Құрылтай отырысының соңында Мемлекет басшысы Қасым — Жомарт Тоқаев белгілі ақын Мұхтар Шахановқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын беріп, «Отан» орденін тақты.

—Қадірлі ағайын, Құрылтайды барша жұртымыз үшін жағымды жаңалықпен аяқтағым келіп отыр. Кеше даңқты композитор Шәмші Қалдаяқовқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілгенін білесіздер. Ол — Әнұранымыздың авторы, Ұлт руханиятында ерекше орны бар аса көрнекті тұлға. Біртуар сазгерге құрмет көрсету  – перзенттік парызымыз. Шәмшіні халқымыз «Қазақ вальсінің королі» деп қадірлейді. Шәмшінің әндері қашанда халықтың жүрегінде, ешқашан құндылығын жоймайды.

Оның ақын Мұхтар Шахановпен бірлесіп жазған әндері елге кеңінен танымал. Әйгілі композитор мен атақты ақынның достығы – барша жұртқа үлгі. Жақында Шәмшінің іні — досы Мұхтар Шаханов сексен жасқа толады. Оның шығармашылық еңбегі қандай құрметке де лайықты. Ол – өте шыншыл, адал, ұлтжанды адам. Мен бүгін Мұхтар Шахановқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын беру туралы Жарлыққа қол қойдым.

Еліміздің ең жоғары марапатын ақынға Ұлт ұясы – Ұлытаудың төрінде тапсырғанды жөн көрдім», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

        Қазақстан Республикасы президентінің баспасөз қызметі

Ақтауда облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен лицей түлектеріне аттестат тапсыру салтанаты өтті, — деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Шараға облыстың білім саласының қызметкерлері, түлектер мен ата -аналар қатысты. Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев түлектерге ақ жол тілеп, аттестат табыстады. Айта кетейік, шахматтан әлем чемпионы, Бибісара Асаубаева биыл Ақтау қаласындағы IT лицейін «Алтын белгіге» аяқтап жатыр.

— Бүгінгі күн бәріміз үшін өте маңызды. Мектеп – мейірімнің, инабат пен руханияттың, білім мен тәрбиенің ордасы. Араларыңызда Республикалық, Халықаралық олимпиадалардың, байқаулардың, ғылыми жобалардың жеңімпаздары бар. Шахматтан Гиннестің рекордтар кітабына енген әлем, Азия чемпионы Бибісараға елімізде осы спорт түрін дамытуға қосқан үлесі үшін шексіз ризашылығымды білдіремін,- деді Нұрлан Ноғаев.

Биыл облыста 166 орта мект.епті 167 385 түлек аяқтап жатыр. Оның ішінде 9-сыныпты — 12 500, 11-сыныпты — 7 562 түлек бітірді. 174 түлек «Алтын белгі», 515 түлек «Үздік аттестат» иегері атанды.

Сара Тастанбекқызы туралы сырларды  музейдегі деректерден оқимыз

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты жолдауында 2019 жылды жастар жылы деп жариялау негізінде
Ақын Сараның мемориалды музейінде мектеп оқушылары, колледж студенттеріне арнайы «Жас экскурсия жүргізуші» атты үйірме 2019 жылдың қаңтар айынан жұмысын бастады.

 

Ұлы Жібек – Алматы облысының барлық аудандарының үстін басып өтеді. Бүгінде, жолдар тарамдалып аудан орталығы, ауыл-ауылды біріктірген. Жол бойындағы ауылдардың әрқайсысының өз тарихы бар.
Шығыстағы «Қорғас» кеден бекетінен Алматыға қарай шыққандар, Панфилов ауданының орталығы – Жаркентке тоқтайды. Қала дегенде, адамдар ең алдымен шегесіз салынған «Жаркент» мешітінің құрылысын тамашалайды. ХІХ ғасырға жататын сәулет өнері ескерткіші. Кешен құрылысы екі кезеңмен жүргізілді, 1-ші кезең 1892 жылдан 1895 жылдарды қамтиды. Қақпаларын бұқар Зәйнутдин Әмір Темір заманына сәйкестендіріп салған. Кешен қаланың орталық бөлігінде орналасқан. Көлемі 1,12 га жерді алып жатыр. Кешеннің сәулеттік-жоспар шешімі Шығыс Түркістан мұсылмандарының мәдени құрылысына тән келетін мешіттің түріне жатады. Адамдар одан шығып, жеті ғасырдан бері тамырын тереңге жайған Әулиеағашқа келеді.


