Отан үшін от кешкен бір үйдің қос батыры

Біздің әңгімемізге арқау болған қос батырдай қаншама жауынгерлеріміздің ерлігі ұрпаққа жетпей жатқаны рас. Сондықтан, есімі  дәл бүгін таңда еленбей қалған батыр жауынгерлер туралы ұрпаққа айту — парызымыз

(Ұқан Қуанбаев (1917-1993 жж.) және Жүніс Қуанбаев (1923-1942 жж).

Ұқан атамен  Сағымхан ана. Ұлдары – Мұхтар мен Мұрат

Ұлы Отан соғысында ел ертеңі үшін жан-пида болған ерлер аз емес. Бір үйден тұтас еркек кіндік соғысқа кетіп оралмағандарды айтпағанда, соғыстың алапат ауыртпашылығын көтермеген жанұя кем де кем. Бұл мақалада бүр жанұядан ағайынды екі азаматтың соғысқа кетіп, бірі жастай ерлікпен қаза тапса, бірі соғыс майданында 7 жыл қан кешіп елге оралған батырдың ерлік жолын келер ұрпаққа өнеге етпекпіз.

Ұқан Қуанбаев — Қазақ ССР, Семей облысы, Мақаншы ауданы, Ақшоқы ауылында қараша айының 7 жұлдызында 1917 жылы дүниеге келген. Қарға тамырлы қазақтың тоғызтаңбалы Найман руынан. Оның ішінде арғы атасы Хан батыр Дарабоз Қабанбайдың өмірінің соңына дейін жорық туын ұстаған Шүңет батырдың 11 ұлының кенжесі Түмен батырдың 8-ші ұрпағы. Бұл жайында тарихшы-этнограф Зейнолла Сәніктің  «Қаракерей Қабанбай» атты шығармасында аты аталған. Әкесі Қуанбай, анасы Мүкәсін. Ұқан Қуанбаев 13 жасында әкесінен айырылып, Уәлі өзені бойында әкесінің мылтығымен құс атып, балық аулып жалғыз анасы мен үй ішін асыраған үйдің тұңғышы. Жүніс атты жалғыз бауыры мен Қанша, Қадиша, Сарқыт атты үш қарындасы болған. Соғысқа жастайынан кеткен туған інісі Жүніс Қуанбаев (1923-1942 жж.)Қазақ ССР, Семей облылыс, Мақаншы ауаны, Ақшоқы ауылында 1923 жылы дүниеге келген. Жастардың арасында белсенділік танытып көзге түскен. Өжеттілігі мен қайсарлығын көрсетіп 18 жасында 1941жылы тамыз айының 23 — жұлдызы қызыләскер құрамының аса қауіпті соғыс іс-шараларын орындайтын 17-ші резервтік атқыштар бригадасы құрамындағы 366 (зсп) қосалқы атқыштар полкына (часовой партизан) ретінде қабылданды.

Шығыс Еуропадағы  бір партизандық операция барысында ержүрек партизан жауынгер Жүніс Қуанбаев 1942 жылы тамыз айының 11 күні әскердегі жауынгер достарын қорғау барысында көзсіз ерлікпен қаза тапты. Ресей Федерациясы Қорғаныс Министірлігінің Орталық Мұрағатында соғысқа аттанарда жалғыз анасының аты жөні, әскери тәртіпке сай, жинақы, байсалды, батыл, тұрақты мінез құлқы жайлы жазылған құжат бар. Ұлы Отан соғысы батыры, қауіпті тапсырмалар орындаған партизан Жүніс Қуанбаев жайлы ақпарат РФ., Мәскеу облылы, Подольск қаласында орналасқан (ЦАМО — Центральный архив Министерства обороны Российской Федерации) Ресей Федерациясы Қорғаныс Министірлігінің Орталық Мұрағатынан алынды. (ЦАМО. Ф.8318. Оп. 89972.Д.9. Л.6)

Кейбір РФ мұрағаттық құжаттарында жауынгер Ұқан Қуанбаевтың туған жылы 1918 ж. деп көрсетілген. 1939 ж. желтоқсан айынан  — 1946 ж. қараша айына дейін (1939 – 1946 жж.) яғни, 7 жыл қызыл қырғын соғысқа қатысқан. Ұқан Қуанбаев Совет Одағының Маршалы генерал Г.К.Жуков басқарған №92-ші Гвардиялық атқыштар дивизиясы (№92-я гвардейская стрелкоовая Кривороожская дивиизия) құрамында қатардағы жауынгер ретінде ерлікпен шайқасқан. Әскер құрамындағы жауынгерлердің ерекше әскери қабілетін ескере отырып, №92-ші Гвардиялық атқыштар дивизиясы құрыла салысымен, №35-ші гвардияшылар дивизиясының «Дала майданы» (Степной Фронт) құрамына кіріп, Сталинград маңайында «Жоғарғы Бас Штабтың» (Ставка Верховного Главнокомандования) резервінде болды.

1943 жылдың жазында жауынгерлер мен дивизия командирлері Курск шайқасына, Белгород түбіндегі ұрыстарға қатысты. Батыр жауынгерҰқан Қуанбаев шайқасқан №92-ші Гвардия, 1943-1944 жылдары Жёлтые Воды, Кривой Рог, Вознесенск, Бендерий, Кишинев қалаларын азат етуге қатысып, №92-ші гвардия әскері ерекше ерлігі мен көзсіз батырлығы үшін «Орден Красного Знамения» Орденімен марапатталды.  Сол ауыр шайқаста қатардағы батыл да ержүрек жауынгер Ұқан Қуанбаев қатты жараланған Бекен есімді полк командирін немістер майданынан жалғыз өзі арқалап шығып, қиян кескі ұрыс алаңынан өзі де немістерге тұтқынға түспей бірнеше күнде Қызыләскер жауынгерлер шебіне полк командирін аман есен жеткізеді. Осы ерлігі ескеріліп, «За боевую заслугу»  медалімен марапатталды.

Соғыс аяқталар тұста 1945 ж. көктемінде Берлинді қоршауға алып, Фюрер-Бункерді шабуылдау барысында Берлиндегі Шпреа (Spree) өзеніне батып кете жаздаған. 1945 жылы соғыс аяқталғанымен тамыз айына дейін Германияда қалып, туған еліне оралмастан айрықша соғыс қабілетін таныта білген жауынгер ретінде бомбалар мен торпедалар тасымалдаушы әскери жасақ құрамында Жапонияны тізе бүктіру соғысына да қатысты. Ерен ердің ерлігі Кеңес Одағының назарынан тыс қалмады. Осылайша 1939 жылысоғысқа кеткен қарапайым қатардағы жауынгер Ұқан Қуанбаев соғыс майданынан туған еліне 1946 жылы 7 жылдан кейін батыр жауынгер болып бірақ оралды.

Сол сұрапыл соғыста қанкөйлек досы Бекен өзін өлім аузынан аман алып қалған Ұқан Қуанбаевқа деген ыстық ықыласы мен құрметі ретінде тұңғыш ұлын Ұқан деп атауға уәде берді. Өз кезегінде жауынгер Ұқан Қуанбаев та 1953 жылы дүниеге келген өзінің тұңғыш ұлын Қуанбаев Бекен Ұқанұлы деп атады. Адал достық пен айнымас сертке берік Ұқан Қуанбаев өзінің болаттай берік сөзінде тұрды. Сол үлкен ұлы Қуанбаев Бекен Ұқанұлынан алғашқы ұл немересі Шыңғыс Бекенұлы Қуанбаев атасының ізі қалған Еуропаның төріндегі Франция астанысы Париж қаласында (Bureau International des Poids et Mesures (BIPM)  атты 1875 ж. негізі қаланған  беделді Халықаралық Ұйымның Халықаралық Мәртебелі Бас хатшы қызметін атқаруда.

Қуанбаев Шыңғыс Бекенұлы

Батыр Ұқан Қуанбаевқа соғыстан кейін Семей облысы, Мақаншы ауданының құрметті азаматы атағы берілді. Асыл жары Қуанбаева Сағымхан Еңсебайқызы 9 құрсақ көтерген алтын құрсақты ардақты ана.  Сол ұл қыздарынан тараған 19 немересінің қызығын батыр жауынгер Ұқан Қуанбаев ғұмырының соңына дейін өз көзімен көріп, 1993 жылы дүниеден өтті. Сол немерелері қазіргі таңда Қазақстан Республикасының түкпір-түкпірі мен шет елдерде ел ертеңі үшін абыройлы еңбек етіп, батыр аталарының ұрпағын жалғауда. Батыр аталарының тегін алып,  қара шаңырақты ұстап отырған Шығыс Қазақстан облылы, Үржар ауданы, Қарабұлақ ауылында батырдың үшінші ұлы Қуанбаев Мұқтардың кенже ұлы, әрі батыр атасының кенже немересі Ұқанов  Ілияс Мұқтарұлы.

Қазіргі таңда Отан үшін от кешкен бір үйдің қос батыры Ұқан Қуанбаев (1917-1993) және Жүніс Қуанбаев (1923-1942) секілді қаншама қарапайым батырлардың ерлігі дүйім елге жетпей жатыр. Осындай ел танымаған батырларды таныту, дәріптеу арқылы келер ұрпақты да ержүректілік пен Отансүйгіштікке тәрбиелей алатынымызға кәміл сенеміз.

 

ЛЕБАЕВ Фархат Рашидұлы,

Ш.Ш. УӘЛИХАНОВ атындағы

Тарих және этнология Институтының

                                                                                                            кіші ғылыми қызметкері.

PhD докторант. Тарихшы

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *