НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат — Қазақстан Республикасының Иран Ислам Республикасындағы Елшілігі 2021 жылы 12 қарашада қазақстандық «Аялаған алақан» қоғамдық қайырымдылық қорының бастамасымен және қолдауымен Тегеранның «Зәрна» көркемөнер галереясында «Әлем балалар көзімен» атты қазақстандық мүмкіндігі шектеулі балалардың сурет көрмесін ұйымдастырды.

Аталған көрмеге жетекшісі Рада Хайрушева болып табылатын мүмкіндіктері шектеулі балаларға көмек көрсететін «Аялаған алақан» қоғамдық қайырымдылық қоры ұсынған балалардың суреттері қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат елшіліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған осы көрменің басты мақсаты — қиындықтарға қарамастан, осы балалардың мүмкіндіктері шексіз екендігін, олардың ізгі ой-арманын, өмірге деген құштарлығын ашып көрсету.

Көрмеге қойылған туындыларды ирандық өнер, білім қайраткерлері, іскер топтары, ҚР азаматтары мен Ирандағы қазақ диаспорасының өкілдері келіп тамашалады.

Қазақстандық балалардың шығармашылығымен танысқан заң ғылымдарының докторы, профессор Саййед Хасан Амин, мүсінші Фатеме Асади және өзге де ирандық қайраткерлер қазақстандық ерекше балалардың шығармашылығынан олардың дүниеге іңкәр көзқарастарын анық көруге болатынын атап көрсетті.

 

lenta.inform.kz

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *