау туралы ой келді. Әрине идея болғанмен, құрылғы толықтай бірден келмеді. Ізденіп, қарадым, зерттедім. Архитектор мамандардан кеңес сұрадым. Егер ғимарат үлкен болса, тұрақтандырғыш та үлкен және көп болғаны дұрыс. Мысалы ғимарат үлкен болып, астында 2 ғана тұрақтандырғыш болатын болса, сенімсіз болады. Ал оны көбейткен сайын беріктігін арттырамыз. Сонымен қатар тұрғындардың қауіпсіздігіне сенімді боламыз»

Қазір жобаны патенттеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, Ізет өз туындысын жетекшісімен бірге тағы да дамытуды жоспарлауда. Атап айтқанда, сезімдалтық қызметін арттырмақ. Жер сілкінісі орын алған жағдайда «Тұрақтандырғыш» бірден инфрақұрылым жүйелеріне дабыл береді. Осылайша бір мезетте электр, газ, су жүйесі автоматты түрде жұмысын тоқтатып, қауіп сейіледі.

Шолпан Ізтілеуова, география пәні мұғалімі: «Жұмыстың жасалу барысын толықтай зерттеп жатырмыз. Сонымен қатар патент алумен айналысудамыз. Мысалы Жапон мемлекетінде жер сілкінісінен ғимаратарды сақтап қалу үшін жұмыстар жүргізіліп жатыр. Біздің жұмыстың ерекшелігі ең тиімді тәсілді қолданып жатырмыз»

Ал мектеп басшылығы дарынды жастарға қолдау көтсетіп отырғанын айтады. Оқушыларды өздері таңдаған мамандыққа қарай бейімдеп, ғылыми жобалар жазуға машықтандырады екен.

Раушан Балтабекова, №65 мектеп-гимназияның директордың бейін ісі жөніндегі орынбасары: «Оқушыларға бағыт берген уақытта, олардың болашақта таңдаған мамандықтарына қарай ғылыми жобаның тақырыптарын таңдайды. 7 сыныптан бастап балалар өз мамандықтарына қарай бағыт алады. Бірақ 9-10-11 сынып кезінде оқушылардың дамуына басымдық береміз»

Енді өнертапқыш Ізет Айтжан ғылыми жобаны жетілдіріп, үлкен байқауларда бағын сынап көрмек. Ал білім ұясында «Шамшырақ» ғылыми қоғамдастығы жұмыс істейді. Қазір онда Ізет сияқты тағы 200-ге тарта оқушы өз жобаларын қорғауға дайындалып жатыр.

Otyrar.kz