Мың алғыс

Мейлі мектеп кезеңінде болсын, өмір жолында болсын, жеңістің дәмін татқан, байгеден озып орын алған әрбір жанның артында желеп-жебеп тұрған ұлағатты ұстазы бары хақ. Дәл солай біздің №19 орта мектептің шәкірттерін тәрбиелеп, бойына білім сіңіре білген аяулы да ардақты, құрметті, ардагер ұстазы- НҰРТАЕВАМейіргүл Балтабайқызы.

Ұстазым жайлы айтар болсам, көңілі жаздың жайма шуағындай нұрлы, сабырлы,үйретері мол, шәкірттеріне айтқан әрбір сөзінде теңіздің тереңдігіндеймағына бар, әр ұстаздың бойынан табылу керек қасиеті бар кемеңгер тұлға.Мейіргүл апай өзінің мәдениеттілігімен, ұшан-теңіз ақыл, білімімен, салиқалы, жүйелі сөз орамдарымен, асқан мейірбандығымен, даналығымен, тәжірибесі молдығымен ерекшеленеді. Осы ерекшелігінің арқасында мектептің үлгі тұтар, бетке ұстар ұстазына, мақтанышына айналды.

Мейіргүл апай әрдайым өзінің шәкірттеріне ең әуелі жақсы адам болуды, жаңа білімге, ілімге құштар болуды, өзіне сенуді, ешқашан жақсылықтан күдер, үміт үзбеуді үйретті. Апайымыз бізді таным көкжиегіміз кеңеюі үшін, шығармашылық жағынан дамуымыз үшін көптеген ауқымды жарыстарға, іс-шараларға қатыстырып отырады. Сол байқаулардан біз небір жүлделерді иеленіп, қанжығамыз майланбай қайтпаймыз. Сондықтан да күні бүгінге дейін жеткен жетістігім мен алған мадақ-мақтауларым–ұстаздың арқасы.

2019-2020 жыл — бүкіл елді дүрліктірген жыл. Аты өшкір короновирус індетінің кесірінен жаһандық әлем офлайннан онлайн дағдысына көшті. Жас ұрпақ білімнің қайнар көзін телефон арқылы алатын болды. Бұрынғыдай ақын-жазушыларымыздың құрметіне арнап өтетін жарыстар біраз уақытқа тоқтатылды. Бірақ, біздің білім жанашырларымыз бұл кедергінің де амалын тапты. Сайыстарды онлайн арқылы өткізетін болды. Міне, сол бір кезеңдерде таудай талабы бар оқушыларды жарыстарға қатыстырып,  биік шыңдардан көрінуіне үлкен септігін тигізген-Мейіргүл Балтабайқызы.

Біз Мейіргүл апайдың жетекшілігімен «Дала әуені» атты республикалық байқауы, ІҮ«Жеті өнер» Халықаралық шығармашылық фестиваль-конкурсы, «Тәуелсіздік-тұғырым» атты республикалық байқауы, «Абай мұрасы» атты халықаралық байқауы, «Өнеге» интеллектуалды порталының Республикалық қашықтықтан өткізілген байқауы, «Жарқын Болашақ» ғылыми-әдістемелік орталығының Ү Республикалық байқауларына қатыстық.Осы шығармашылық жарыстарда өздерінің ақыл-парасаттылығымен, дарындылығымен танылғандар: Кеңесбаева Айнұр (мақаланың авторы), Бекболатова Құндыз, Бикен Аида, Айтбаев Асланбек, Тұрсынқызы Қуаныш және тағы басқалары.

Тағы бір айта кететін жайт, көптеген жоғары оқу орындарында көктем мезгілі бастала салысымен грант ұтып алуға мүмкіндік беретін жарыс өткізеді. Мейіргүл апайымыз әр жыл сайын бітіруші түлектерді сол аталған олимпиадаларға апаратын. Оқушылардың көбі дерлік грант ұтып алып, қазіргі таңда білдей жоғары оқу орнында студент. Ұстаздан білім алып, өмірден өзорнын тапқан шәкірттері қаншама?! Мен де Шет Тілдер және Іскерлік Карьера университетінде өткізілген жарыста 50 пайыз грант ұтып алғанмын.

Мейіргүл апай тек ұлы ұстаз ғана емес, сонымен қатар әр оқушының жан дүниесін түсіне білетін, керек кезде үлгі-өнеге, ақыл-кеңесін аянбай беретін сырлас деп айтсам да болады.  Сол үшін де біз ол кісіні құрметтейміз әрі қадірлейміз.Мейіргүл Балтабайқызы-қазақ тілінің жанашыры, сырлы сөз зергері, қазақ тіл білімі саласының мықты маманы. Мен де осы апайым сияқты білімді, зерек болып, бар қасиетін, қабілетін бойыма сіңіргім келеді. Болашақта қазақ елінің дамып, гүлденіп өркендеуіне титтей де болсын өз үлесімді қосқым келеді.

Жыл сайын алтын ұядан ондаған  түлектерге тәлімді тәрбие мен ұлағатты білім беруге шын ықыласын арнаған мектеп директоры БЕЙСЕНБАЕВА Маржан Жұмабекқызы мен сынып жетекшіміз – Айдилдаева Салтанат Жолмурзақызына айтар алғысымыз шексіз.

 

КЕҢЕСБАЕВА  Айнұр,

Алматы облысы, Іле ауданы, М.Түймебаев ауылы,

№19 – мектептің түлегі.

Айнұр Сабырқызының мектептегі жетістіктері:

  Халықаралық «Абай – дана, Абай – дара қазақта» атты балалар мен жасөспірімдер байқауының І- орын иегері; «Абайша ойлап, Абайша жырла» Республикалық эссе байқауы – І дәрежелі Диплом;«Тәуелсіздік – тұңырым!» Республикалық балалар мен жастар байқуы Бас жүлде; «Абай мұрасы» атты Халықаралық байқаудың Бас жүлде;  «Абайдың қара сөздері» жанры аталымы бойынша І – орын; «Дала әуені» Республикалық байқауының Бас жүлдесі, «Бейбітшілік әлемі», «Өнеге» білім порталының қашықтан өткізген байқауының І — орын;  «Жеті өнер» ІҮ халықаралық шығармашылық конкурсының бас жүлде иегері.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *