Журналистика саласы қазіргі қоғамға керек пе?

Қазіргі заман — ақпараттың өте жылдам алмасатын және жаңарып отыратын кезеңі. Әлеуметтік желілер мен цифрлық технологиялардың дамуы көптеген мүмкіндіктер ашса да, ақпараттың дұрыс жеткізілуі мен өңделуі өте маңызды мәселеге айналды. Ал мұндай жағдайда журналист маманының рөлі ерекше. Журналист қоғам үшін тек ақпарат тарататын жан емес, ол маңызды оқиғаларға сараптама жасап, шындықты ашып көрсететін маман. Қазіргі заманда журналистика мен қоғамның өзара байланысы туралы пікірлер өте көп. Мысалы, ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің деректеріне сәйкес, 2020 жылы халықтың 56 пайызы түрлі ақпарат көздерінен күн сайын жаңалықтар мен сараптамаларды оқып, көріп отырады. Ал статистика бойынша Қазақстанда интернет пайдаланушыларының саны 2021 жылы 16 миллионға жетті (Қазақстан Республикасының статистика агенттігі). Бұл көрсеткіштің өсуі ақпараттық сұраныстың және журналистиканың қоғам үшін қажеттілігін көрсетеді.
Мен неге журналист мамандығын таңдадым? Журналистика — қоғамды ақпараттандырудың, ой қозғаудың және пікірталас тудырудың қуатты құралы. Мен журналистика саласын таңдаған себебім — адам өмірінде қандай үлкен рөл атқаратынын түсінуімде. Қазіргі уақытта ақпараттық қоғамда өмір сүру бізден тек техникалық білімді ғана емес, қоғамды, оның қажеттіліктерін және ерекшеліктерін түсінуді талап етеді. Менің мақсатым — шынайы және маңызды ақпаратты халыққа жеткізіп, адамдардың көзқарастарын өзгертуге көмектесу. Әр оқырманның ойына жаңа ой салу, сұрақтар туындату, шынайы ақпаратты ұсыну — мен үшін журналистиканың басты мақсаты.
Қазіргі таңда блогер мен журналист арасындағы шекаралардың айқын болмауы көптеген адамдарға түсініксіз жағдай туғызады. Бірақ ара жігін ажыратып біліп алғанымыз жөн. Блогер — ақпаратты өз атынан және жеке көзқарасымен жеткізетін адам. Олар көбінесе жеке пікірлер мен сезімдерге сүйеніп, күнделікті өміріндегі оқиғалар мен тәжірибелерді бөліседі. Ал журналист — бұл кәсіби маман, оның жұмысы объективті, зерттелген және қоғамдық маңызы бар ақпараттарды дұрыс және әділ ұсынуға негізделген.
Егер мен журналист болсам, көтеретін тақырыбым: Журналистика — менің кәсіби болашағым және мен өзіме қоғам үшін маңызды мәселелерді көтеруді мақсат етемін. Егер мен журналист болсам, ең алдымен көтеретін тақырыптарым қоғамдағы әлеуметтік мәселелер, жастардың болашағы, экология, білім беру, экономикалық тұрақтылық және мәдени құндылықтар болар еді. Бұл мәселелер қай қайсымызды болса да ойландырмай қоймасы анық. Қоғамда ақпарат өте маңызды рөл атқарады, сол себепті жастарға арналған тақырыптарды қозғап, олардың пікірін тыңдау, проблемаларын анықтау мен шешу жолдарын көрсету маған өте қызықты. Сондай-ақ, менің ойымша, қазіргі жастардың көптеген сұрақтары ақпараттанудың кемшіліктеріне қатысты, сол себепті осы мәселеге назар аудару маңызды. Қазақ журналистикасы терең дәстүрлерге ие және көптеген атқарылған жұмыстар мен батыл қадамдармен танымал. Қазақ журналистикасының негізін қалаған тұлғалар қатарында Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов сияқты көрнекті есімдер бар. Осы ұлы тұлғалар қазақ әдебиетін, тілін және журналистикасын дамыту жолында үлкен еңбектер атқарған. Бүгінгі қазақ журналистикасының бетке ұстар журналистері де көп. Олардың қатарында өзім үлгі тұтатын журналистерді атап өтсем.
- Гүлмира Әбіқай – қазақтың танымал журналисті, КТК телеарнасында “Дау дамайсыз” бағдарламасының жүргізушісі әрі менің жерлесім, әпкем. Ол еліміздегі ең үздік журналистердің бірі болып саналады. Дәл осы жан менің журналистикаға деген құштарлығымды оятқан. Болашақ Гүлмира Әбіқай секілді шындықты туралайтын, халықтың қамын ойлайтын жан болу менің мақсатым. 2019 ж “Жылдың үздк тележүргізушісі және 2020 ж “Халықтың сүйіктісі” атанған.
2.Бейсен Құранбек– қазақ журналистикасының майталманы, Қазақстан Ұлттық телеарнасындағы «Айтуға оңай» бағдарламасы арқылы көпке танымал. Өзінің еңбек жолында әрдайым әділдік пен шындықты бірінші орынға қойған тұлға.Оның бағдарламалары өз уақытында үлкен аудиторияға ие болды. Алайда алып тұлға 2020 жылы өмірден озған еді.
- Нартай Аралбайұлы– қазақтың танымал журналисті әрі “Мәселе” , “Ашық алаң” бағдарламаларының жүргізушісі ретінде танымал. бүгінде ол Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты. Ол журналистика саласында үлкен тәжірибеге ие. Нартай Аралбайұлының ұстанымы — кәсіби жауапкершілік пен ақпараттың нақтылығы. Ол әрқашан ашықтықты, әділдікті және объективтілікті алға тартып, журналистикадағы қоғамдық мәселелерді батыл көтереді.
4.Дина Толепберге – қазақ журналистикасының белді өкілі, КТК телеарнасындағы “Астарлы ақиқат” бағдарламасының жүргізушісі. Дина Толепберген өз жұмысында ешқашан эмоция мен субъективті көзқарасқа жол бермей, ақпаратты тек дәл, объективті түрде жеткізуге тырысады.
Бұл журналистердің бәрі де өз қызметтерінде халыққа пайдалы ақпарат жеткізіп, қоғамда маңызды орын алған тұлғалар. Әрқайсысының шығармашылығы қазақ қоғамының дамуына әсер етті, және олар бүгінде де жастарға үлгі болып келеді.
Журналистиканың қиындығы мен қабілеті. Журналистика тек ақпарат жеткізу ғана емес, ол — адамның шынайы болмысын, қоғамдағы шындықты және әділеттілікті көрсету жолы. Бұл салада өз мамандығын жақсы меңгеру үшін үлкен қабілет пен кәсіби шеберлік қажет. Журналистің басты міндеті — объективті болу, шындықты айту және қоғамға қажетті ақпаратты тарату. Журналистикада қиындықтар бар: үнемі қысым, психологиялық қиындықтар мен шындықты айтуға кедергі келтіретін жағдайлар, манипуляция жасауға ұмтылатындар бар. 2019 жылғы зерттеуге сәйкес, журналистердің 60 пайызы өздерінің жұмысы барысында стресске ұшырағандарын айтқан. Сонымен қатар, журналистердің 48 пайызы жұмысы кезінде моральдық қиындықтарға тап болады, әсіресе олар тексерілмеген ақпараттармен жұмыс істегенде немесе қатаң редакциялық талаптармен жұмыс істегенде. Бірақ осы қиындықтар мен кедергілерді еңсере білу — нағыз кәсіби журналистің басты қасиеті.
Қорытындылайтын болсам, журналист болу — менің жүрек қалауыммен таңдаған саналы таңдауым. Журналист тек шынайы ақпарат пен әділдікті ұсынумен шектелмейді, ол біздің қоғамымыздың бір бөлігі бола отырып, өзгерістерді тудырады. Бұл қиын әрі жауапкершілігі мол сала. Десе де соған қарамастан, журналистер ақпаратты сапалы, әділ әрі объективті түрде жеткізеді. Қазақ журналистикасында көптеген тамаша тұлғалар бар, олардың жұмысын әрі қарай жалғастырып, жаңа ұрпаққа үлгі көрсету — бұл біздің міндетіміз. Журналистика қоғамға керек сала. Қазіргі қоғам білікті де білімді журналистерді талап етеді. Болашақта осы аға әпкелерімнің жолын қуып, кәсіби маман атануды мақсат етемін.
САҒЫНДЫҚ Аяжан,
Жамбыл облысы, Қордай ауданы,
«№8 Өтеген батыр» атындағы орта мектебінің 11 сынып оқушысы,
Республикалық «Farabi shakirti» журналы мен
www.farabishakirti.kz желілік басылым сайтының Жас тілшісі
Жетекшісі: КАСЕНОВА Айгул Жантугеловна,
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.
Сурет: https://ku.edu.kz/