Жоғары сынып оқушыларына мамандық дұрыс таңдауда психологиялық кәсіби бағыт бағдар беру

Бүгінгі қоғамдағы экономикалық, саяси, әлеуметтік өзгерістер түбегейлі әр адамның кәсіби іс-әрекет сферасын да қамтып отыр. Мен бұл мақаламда жоғары сынып оқушыларының алдын ала мамандық таңдау сатысын және оған қабілеті мен қызығушылықтары мәселесін қарастырамын. Кәсіби қызығушылықтың құрылымдық психологиялық табиғатын зерттеуде көп жақты зерттеу жұмыстары болғанымен әлі күнге дейін оқушылардың кәсіби бағдар жұмысының күтілетін нәтижелері жеткіліксіз деңгейде. Сол үшін зерттеу жұмысымыздың ең негізгі және едәуір күрделі міндетіміздің бірін – оқушылардың танымдық процесіне қажеттілік, қызығушылық, қабілеттілік, саналы тұрғыда жан дүниесіне жақын қалаған мамандықты таңдау және оны өз бетінше ары қарай жетілдіруді қалыптастыру қажет деп ойлаймыз. Әрине мұндай міндеттерді шешу көбінесе оқушылардың өзіндік ұстанымдары мен ниеттеріне байланысты болып келеді. Десек те, әрбір жеке тұлға әлеуметтік қоғамда өзінің жүрек қалауымен сүйікті мамаңдығын таңдай алса ғана, кейінгі өмірі мен жылдарын сүйіспеншілікпен жасай алады. Сүйіспеншілікпен жасалынған жұмыстар ғана өз нәтижесін беретіні сөзсіз. Бұл жағдайда адам жұмысқа ерекше құлшыныспен кірісіп, жұмысынан ләззат алады. Сондықтан да өсіп келе жатқан жастардың еңбекке деген талпынысы мен қажеттіліктерін, өмірге өз беттерінше дайындалуға моралдық-психологиялық дайындықтарын жоғарылату, жоғары сынып оқушыларының кәсіби бағдарлануын қалыптастыру, еңбек тәрбиесін жақсарту және оқыту мәселелері маңызды мәселелердің негізгісіне айналу қажет.

П.А.Шавир бұл процестің психологиялық мазмұнын нақты мамандықты таңдау бағытымен, сол таңдаудың ішкі негіздерін табумен байланыстырады. П.А.Шавирдің пікірінше ішкі психологиялық негіздерге қызығулар, бейімділіктер, өзіндік бағалау және құндылық бағдарлану, эмоциялық ішкі бағдарлар, ерік сапаларын жатқызады .Ал, С.Н.Чистякованың пікірінше кәсіби бағыттың мазмұны: оқушылардың қажеттіліктері мен қабылдаулары, бейімділігі мен қабілеттері, олардың кәсіби қызығушылықтары білім беруді жалғастырудың басты мәні болып табылатындығын атап өтті .

Мамандықты дұрыс таңдаған жағдайда оқушылардың жеке даралық ерекшеліктері бірнеше мамандықтардың талаптарына сәйкес келеді. Оқушыға қандай да бір мамандықты таңдауға кеңес беру кезінде оның жеке даралық мүмкіншіліктерін ескеру қажет. Мамандықты таңдау туралы бала сонау мектеп жасына дейінгі кезеңнен ойлана бастайды. Адам балалық шынайылықтан әлеуметтік есеюге дейінгі жылдардан өту барысында бірнеше өтпелі кезеңдерден өтеді. Қазіргі кезеңде жоғары деңгейде қоғамға тиісті қажетті маманды саналы ұғыну – тұлға саналылығының дамуының бір көрсеткіші болып табылады. Тұлғаның кәсіби қалыптасу мәселесін терең зерттеген Отандық психологтардың бірі Т.В.Кудрявцев тұлғаның мамандыққа  қатысы мен іс-әрекеттің орындалу деңгейін кезеңдерге бөлу критерийлері ретінде алды. Ол кезеңдердің төрт түрін бөліп көрсетті:

  1. Кәсіби ниет және оның пайда болуы мен қалыптасуы;
  2. Кәсіби білім беру және кәсіби іс-әрекетке дайындық;
  3. Мамандыққа кірісу, оны белсенді меңгеру және өндірістік ұжымнан өз орнын табу;
  4. Кәсіби еңбекте тұлғаның толық жүзеге асуы .

Сондай-ақ, кәсіп, кәсіби бағдар туралы мәселені Қазақстандық ғалымдар да өз зерттеу жұмыстарында қозғап келді. Солардың ішінен, Қазақстандағы ең алғашқы жұмыстардың бірі Ж.Аймауытовтың «Жан жүйесі және өнер таңдау», — атты еңбегінен көре аламыз. Аталған еңбегінде кәсіп таңдау мен кәсіби мәселе туралы жазылса, 1994 жылы Алматыда шыққан Л.Х.Мажитованың «Қазақ мектептерінде кәсіптік бағдар беру» әдістемелік нұсқауын (1926), ал С.Ж.Жақыповтың «Психология познавательной деятельности» жұмысында  : «кәсіби бағдар жұмысы қоғамға керек екені бұрыннан белгілі болды, бірақ оны пайдалану процесі кеш басталды», — дейді. Сондай-ақ, профессор С.М.Жақыповтың басшылығымен А.Т.Изакова өзін-өзі танытудың мағына құрушы факторларының кәсіби өзін-өзі анықтауға әсерін, Г.М.Кәрібаева кәсіби іс-әрекеттің мотивациялық құрылымының ерекшеліктері мәселесін зерттеді. Осы бағытта зерттеу жүргізген профессор Ж.Т.Түрікпен-ұлы мен Х.Наубаеваның «Оқушыларды еңбекке баулу және кәсіби бағдар», — атты кітабында кәсіби бағдар – тұлғаның өзіне сай мамандық таңдау кезінде оларға мақсатқа бағытталған көмек көрсету делінген.

Сондай-ақ, оқушылар мамандықты таңдауда арнайы және қосымша пәндермен жәй ғана танысып қоймайтын ерекшеліктеріндегі таным қызығушылығының мәні зор. Таным қызығушылығының мәні – объект таңдайтын маман саласын үнемі терең оқып үйренуге тұрақты тырысушылықтың арқасында қандай да бір білімнің теориялық ғылыми негізін тану, құбылыстардың мәнін терең түсінуге тырысумен сипатталынатын таным процесі.

Негізінен жоғары сынып оқушыларында көп жағдайда мамандыққа деген қызығушылық жағдайы басым болғанымен, кейіннен қызығушылықтары ауысуы да мүмкін. Яғни, өзінің қалауын білсе де, бірақ мамандықтарының қалай аталатынын білмейтіндері де бар. Кейіннен жоғары ҰБТ (ұлттық бірыңғай тест) немесе КТ (кешенді тест) уақыты жақындағанда оқушы бойында бірнеше ойлар мен күдіктер басым болады. Себебі, әрбір оқушының ойын екі жағдаят мазалайды. Оның бірі, қандай жоғары оқу орнына немесе колледжге оқуға құжат өткізсем болады десе, екіншісі, жоғары оқу орнына құжат тапсырарда жиынтық баллды жинай алам ба?, оқуға түсе алмасам сыныптастарым мен достарыма, туыстарым мен таныстарыма қалай қараймын деген сияқты ұялу сезімдері пайда болады. Осындай сәттерде мектеп бітіруші оқушылармен ата-анасы, мектеп психологы және сынып жетекшісі оқушымен жақын қарым-қатынас жасап, мазалаған мәселелерімен қорқыныш пен үрейді жоюға, сенімділік пен мотивацияны арттыруға арналған педагогикалық-психологиялық жұмыстар мен жаттығулар жүргізгені дұрыс. Сонда ғана жоғарыдағы ұйымдастырылған кәсіби бағдар беру жұмыстары мамандықты дұрыс таңдауына едәуір көмегін береді. Сондай-ақ, біз оқушыларға тәжірибелік жұмыстарды жүргізуде төмендегідей педагогикалық-психологиялық бағыттарды жүргізу арқылы оқушылардың өздеріне жақын мамандық түрін таңдауына кеңестер мен ұсыныстар бердік.

  1. Кәсіптік онлайн диагностикалық әдістемелер жүргізу;
  2. Кәсіби психологиялық кеңес беру;
  3. Мамандыққа қабілеттілігін дамытуға арналған психокоррекциялық жаттығулар;
  4. Кәсіптік бағдарлау жұмысына орай таңдаған мамандықтары пен қосымша пәндері бойынша сәйкесінше жоғары оқу орындарын ұсыну.

Сонымен қатар оқушыларда мамандықты таңдау кезінде ең басты қасиеті — бейімділігі мен қабілеті қатар жүруі керек. Адамның жұмысқа деген талпынысы және оның мазмұнына деген қызығушылығы бейімділікке байланысты. Нақтырақ айтсақ, мамандықтың дұрыс таңдалғанын төмендегідей талаптар орындалса дұрыс деп санауға болады:

1.Кәсіби маңызды саналатын — интеллектуалды, физикалық, жеке тұлғалық қабілеттерге ие;

  1. Бұл мамандық еңбек нарығында сұранысқа ие;

3.Сен үшін – ол қызықты және тартымды;

4.Ол сенің қабілетіңе сәйкес келеді т.б. Әрбір оқушы өзінің мамандыққа деген бейімділігін анықтай алады. Ол үшін, сізді қызықтыратын қызмет түрлерін кестенің сол жағына жазып, ал оң жағына – сіздің

қызығушылықтарыңызды жұмыс бабымен тәжірибе жүзінде іске асыруға болатын мамандықтарды жазамыз. Мәселен:

Міне, көріп отырғанымыздай оқушыларға жоғарыдағыдай шағын ғана ойды қозғайтын, шығармашылығын шыңдайтын практикалық тапсырмалар беру арқылы жеке-жеке талдап, өз ойын білдірсе мамандығын дұрыс таңдауға әлдеқайда оң септігін тигізер еді. Қорыта келе, мамандық таңдау – маңызды және жауапкершілікті іс! Мамандық таңдағанда ең бірінші орында сенің қызығушылығың, бейімділігің, қабілеттерің, қалауың және содан кейін ғана жанұялық дәстүр мен қызығушылықтар, қаржылық мүмкіншіліктерді қою керек.

ДАУТОВА  Айнагүл Нурмановна

Қарағанды облысы, Шет ауданы,

Жұмыскер ауылы, Абай атындағы ЖББМ

 мектеп психологы