Жібек жолы Көктал ауылына келгенде екіге бөлінеді. Бірі – Шонжы арқылы Алматыға тартады. Байсейіт батыр ауылы бірнеше ауылдан кейін Есік қаласын басып өтеді. Оқырмандарымыз «Алтын адамның» Есік қорғанында табылғанын жақсы білетіндігінде сөз жоқ.
Екіншісі «Қоңырөлең», «Басши» ауылдары арқылы Сарыөзекке, одан асып Талдықорғанға тоқтайды. Саяхатқа шыққандар облыс орталығында бір демалып, Ақсу ауданына қарай қайтадан шығысты бетке алады. Биыл туғанына 125 жыл толған Ілияс Жансүгіровтың туған ауылына бастайтын жолдың аяғы Алакөл ауданына жеткізеді. Ауданның орталығынан жаз айларында демалушылар Алакөлге барады.
Ақсу ауданы, жазушы Ілияс туралы айтқанымызда, айтыстың ақ берені Сара Тастанбекқызының есімі көпшіліктің ойына оралуы мүмкін. Көп жағдайда, ақын Сараның ауылы – Қапал екені екінің бірінің есіне түсе қоймасы анық. Өткен жылы облыс көлемінде Сараның 165 жылдық тойы тойланып, Талдықорған қаласындағы ескерткіші жаңартылды. Ақын Сара ауылындағы кесенесі жаңа сипатқа ие болды.

 

Журнал редакциясы Ақын Сараның мемориалды музейінің меңгерушісі ӘЛІМБАЕВА Айгүлмен әңгімелескен еді.

Қазақ халқының ардақты қыздарының бірегейі

— Ақын Сараның мемориалды музейі табиғат қазынасына бай, тарихы терең қасиетті Қапал жерінде орналасқан. ХІХ ғасырдың екінші жартысында лазарет болған бұл ғимаратта Қапал уезінің дәрігері генерал И.Соболевский тұрған. 1864-1865 жылдары Қапал өлкесін екі-үш мәрте басып өткен ұлы ғалым Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов лазаретте ем алған. Сонымен қатар Қапалдағы қасиетті «Тамшыбұлақтың суын ішіп, көне көз қариялардан мынандай аңыз жазып алған екен: «Күн сәулесіне құбылған Тамшыбұлақтың тамшылары бірін — бірі сүйген, бірақ қосыла алмай қалған сұлтанның қызы мен шопанның ұлының көз жасы екен». Бұл шипалы бұлақтың суын көне заманнан бері жергілікті халық әртүрлі ауруларды, яғни көз, асқазан, буын, бүйрек ауруларын емдеуге қолданған екен.
Кейіннен лазарет болған ғимаратқа қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, 1993 жылы Ақын Сараның мемориалды музейі орналастырылды. Алғашқы музей директоры болып Марат Алыбаев тағайындалған. 2011- жылдан бері музейі «М.Тынышпаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану музейі» МКҚК-ның филиалы болып табылады. «Сараның балалық шағы», «Сараның өскен ортасы», «Сараның шығармашылығы» және «Ақын Сараның ізбасарлары» залдары бар.
«САРАНЫҢ БАЛАЛЫҚ ШАҒЫ» деп аталатын бірінші бөлімде музейдің ең құнды жәдігерлері болып саналатын, ақынның өз қолымен ұстаған заттары: іс-тігетін машинкасы, қайшысы және домбырасы қойылған. Сонымен қатар, Сараның бала кезінде киген киімінің үлгісі мен зергерлік бұйымдар: білезік, сырға, сақина алқа, шашбау, тана түймелер, әйелдер мен ер адамдардың күміспен әшекейленген белдіктерін, сол заманда қолданылған ыдыстар, т.б. жәдігерлерді тамашалауға болады.

 

«САРАНЫҢ ӨСКЕН ОРТАСЫ» атты екінші бөлімнен Сара заманында өмір сүрген, оны қоршаған ортасы, яғни Тәнеке батыр, Маман Тұрысбек, Есімбек қажылардың бейнелерін көруге болады. Сонымен қатар, қобызшы Молықбай, қоғам қайраткері Барлыбек Сырттанов, этнограф, ғалым Шоқан Уәлиханов, Қосағашта туған ақын Толғанбай Мырзағұлұлының бейнелері суреттелген. Домбыраның құлақ күйін ағасы Сақаридан үйренген Сара Молықбайға еліктеп, сол кісінің қобызынан шыққан ән-күйлерді тартып, әуестенген.
«САРАНЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ» бөлім экспозициясында ақынның тағдыры тап қылған қоғам-заман шындықтары негізінде жазылған өлеңдеріне, қазақ әдебиеті тарихында ерекше орын алатын, шоқтығы биік, ауыз әдебиетінің інжу-маржаны «Біржан-Сара» айтысына арналған. Сара Тастанбекқызының Біржан салмен айтысы ғасырдан ғасырға үзілмей жалғасып келе жатқан қазақтың айтыс өнерінің көркем үлгісі болып саналады. Сараның өміріне үлкен өзгеріс енгізіп, азаттық сыйлаған, «Жетісу бұлбұлы» деген атақ әкелген айтыс Ешкіөлмес тауының баурайында 1895 жылы болған.
«САРАНЫҢ ІЗБАСАРЛАРЫ» бөлімінде ақынның өнері мен өлең-жырларына тәнті болып өскен, жарқын жолын жалғастырған ақын ізбасарларының шығармалары мен жеке құжаттары қойылған. Олардың қатарында Ілияс Жансүгіров, Ғали Орманов, Қанипа Бұғыбаева, Серік Жанәбіл бар. Сондай-ақ, Сара ақынның Руқия қызынан тараған ұрпақтары жайлы мәліметтерді де осы бөлімнен көруге болады.

 

Ақын қыздың  шығармалары

 

Сараның шығармалары «Тордағы тоты» атты кітабында жарық көріп, көпшілік назарына паш етілді. “Тордағы тоты” жинағы ақынның “Тағдыр тәлкегі” атты көлемді туындысымен ашылады. Бұл – өзінің құрылысы мен мазмұн желісіне қарағанда дастан тәріздес оқиғалы шығарма. Әкесі өліп, жетім қалғаннан кейінгі өмір жолынан бастап-ақ өлеңмен шолып суреттейді. Ақындық шабыт пен терең толғамын танытар шығармаларға оның «Ашындым», «Арсалаң алдыңда», «Ортақ мұн», «Аққу», «Қарлығаш», «Торығам», «Шымылдық», «Қош бол, елім» атты арнау, толғауларын да жатқызу орынды.

 

Сараның «Жүрек» атты дастаны жергілікті халық аңыздарының негізінде жазылған. Лирикалық кейіпкер жалғыз өзі түн жамылып, Қапал тауының “Баянжүрек”, “Сайын бөлек”, “Қоңтәжішоқы” аталатын бөлек шоқылары мен жоталарына қаратып сыр шертеді.
Ақын өз заманының қылпернесін тап басып, әдеп-ғұрып, тұрмыс-салтын жан дүниесімен сезінген. Ақындық шабыт пен терең толғамын танытар «Көп сәлем Ыбекеме, дұғай, дұғай» атты өлеңі. Абайдың арнайы тапсыруымен Сараның жәй-күйін біле келуге Абайдың Алматыда қайтыс болған Әбдірахман деген баласының сүйегін алып, бара жатқан, Шәкәрім Құдайбердіұлы бастаған бір топ адам Сараның үйіне бір түнеп кетеді. Сонда Сара Абайдың сәлеміне «Көп сәлем Ыбекеме, дұғай, дұғай» атты өлеңін шығарады.
Сара Тастанбекқызы мәңгілік өшпес мұра қалдырған өнер иесі, қазақ халқының аса ірі ақыны, аяулы қызы. Сараның есімін дәріптеу мақсатында музей қызметкерлері аудан тұрғындарына, әсіресе мектеп оқушыларына, жастарға мұражайды барынша жақындатып, олардың таным әлемін кеңейтуғе зор үлес қосуда. Аудан мектептерінде кіші ғылыми академияда өтетін ғылыми жоба конкурсына, «Дарын» ғылыми жоба конкурсына қатысқан балаларға Қапал тарихы, Ақын Сараның шығармашылығы мен өмірі, музей тарихына байланысты дәрістер өткізіп, оқушылар мен студенттерге музей сағаттарын жүргізеді. Жас дарындарды анықтау, жастар арасында Сара Тастанбекқызының есімін кеңінен тарату, жас ұрпақты ұлтжандылыққа, елін, жерін құрметтеуге тәрбиелеу мақсатында жыл сайын оқушылардың арасында жазба ақындар мүшайрасы, дөңгелек үстел, қолөнер шеберлерімен кездесулер өткізілуде. Музейде әр түрлі тақырыптарға мағыналы көрмелер құрылады және жан – жаққа жылжымалы көрмелер қойылады.
Ақын Сараның мемориалды музейінің қызметкерлері бір жылға құрылған жоспар бойынша жұмыс жасап, қатысушылардың білім деңгейін арттыруда. Осы курсты меңгере отырып оқушы білімдерін жетілдіріп қана қоймай, қоғамда болып жатқан өзгерістер мен оқиғаларға баға бере алатын саяси сауатты, салауатты өмір салтын серік еткен, мәдениетті тұлға болып қалыптасады және де дүниені танып білуге деген құштарлығы, ынта-ықыласы артады.

Жазып алған: Ж.Кучукова

Әбу Насыр әл-Фараби:
«Келер күнге үмітпен жол ашамын»

 

Алдымызда келе жатқан 2020 жылы Шығыстың ұлы ғұламалары әл-Фараби бабамыздың туғанына – 1150 жыл, яғни ХІ ғасырдан асса, Абай Құнанбаевқа – 175 жыл. Елімізде қос тұлғаға арналған іс-шаралар басталып та кетті.
Солардың ішінде «Farabi shákirti» журналының редакциясы оқырмандары арасында шығармашылық бәйге ұйымдастырып отыр. Басылымның 7 және 8- нөмірлерінде Абай атамыздың 175 жылдығына арнап, «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» атты тақырыпты өздеріңе ұсынды.
Қараша, желтоқсан айларындағы нөмірінде Әбу Насыр әл-Фарабидің «Келер күнге үмітпен жол ашамын» деп болашағы жастарға арнауын бәйгенің тақырыбы етіп, оқырманды бабамыздың мол мұраларын оқи отырып, ғибрат алсын деп шақырудамыз. Өйткені, фарабитанушы ғалым ағаларымыздың пікірінше, Фарабидің зерттелмеген философиялық ойлары аз емес. Оларды іздеп, тауып одан әрі жарыққа шығаруды енді сендердің үлестеріңе қалдырдық. Ғұламаның шығармалары шетелде танымал кітапханалардың қорында жатқаны белгілі.
әл-Фарабидің еңбектерін зерттеп, іздеп тауып, бізге ұсынған алғашқы ғалымдарымыз туралы да айта кетейік.
Ақжан Машанов, Қазақ ССР Ғылым академиясының мүше-корреспонденті, профессор.
Ағын Қасымжанов, философия ғылымының докторы, ҚР ҰҒА мүше-корреспонденті, профессор.
Әбсаттар қажы Дербісәлі, шығыстанушы. Қазақстан жоғары мектеп академиясының академигі. Философия ғылымдарының докторы, профессор.
Әбдімәлік Нысанбаев, ҚР ҰҒА академигі. Философия ғылымының докторы, профессор.
Болашақта сендер де елімізге танымал ағаларыңның жолын жалғастырып, фарабитанушы ғалым атанады деген сенімдеміз.
Басылымның 7 және 8 нөмірлерінде Фарабтан, қазіргі Отырар ауданы аумағында дүниеге келіп, ғылыми еңбектерімен шетелге танылған, ІХ-ХҮ-ғасырларда өмір сүрген ғалымдар туралы қысқаша мәліметтер жарияладық. Одан кейінгі ғасырларда өмір сүріп, бізге дейін жеткен шығыстық ойшылдарымыздың есімін, даналық сөздерін, ғибратын, тағлымға толы жазба дүниелерін бүгінгі оқырман еншісіне қалдырдық. Бабаларын ұлықтаған бүгінгі оқырмандарымыз болашақта есімімен таң қалдырсын деген ниеттеміз.

Редакциядан:
Ұлы ойшыл ғұламаларымызға арналған шығармашылық аламаны келесі 2020 жылдың қаңтар, ақпан айлары да жалғасады.

 

Бәйгенің сыйлықтары:

Бас бәйге – ноутбук
І орын – 2 ұялы телефон
ІІ орын – 3 планшет
ІІІ орын – 4 шаңсорғыш.
«Ынталандыру» сыйлығына – 50 орын.

 

Бәйгенің шарттары:

1. әл-Фараби бабамызға арналған шығармалар : эссе, өлең, шығарма жазу. Шығарма көлемі 4-5 бет.
2. Шығарма биылғы жылғы қыркүйектен басталып, келесі 2020 жылдың наурыз айына дейін жалғасады.
3. Бәйгеге қатысуға ниет білдірген балалар мен жасөспірімдер «Farabi shàkirti» журналына жазылып, шығармамен бірге түбіртектің көшірмесін жібереді. Осы орайда, ата-ана баласы бәйгеге қатысатын болса, журналға 12 айға толық жаздырып береді деген ойдамыз.
4. Шығарманы конвертпен «Қазпошта» АҚ-ның барлық бөлімшелері арқылы жолдауға болады.
5. Farabi shàkirti@mail.ru электронды поштасына сал.

Бәйгеге келген шығармаларды сараптайтын алқа құрылды.
Редакцияның мекенжайы, 2020 жылға жазылу бағалары журналдың 2- бетінде жазылған.
Ұйымдастыру алқасы

 

 

Қызылордалық оқырманымыз БЕРІК Алтынай бізбен хабарласқанда, қуаныштан жүрегі жарылардай күй кешті.

—Апай, мен қандай бақытты өренмін! Мендей ұлдар мен қыздар көп қой. Солардың басын қосып, шын талантты таңдаған конкурстар көп болсын,- деген Алтынайдың сөзінен көптен айтып жүретін армандарының бірі орындалған екен ғой дедік іштей.
—Алтынай асықпай айта ғойшы.
Алтынай телефонға ақпарат жіберетінін айтты.
Еліміздің Тұңғыш Президент қоры мен ҚР Мәдениет және спорт Министрлігінің қолдауымен Назарбаева Әлия Нұрсұлтанқызы құрылтайшылық ететін «Жандану әлемі» қоры биыл ұйымдастырып отырған «Бала дауысы — 2019» ІҮ маусымның қорытындысы жас орындаушылар байқауының Гала концертіне арнайы қонақ ретінде шақырылғанымен құттықтадық.
—Алтынай, «Бала дауысы» туралы пікіріңді күтеміз. Қысқаша ақпарат беру өзіңнен,- деп тапсырдық.

Ыстық ықылас пен жылы лебіз

Алматы қаласы, Республика сарайында өтетін ән байқауының аудан, облыста өткен сынағынан тас түйін мүдірмеген кішкентай болғанымен, өнері шарықтаған 17 ұлан ақтық сынға түсті.
Әлия Нұрсұлтанқызы Гала концертті тамашаласын деген ниетпен жер-жердегі шығармашылықпен айналысып жүрген балаларды да арнайы шақыртқан. Ата-анасымен келген өнерлі жасөспірімдер «Қазақстан» қонақ үйіне орналастық. Мен де әжем Шолпанмен бірге келдім. Менің нағыз қолдаушым – әжем!


Әлия Нұрсұлтанқызы байқаудың алдында мені жеке қабылдады. Дәл сол сәттегі ыстық ықыласты, жылы лебізін бір сөзбен айтып жеткізу әсте мүмкін емес. Жарыққа шығып, оқырманын тауып үлгерген «Ертегілер елінде» атты екі кітабымды сыйладым.
Ұлттық «Бала дауысы -2019» байқауында балалар әннің көркемдік жағы, талғамы, орындаушылық шеберлігіне қарай марапатталды. Әр баланың жанына сүйеу, рухына тіреу болатын осындай байқаулар,әрине қажет. Бір ауыз әнмен жүректі жібітіп, көңілді көтеріп құрбыларым ән шырқады. Үнемі ілгері жылжып, «Бала дауысы» төрінен тұрақты тұрақ тапқан балалар үшін қуаныштымын. Жылдан жылға балаларды қолдап, оларды биіктерге жетелейтін өрелі істер көп болуына тілектеспін.
Алматыны, асқақ Алатауды тамашалап, алған әсерімді ақ қағаз бетіне түсірмекке асықтым. Алматының символы – алқызыл, иісі аңқыған алмаларын алып, әжеммен туған жерім Қызылордаға тарттық.

Алтынай БЕРІК,
№267 орта мектептің 8- сынып оқушысы

 

Бұл салмақта екі қазақ балуаны белдесті.

Кеше, 25 қазанда қазақ дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев БАӘ-де өтіп жатқан «Үлкен дуылға» сериясындағы турнир жеңімпазы атанды, — деп хабарлайды Vesti.kz.

27 жастағы Қырғызбаев 60 келіге дейінгі салмақта белдесіп, ақтық сында 24 жастағы франциялық Валида Хярдан «вазари» есебімен басым болды.

Назарларыңызға ақтық сындағы белдесудің видеосын ұсынамыз:

Осы салмақта өзге қазақ балуаны Елдос Сметов те өнер көрсетті, алайда, ол қола жүлде үшін белдесуде ресейлік Яго Абуладзеден жеңілді.

«Үлкен дуылға» (Grand Slam) — дзюдодан сегіз турнирден тұратын серия. Абу-Дабиде жетінші кезеңі өтіп жатыр. Ал соңғы сегізінші турнир 22-24 қараша Жапонияның Осака қаласында өтеді.

Еліміздегі жоғары оқу орындары оқытушыларының жалақысы көтеріледі. Бұл жайында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook парақшасында жазды.

«Мемлекет басшысы білім сапасын арттыру және педагогтарды қолдау жөнінде тапсырма берді. Осы тапсырма аясында министрлік мемлекеттік ЖОО ректорларына ЖОО оқытушыларының еңбекақысын 2020 жылдың 10 қаңтарына дейін 30-дан 50 пайызға дейін арттыру міндетін жүктеді. Бұл шешімнің нақты негіздері бар. Біз жоғары оқу орындарының бюджетіне талдау жүргіздік. Ол еңбекақы төлеу қорын ұлғайту үшін резервтің бар екендігін көрсетті», — деп жазды министр.

Оның атап өтуінше, бүгінде бірқатар жоғары оқу орындарының оқытушылары 60-70 мың теңге көлемінде жалақы алады. Мұндай саясатпен сапаны талап ету мүмкін емес.

«ЕҰУ, Каспий университеті мен Тараз педагогикалық университеті сияқты жоғары оқу орындары жалақыны көтеруді қазірдің өзінде бастап кетті. Қалған мемлекеттік ЖОО менің тапсырмамды міндетті түрде орындауы тиіс. Сонымен қатар, ректорлардың алдына біздің ЖОО-да жұмыс істейтін академиктерді арнайы қосымша ақы белгілеу арқылы қолдау міндеті қойылды. Жоғары оқу орындарында академиктер көп емес, сондықтан біз өзіміздің ғылыми элитамызды қолдауға міндеттіміз. Бұл шаралар мемлекеттік бюджеттен қосымша қаражат пен өзге де күш-жігерді қажет етпейтінін ерекше атап өткім келеді. Барлығы қолда бар мүмкіндіктер аясында жасалады. Жас ғалымдарды қолдау тетіктері де болашақта қарастырылады»,- деді Асхат Аймағамбетов.

Халықаралық олимпиада жеңімпаздарына жоғары оқу орындарына түсу үшін басым құқық берілуі керек. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты.

Сенат қабырғасында «Педагог мәртбесі туралы» заң жобасын талқылау барысында депутат Сергей Ершов министрден «Алтын белгі» иелеріне жоғары оқу орнына түсу кезінде басымдық беру қажет пе?» деп сұраған еді.

«Біз мұның қажеті жоқ деп есептейміз. Қазір «Алтын белгі» саны тіпті геометриялық прогоресспен артып жатыр. Бүгінде «Алтын белгі» иелері бұрынғыдай белгілерін ҰБТ арқылы растамайды немесе кеңес заманындағыдай облыстық білім басқармасының комиссиясы тексермейді. Мектептің өзі бұл белгіні бере салады. Сондықтан бұл белгіні беру және қорытынды жұмыстарды тексеру құзіретін облыстық басқарма деңгейіне беруді ұсынамыз», — деді министр.

Дегенмен, ол халықаралық олимпиада жеңімпаздары үшін басым құқық беру мәселесін қайта көтеру қажет деп санайтынын айтты.

«Себебі қазіргі уақытта халықаралық олимпиада жеңімпаздары басым құқықсыз қалды. Олар көп те емес, жылына 20-30 адам ғана. Қазіргі уақытта осы халықаралық олимпиада жеңімпаздарын басқа елдер алып кетіп жатыр. Сондықтан халықаралық олимпиада, ғылыми конкурс жеңімпаздарына, халықаралық спорттық жарыстарға қатысушыларға осындай басым құқық беру өте маңызды», — деді А.Аймағамбетов.

Биыл әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы аустриялық драматург Петер Хандкеге бұйырды. Бұл туралы Тwitter-дегі The Nobel Prize парақшасында жарияланды.

Драматург Петерг Хандке «адамзат тәжірибесінің перифериясы мен ерекшеліктерін лингвистикалық көрегендікпен зерттеген ықпалды жұмысы» үшін жоғарғы марапатқа ие болып отыр.

Соңғы рет әдебиет саласындағы Нобель сыйлығын 2017 жылы британиялық жапон жазушысы Исигуро Кадзуо, 2016 жылы америкалық Боб Дилан, оның алдында белорусь жазушысы Светлана Алексиевич алған.

Айта кетейік, былтыр Швеция академиясы төңірегінде дау-дамай туындауына байланысты Нобель сыйлығы берілмеген болатын.