ЖЫЛ БАСЫ СПЕКТАКІЛІ – КОРЕЙ ТІЛІНДЕ
Корея-Қазақстан арасындағы мәдени алмасу жылына орай жақында Алматы қалалық қуыршақ театрында, кореялық әртистердің ойнауында балалар жазушысы Кеңес Оразбекұлының корей тіліне аударылған «Жыл басы қалай анықталды?» қуыршақ спектакілі қойылды. Спектакілде Қазақстандық бір отбасының 6 жасар Наурыз атты баласы болады. Наурыз мерекесінде әкесі баласына түрлі түсті әдемі кітап сыйлайды. Бала Жыл басы наурыз туралы кітапты қызығып оқып отырып, ұйықтап қалады. Түсінде он екі жылдық мүшелге кіретін жануарлардың (Тышқан, Барыс, Сиыр, Қоян және т.б.) қызу айтысының үстінен түседі.
Олар жыл басын қай мезгілде мерекелеу керектігі жайлы таласып отыр екен. Олардың таласын данышпан қария Наурыз ата әділетті түрде шешіп берген соң, Жыл басы Наурыз деп аталады. Наурыз түсіндегі осы қызықты саяхаты арқылы өз аты «Наурыздың» қайдан шыққанын біліп, қуанышқа бөленеді. Қойылым жылдың төрт мезгілін бала қиялымен қуыршақтар арқылы музыканың сүйемелдеуі арқылы көрсетіледі.
Жазушының «Жыл басы қалай анықталды?» атты суретті кітабы өткен жылы төрт тілде (Ағылшын тілі, орыс тілі, карис тілі және қазақ тілінде) Азия мәдениеті Мемлекеттік орталығы және Корея Респуликасы ынтымақтастық форымы Хатшылығының жобасы негізінде жарық көрген болатын.
Кеңес Оразбекұлы Дүйсен – балалар әдебиеті үшін де елеулі еңбек етіп келе жатқан белгілі жазушыларымыздың бірі. Оның «Ертегі туралы ертегі», «Ай аттары қайдан шыққан?», «Мұшел жас», «Наурыз көже», «Әжемнің ертегілері», «Қожанасыр хикаялары» тағы басқа балаларға арналған кітаптары жарық көрген. Жазушы ағаларың «Ұлан» газетінде және «Мөлдір бұлақ» журналында жауапты қызметтер атқарған. Ш. Айманов атындағы «Қазақфилъм» және Қазақстан Киноматографистер одағы жариялаған сценарийлер конкурсы (2009) мен Халықаралық «Дарабоз» бәйгелерінің жүлдегері.
Еркін НҰРБАЙҰЛЫ.