Ғұмыр жасы 100 – ге келген атамның батасы. Дастархан басында асқа, амандаса келген немере, шөберелеріне, балаларына қол жайып  беретін батасының алғыс сөзін «Бейбітшілік заман болсын!», — деп бастайды.

Атам айтқан бейбітшілік заман орнап, Жеңіс мерекесін атап өтіп келе жатқанымызға 79 жыл болды. Алдағы уақытта соғыс өрті тұтанбасын деп тілейміз.

Бүгінгі Ұлы Жеңіс мерекесі күні де үлкен атам бәрімізге батасын беріп, Жаратқаннан елдің тыныштығын, жеріміздің амандығын тіледі. Мен атамның  шөбересімін, сондықтан «Үлкен ата» деймін. Атам Искаков Балықбай соғыс және еңбек ардагері. Анамның айтуынша жасы жүзге тақағанда ғана қоғамдық жұмыстан қол үзіпті. Өзі туып – өскен Жалаңаш ауылының кешегі әлеуметтік жағдайы мен бүгінгі сәулетіне тынбай тер төккен жандардың бірі.

Мен мектепке бармай тұрғанда, ауыл адамдарынан «Батырдың шөбересі, атаң аман ба?», — деп сұрағанын жиі еститінмін. Анамның анасы әжемнен неге «Батырдың шөбересі» — деп айтады деп сұрайтынмын. Әжем біздің әкеміз соғыс көрген. Ұлы Отан соғысына қатысып, жауды жеңіп еліне бейбіт заман сыйлаған батырлардың бірі деп мақтаныш сезіммен айтатын. Арасында ертегі бастағанда, Қобланды батыр, Алпамыс батыр, Райымбек батыр жайлы айтатын. Кейінірек менің атам да ел қорғаған батыр екенсіз ғой, өзіңіз туралы айтып беріңізші дейтінмін.

—Каусаржан, соғыс деген алапат зұлмат. Жер бетіндегі адамзат, тіршілік атаулыны түбірімен жойып тастайды. 1941 жылы 22 – маусымда неміс фашистері кеңес одағына соғыс ашты. Біз дайындықсыз едік. Зұлымдардан халқымызды, жерімізді қорғау үшін майданға атанып, қолына қару алмаған жас жігіт қалмады. Ересек ағалар да «Отан үшін алға!», — ерлікпен шайқасты. Тылда әжелеріміз, аналарымыз, қариялар мен жасы кәмелетке толмаған балалар түн ұйқысын ұйықтамай, таңның атысына дейін майдан үшін еңбек қажырлы еңбек етті. Қазақстан соғысқа қажетті дүниелермен қамтитын стратегиялық нысан болды. Енді мына бейбіт заман ұзағынан болсын, — деп әңгімелейтін.

Атамның әңгімелеріне енді – енді қаныға бастадым. Балықбай атам жаудың көзін жою үшін жасы 18-ге толмаған шағында майданға атанған. Соғысқұмар Германияға қарсы шабуылды атам Белорусь жеріне жіберілген күннен бастаған. 61- армия, 115 – атқыштар дивизиясы, 26 – атқыштар полкінің 3 — атқыштар батальонының құрамында Белоруссия, Латвия, Румыния, Венгрия, Польша мен Австрия елдерін жаудан азат етуге қатысты. Сөз арасында командирі Стрюков Павел Григорьевичті еске алып, бір жақсы адам еді дейді. Жақсы адамдар ұлтқа, дінге, тіліне қарамайтынын атамның айтқандарынан ұқтым. Және алапат соғыс, табиғат апаты мен адамның жеке басына түскен қиындықта, өнерде де адамдар ұлтқа бөлінбейді.

Атам 1943 жылы Будапешт қаласының Балатон  көліндегі жаумен жанын пида еткен жауынгерлермен бірге  жеңіске жеткен. Балықбай атамның ұрыстағы ерлігі бағаланып, лайықты марапатын алған. Қазір атамның кеудесіне тағылған орден, медальдары – жанкештіліктің айғағы. Отан үшін оққа түсуден қорықпаған ерліктің үлгісі. Соғыстан кейін елі үшін еткен өлшеусіз еңбегінің бағасы.

—Айналайын, қарақтарым! Біз жеңеміз деп жан аямадық. Жылдың төрт мезгілінің қалай өткенін байқамадық. Әсіресе, күздің қара суығы мен қыстың қақаған аязы жанымызға батты, оны да елемедік. Бар мақсатымыз – мына фашисттердің үнін тезарада өшіріп, елге бейбітшілік сыйласақ деген ниетте болдық. Тіпті, үйге қайтуды ойламадық. Бүгін де, болашақта да, бізге бабаларымыздан жеткен Тәуелсіз елдің қорғаны болу – міндеттерің, — дейді.

Балықбай Искаков атам Жеңіс күнін 1945 жылы Австрияның Вена қаласында қарсы алған. Соғыс аяқталғаннан кейін де сонда қалып, соғыстан кейін қираған елдің экономикасын, құрылыс нысандарын қалпына келтіруге атсалысқан. Туған жері — Жалаңашқа келген соң, жүрегінде от ойнаған жауынгерлер, ауыл адамдарымен бірге ауылдың әлеуметтік – жағдайын, еліміздің әлеуетін көтеруге бар  күш – жігерін арнады. Отбасын құрып, шаңырақ көтерді. Борыбаева Адас – үлкен әжеммен  балаларын дүниеге әкеліп, тәрбиеледі. Қазір біз үлкен әулетпіз. Ата – әжемнен тараған ұрпақ Әділетті Қазақстанның адал ұрпағын тәрбиелеп, қатарға қосуда.

Балықбай ата! Жеңіс мерекесі құтты болсын!

Қазіргі заман және келер ұрпақ арамызда жүрген сіздей ерлер алдында бас иеміз!

Бізге бейбіт күн сыйлаған жауынгерлердің есімін ешқашан ұмытпаймыз.

 

 

Кәусар МҰРАТ,

С.Бейсембетов атындағы орта мектептің

5 «Б» сынып оқушысы.

Алматы облысы, Кеген ауданы

 

 

 

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *