Олар өз жеңістерін ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнады.

Қазақстандық оқушылар Өзбекстанның Ферғана қаласында физика пәні бойынша халықаралық олимпиадада 11 медаль жеңіп алды. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігі хабарлады.

Министрлік ұсынған дерекке сүйенсек, ұлттық құраманың қоржынында 2 алтын, 6 күміс және 3 қола медаль бар.

Әл-Ферғани атындағы бірінші олимпиада 8-13 қараша аралығында ұйымдастырылды. Зияткерлік байқауға 18 елден, соның ішінде Ресей, Әзірбайжан, Беларусь, Румыния және тағы басқа елдерден 130-ға жуық оқушы қатысты.

Әл-Ферғани атындағы физика пәні бойынша халықаралық олимпиада екі кезеңде өтті. Біріншісі кезеңде — жазбаша жұмыстар, ал екіншісінде практикалық жұмыстар қаралды.

Жеңімпаздардың қатарында алтын медаль алған Әлішер Еркебаев, Нұрдәулет Назарбай, күміс медаль иеленген Даниил Шатохин, Оразхан Хайдар, Дінмұхаммед Сапыбек, Ердәулет Нахып, Бернар Шамгонов, Диас Еспан және қола медаль иегерлері Бексұлтан Шәріп, Асқар Қасымов, Нұржан Хасенов бар.

«Олимпиададағы бәсекелестік өте жоғары болды, өйткені қатысушылардың басым бөлігі физика бойынша халықаралық олимпиада (IPhO) рейтингінде алдыңғы қатарда. Біздің балалар тамаша нәтижелер көрсетіп, Қазақстанды әлемдік аренада лайықты көрсете білді. Қазір Білім және ғылым министрлігінің «Дарын» орталығы оқушыларымыздың халықаралық олимпиадаларға қатысуына жағдай жасау үшін әртүрлі деңгейдегі олимпиадаларды өткізу бойынша жұмыс істеп жатыр», — деді ҚР Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Гүлмира Кәрімова.

sn.kz

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *