«Qazaqstan» Ұлттық телеарнасының
«Ақпарат» бағдарламасының жүргізушісі — Қонысбек Төрекұлы
Қазіргі қоғамда мамандық таңдау мәселесі бұрынғыдан да күрделі бола түсті. Технологияның дамуы, еңбек нарығындағы өзгерістер және жаңа кәсіптердің пайда болуы адамдардың кәсіби өміріне әсер етуде. Бұрын бір мамандықты таңдап, сол салада зейнетке дейін жұмыс істеу тұрақтылықтың белгісі саналса, бүгінде кәсіби бағытты өзгерту қалыпты құбылысқа айналып келеді.
Кәсіби өмірдегі өзгерістер: заман талабы ма?
«Өскенде кім боласың?» Бұл сұрақты бала кезімізден естіп келеміз. Біріміз дәрігер болуды армандаймыз, екіншіміз мұғалім, үшіншіміз журналист немесе заңгер болғымыз келеді. Мектеп бітіруге жақындаған сайын бұл сұрақтың маңызы арта түседі. Себебі мамандық
таңдау – алдағы өмірімізге ықпал ететін маңызды шешімдердің бірі.
Алайда бір қызығы, адам 16-17 жасында таңдаған кәсібін өмірінің соңына дейін жалғастыруы міндетті ме? Адамның қызығушылығы, қабілеті, көзқарасы уақыт өте өзгерсе, кәсіби бағытын өзгертуі дұрыс емес пе?
Бұрын бір мекемеде ұзақ жыл жұмыс істеу тәжірибе мен тұрақтылықтың көрсеткіші ретінде қабылданатын. Қазір еңбек нарығының жағдайы басқаша. Жаңа технологиялар кейбір кәсіптердің мазмұнын өзгертіп, бұрын болмаған мамандықтарға сұраныс қалыптастырып жатыр. Сондықтан кәсіби тұрақтылықты тек бір орында жұмыс істеумен өлшеу жеткіліксіз.
Әлемдік зерттеулер не дейді?
Бұл өзгерістерді халықаралық зерттеулерден де байқауға болады. Дүниежүзілік экономикалық форумның (World Economic Forum) 2025 жылғы Future of Jobs Report есебіне сәйкес, 2030 жылға дейін әлемде 170 миллион жаңа жұмыс орны пайда болып, 92 миллион жұмыс орны қысқаруы мүмкін. Нәтижесінде еңбек нарығында таза өсім 78 миллион жұмыс орнын құрайды деп болжанған.
Зерттеу сонымен қатар 2025-2030 жылдар аралығында қызметкерлердің қазіргі негізгі дағдыларының шамамен 39 пайызы өзгеруі немесе өзектілігін жоғалтуы мүмкін екенін көрсетеді. Қазақстан бойынша бұл көрсеткіш 40 пайызды құрайды. Бұл дерек еліміздегі еңбек нарығында да жаңа талаптарға бейімделудің маңызын аңғартады.
Әрине, бұл барлық адамның мамандығын ауыстыруы керек деген сөз емес. Алайда бір кездері жеткілікті болған білім мен дағды болашақта жаңа біліммен толықтырылуы мүмкін. Демек, адамның кәсіби өмірінде тек мамандықты меңгеру емес, үнемі даму да маңызды рөл атқарады.
Бір адам – бірнеше кәсіби бағыт.
Мамандық ауыстыру мәселесін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (OECD) да зерттеген. Ұйымның 2024 жылғы Promoting Better Career Choices for Longer Working Livesесебінде кәсіби мобильділіктің, яғни жұмыс орнын немесе кәсіби бағытын өзгертудің еңбек нарығы үшін маңызы қарастырылған.
Зерттеуде 45 жастан асқан қызметкерлердің әрбір екіншісі алдағы үш жыл ішінде жұмыс орнын ауыстырғысы келетіні туралы 2022 жылғы AARP Global Employee Survey нәтижесі келтіріледі. Сондай-ақ OECD елдерінде 2012-2020 жылдар аралығында бір жұмыстан екіншісіне ауысу көрсеткіші орта есеппен 1,5 пайызға өскен.
Осы есептегі тағы бір назар аударарлық мәлімет: кәсіби өмірінің орта кезеңінде жұмысын ауыстырған адамдардың 60 жасында жұмыспен қамтылу ықтималдығы Еуропада 61 пайыз, АҚШ-та 72 пайыз болған. Ал жұмысын ауыстырмағандар арасында бұл көрсеткіштер тиісінше 53 және 68 пайызды құраған.
Бұл мәліметтер кәсіби бағытты өзгерту кей жағдайда адамның еңбек нарығында белсенді қалуына мүмкіндік беретінін көрсетеді. Яғни мамандық ауыстыруды тек сәтсіздік немесе тұрақсыздық ретінде бағалау дұрыс емес.
Мамандық ауыстыру мен жұмыс орнын ауыстыру – екі түрлі ұғым.
Бұл жерде бір маңызды айырмашылықты ескерген жөн. Жұмыс орнын ауыстыру міндетті түрде мамандықты өзгертуді білдірмейді. Мысалы, бір мектептен екінші мектепке ауысқан мұғалім өз кәсібін өзгертпейді. Ал мұғалімдікті тастап, журналистика саласына келген адам кәсіби бағытын өзгертеді.
АҚШ-тың Еңбек статистикасы бюросының (Bureau of Labor Statistics) дерегінде 1980-1984 жылдары дүниеге келген америкалықтар 18 бен 36 жас аралығында орта есеппен тоғыз жұмыс орнында еңбек еткені көрсетілген. Оның ішінде 18-23 жас аралығында орта есеппен 5,1 жұмыс орны, ал 30-36 жас аралығында 2,5 жұмыс орны болған.
Дегенмен бұл көрсеткіш тоғыз рет мамандық ауыстырды дегенді білдірмейді.
Бұл – адамның әртүрлі жұмыс орындарындағы еңбек тәжірибесі. Мұндай айырмашылықты ескеру зерттеу нәтижелерін дұрыс түсіну үшін маңызды.
Ең бастысы – мамандық емес, өзіңді тану.
Мамандық таңдау кезінде адамдар кейде тек жалақыға, қоғамдағы беделге немесе
ата-анасының қалауына сүйенеді. Бірақ бірнеше жылдан кейін өзінің шын қызығушылығы басқа салада екенін түсінуі мүмкін. Мұндай жағдайда жаңа бағытты қарастырудан қорқудың қажеті жоқ.
Мысалы, бастапқыда педагогика мамандығын таңдаған адам кейін білім беру жобаларын ұйымдастыруға, журналистикаға немесе медиа саласына қызығушылық танытуы мүмкін. Оның бұрынғы білімі мен тәжірибесі де жаңа бағытта пайдасын тигізеді. Өйткені әр мамандықта қалыптасқан қарым-қатынас, жауапкершілік, ұйымдастырушылық және талдау дағдылары басқа салада да қажет болуы мүмкін.
Дегенмен мамандықты өзгерту тек қызығушылыққа байланысты қабылданатын асығыс шешім болмауы керек. Жаңа саланың талаптарын зерттеп, қажетті білім мен дағдыларды меңгеріп, өз мүмкіндіктерін бағалау қажет. Кәсіби өзгеріс – дайындықты талап ететін жауапты қадам.
Сонымен, бір мамандықты өмір бойы таңдау міндетті ме? Жоқ, міндетті емес. Адамның кәсіби жолы бір ғана шешіммен шектелмеуі керек. Уақыт өте қызығушылық өзгеруі, жаңа мүмкіндіктер ашылуы немесе еңбек нарығының талаптары жаңаруы мүмкін.
Бірақ бұл кез келген қиындықта мамандықты тастап, басқа салаға ауысу керек дегенді білдірмейді. Маңыздысы – өз таңдауыңды түсіну, бастаған ісіңді дамыту және қажет болған жағдайда жаңа бағытқа бейімделе білу.
Менің ойымша, мамандық таңдау – адамның болашағын біржола анықтайтын үкім емес, оның кәсіби өміріне бастайтын алғашқы қадам. Бір салада өмір бойы еңбек ететін адамдар да бар, бірнеше бағытты меңгеріп, өзін әртүрлі кәсіпте сынайтындар да бар. Екеуінің де өзіндік артықшылығы бар.
Өмір бойы бір мамандықты меңгеру міндет емес. Бірақ өмір бойы үйрену, іздену және даму – бүгінгі заманның басты талабы.
СЕЙДИЛДА Еркеназ Ғалымжанқызы,
«Қайым Мұхамедханов» атындағы
№90 ұлттық-гимназияның 11 «А» сынып оқушысы.
Астана қаласы.
📸 Сурет: ЖИ көмегімен жасалынды (Жасанды интеллект).
Суретті жолдаған Сейдилда Еркеназ
Пайданылған дереккөздер:
1. World Economic Forum (2025)
https://www.weforum.org/publications/the-future-of-jobs-report-2025
- OECD (2024) зеттеуі
- U.S. Bureau of Labor Statistics (2024, 2026 жылы қайта жарияланған түзетілген дерек)
https://www.dejavu.org/cgi-bin/get.cgi?ver=95&url=https%3A%2F%2Fwww.dol.gov%2F
- AARP Global Employee Survey (2022)
OECD есебінде келтірілген 45 жастан асқан қызметкерлердің жұмыс ауыстыру ниеті туралы зерттеу.
