ТОҚАЕВ Қасым-Жомарт Кемелұлы,

Қазақстан Республикасының Президенті:

«Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде.

В.Радлов айтқандай, қазақ тілі – ең таза әрі бай тілдің бірі. Тіл өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыстыратын құрал.

Меніңше, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан басталады

. Отбасында ана тілінде сөйлеп өскен бүлдіршіннің тілге деген ықыласы терең, құрметі биік болады».

(Мемлекет басшысының «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатынан.

02 Сәуір, 2019 жыл, Egemen Qazaqstan)

    Мемлекет басшысы қазақ тілін техника мен ғылым тіліне айналдыруды алдымызға міндет етіп қойды. Болашақта осы дәрежеге жетсек, біздің ана тіліміз әлемдегі ең мықты, техникалық қоры көп тілге айналатынына сенеміз. Ресми деректерге сүйенсек, әлем халықтары тілі арасында тіл байлығы жағынан үшінші орында тұрмыз. Ана тіліміз – сан жағынан әлем тілдері ішінде 70-ші орында, түркі тілдерінің арасында төртінші орында екені – бүгінгі бізге ғана емес, алдағы келер ұрпағымыз үшін де үлкен мақтаныш деп айтамын. Басқа түркі тілдерімен салыстырғанда, сөздік қоры жөнінен қазақ тілі – ежелгі таза қалпын сақтап келе жатқан тілдердің бірі.

Бүгінгі оқушы қазақ тілін ауыз екі тілде ғана емес, жазу мәнерінің ережелерін сақтап, сауатты жаза білуі қажет. Әр оқушыны мектепте бастауыш сыныптан бастап, фонетика мен грамматиканы, сөз таптары мен септіктерді, емле ережелерін жақсы меңгеруге ұмтылдыру – қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімінің міндеті. Оқушы мектеп бітіргенше қазақ тілін толық меңгеріп алса, сөйлеу мәдениетін қалыптастырады. Жаңа технологиялар жаңалықтары күн санап жаңара түсуде. Бұл жаңалықтарды мектеп оқушысы түгілі тілі шықпаған сәбиге дейін бірден меңгеріп алып жатқанының куәсіміз. Технология жаңалықтарын балалар мен жасөспірімдердің тез меңгеріп алатынына қуанамыз.

Ел президенті айтқан техника ғылым тілін меңгеруі үшін – әрбір жас мектепте қазақ тілін үйреніп алуы қажет. Әлемдік деңгейде техниканың түрлерінің аса жылдамдықпен дамытып келе жатқан көрші шығыс елі, Жапония, АҚШ сияқты алпауыт мемлекеттер жаңалықтары арқылы біліп келеміз. Олардың тәжірибесінен үйренген еліміздің жас ғалымдары, мектеп оқушылары да ғылыми жаңалықтарын ұсынуда. Жасанды интелектіні қолдануды түрлі салаларға да енгізіп үлгерді. Біз бүгін мектепте білім мен тәрбие беріп келе жатқан шәкірттеріміз өз Отанымызда ғылыми жаңалықтардың жаршысы болатын дәрежеге жете біледі деп сенеміз. Олар шетелде өткен байқаулар мен олимпиадада топ жарып, Қазақстанның көк Туын желбіретіп жүр. Республика мектептеріндегі дарынды оқушылардың роботты техника саласындағы  жаңалықтары туралы оқушыларыма айтып,  қызықтырып,  олардың да қабілетінің ашылуына мүмкіндіктер жасауды қолға алдым. Оқушы мүмкіндігін мектепте ұстаз бағалап, шығармашылыққа баулыса, қолдайтын ата – ана. Бұл орайда, гимназия – интернатының ата – аналары өте ұйымшыл,  үнемі ұстаздармен байланысын үзбейді.

Жүсіпбек Аймауытов «Ана тілі – жүректің терең сырларын, басынан кешкен дәуірлерін, қысқасы жанның барлық толқындарын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, сақтап отыратын қазына», — деп ана тіліміздің қаншалықты құдіреттілігін айқындап берген. Ендігі міндет – ана тіліміздің қадір – қасиетін үзбей жас буынға айтып, тіл тазалығын барынша сақтауға үйрету – алдыңғы буын өкілдері, ата – аналармен бірге мектеп мұғалімдерінің алдында тұрған келелі міндет. Яғни, мектептегі қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі шәкіртке барынша ана тілімізде көркем сөйлеп, сауатты жазуға үйрету үшін бар тәжірибесін арнауы қажет. Қазақ тілін оқыту – шәкіртке күнделікті жаттығу орындатып, ережені үйретумен шектелмейді.

Оқушылардың тіл тазалығы сақталуы үшін – жас ерекшелігіне қарай әдеби – көркем шығармаларды көп оқуына қызығушылығын арттыра білгені абзал. Бүгінгі жасөспірімдерге «Оқы!», «Тапсырманы орында», «Әдеби  кітаптарды көп оқы», — деп тапсырма береміз. Бұл тапсырма әр оқушыға әрқалай әсер етеді. Жасыратыны жоқ, қазір балалар мен жасөспірімдердің көпшілігінің көңілі телефондағы сайттарда жарияланған дүниелерге алаңдап тұрады. Өзім мектепте, қазақ тілі мен әдебиеті пәні сабағында балалардың барынша ана тілінде сөйлеп, шығармаларды көп жазуды тапсырамын. Айтып, тапсырма беріп қана қоймай, оқушылармен бірге олардың сұрақтарына жауап беріп, тапсырмаларды бірге орындап, әр баланың тапсырманы орындауға деген шынайы ойын айтуына көп көңіл бөлемін.

«Қайталау – оқу анасы», — деген қағидаға сүйене отырып, сабақ сайын қазақ тілі туралы деректерді үнемі жадына салып отырамын. Айталық, Тіл – тек адамға ғана тән, аса құдіретті құрал. Сондықтан тілді қадірлеудің, әрбір сөздің мағынасын, мәнін ұғып, оны орынды пайдалана білуге де шеберлік қажет. Ана тіліміздің кеңге қанат жайып, шетелдік азаматтарды қызықтырып отырғанын ақпарат құралдары көрсетуде. Олардың бірі қазақтың әнін әуелетсе, енді бірі – кең даланы тылсым сиқырға бөлеген күйін тартуда. Қазақстанда жүргендері қазақ тілін мейлінше үйренуге тырысуда. Шетелдіктер қызыққан Ана тілімізге жанашыр болу – еліміздің әрбір азаматының, отбасының, мектеп мұғалімі мен қоғамның парызы. Олар – Ана тілімізді құрметтеп, ана тілімізде көркем сөйлеп, сауатты жаза білсе, сөздік қорын мейлінше байытып, ойын тамаша жеткізе білсе – үлкен жетістік. Шәкірттерін осындай биік деңгейге жеткізуге бар ғұмырын арнаған ұстаз еңбегінің ақталғаны.

Мектепте ұстаздан білім алып, өмірге қанат қаққан түлектің жандүниесінде ежелден ата – бабамыздан мирас болып қалған ана тілге деген құрметі артып, тарихымызды, салт – дәстүрлерімізді, әдебиетпен қатар ұлттық құндылықтарымызды сақтай білуге деген жауапкершілік қалыптасады. Әр өрен қазақ тілін бар болмысымен сүйгенде ғана, әдебиетке деген ынтасы артады. Қазақ тілі мен әдебиетін меңгерген адамға басқа саланы игеру қиынға соқпайды. Олай болса, бүгінгі шәкірттер үшін техника мен ғылым тілін ана тілінде игеруге еш кедергі жоқ болатыны сөзсіз. Қазақ тілі – әлемдегі ең бай тіл. Өйткені қазақ тілінің сөздік қоры 2,5 миллион сөзден тұратыны дәлелденген.

Тіл — таусылмайтын байлық. Мәңгілік мұрамызға айналған тілді қорғап, сақтап, құрметтеуді ұстаз қауымы бүгінгі мектепте оқытып келе жатқан жас ұрпақтың еншісіне қалдырып отырмыз. Біздің оларға ана тіліміздің қасиетін ардақтап, өзі қазақ тілінде сөйлеп, болашақ мамандығын таңдап сол саласында жемісті еңбек ете білсе, ұстаз еңбегінің жемісін бергені. Өзім оқушылардың бір – бірімен көп сөйлескенін, көркем шығарманы жас ерекшелігіне байланысты көп оқуын қадағалаймын. Шығарма, эссе жазуға машықтандырамын. Шәкірттерім мінсіз деп айта алмаймын. Арасында кемшіліктері де бар. Сол кемшін тұстардың орнын толтыру үшін шәкіртпен көп еңбектенемін. Баламен тіл табысып, олардың зейінінің ашылуына тапсырмалар беремін. Оның орындалуын қадағалаймын. Оқушының оқуға деген құштарлығын арттыратын құрал – олардың әр ісін қолдап, бағалай білу. Ынталандыру. Жақсы сөз айтып, қуанту. Өзінің берген жауабының дұрыстығына қуанған баланың риясыз күлкісін көру – ұстаз үшін нағыз бақыт!

БАЙСАРИЕВА Алия Қожаққызы,

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі,

Абай атындағы Алматы облыстық мамандандырылған

гимназия – интернатының директоры.

Алматы қаласы

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *