«Ойлауды өркендету жолдары. Ойлау — жанның өте бір қиын, терең ісі».

М. Жұмабаев

Математика пәнінен лоикалық ойлауы мықты жастар бизнес тілін меңгеріп, кәсібін дөңгелетіп келеді.

Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика» кітабында бүгінгі мектепте оқытатын барлық пәндер туралы айтқан ұсыныстарын білім беру әдістеріне тиімді пайдаланып келеміз. Оның жоғарыда айтқан қағидасы оқушылардың логикалық ойлау қабілетін дамытуға арналған. Бүгінде, балалардың логикалық ойлау қабілетін дамытуда қолданылатын әдіс-тәсілдер өте көп. Оқушының айтылғандарды тез қабылдап, ойын тиянақтап, жауап беруі үшін қолданылатын электрондық оқулықтар, компьютер, аудио және бейне материалдар, интернет желісі, тестілеу құрылғылары, электрондық пошта, интерактивті тақта болып табылады, яғни ақпараттық-коммуникациялық технология құралдарын мүмкіндігінше пайдаланып келемін.

Логика (гр. λογική — «талдауға құрылған», λόγος — «сөз», «сөйлем», «ойлау», «ақыл») — ойлау, оның формалары мен заңдылықтары туралы ғылым. Логика дәлелдеу мен теріске шығарудың белгілі бір әдіс-тәсілдері қаралатын ғылым теориялар жиынтығын құрайды. [1]   Логикалық ойлау дегеніміз —  бұл жеке тұлғаларға эмоциялар немесе жеке көзқарастар емес, фактілерге негізделген қорытындыға келуге мүмкіндік беретін когнитивтік процесс. Когнитивтік даму — адамның когнитивтік ортасының, атап айтқанда оның қабылдауының, есте сактауының, ойының, тілінін, қиялының қалыптасуы мен дамуы процесі. [2]

Математика – күрделі пәндердің бірі. Сондықтан, оған оқушылардың барлығы бірдей қызыға бермейді. Оларды өз пәніме қызықтыра білу, математиканы мектеп бағдарламасына сәйкес меңгерту – ұстаз алдындағы міндет. Математиканың формулалары, функциялары мен түбір сандарды игеру үшін оқушыны өз бетінше  ізденісі арқылы есептерге үйретіп келемін.  Математика – бүгінде бизнестің дамуы кілтіне айналды. Кез келген кәсіпкерлік саласын алсақ, экономикалық есептеулерге құрылады. Міне, шәкірттерімді математикаға баулу арқылы, олардың болашақта бизнеске жетелеуге себебі тисе, ұстаздық еңбегімнің жемісі деп білемін.

Жолдың бойында орналасқан шағын мекен болғанымен адамдары тату-тәтті, бірлігі мен ынтымағы жарасқан біздің ауыл мектебінен түлеп ұшқан түлектердің туған жерге сіңірген еңбектері ұшан – теңіз. Сол адамдардың барлығы М.Хамраев атындағы орта мектепте білім алған азаматтар. Оқушыларыма математика пәнін қызығып, ондағы формулаларды дұрыс игеріп, оны болашақта өз ісіне тиімді пайдалануы үшін ауыл адамдарының кешегі өнегесі мен бүгінгі жаңа технологияларды меңгере отырып, атқарып келе жатқан игі істерін айтамын. Адам баласының арманы болады. Арманын орындау үшін алдына мақсат қояды. Мақсатқа жетуі үшін математика пәнінің адам өмірінде атқаратын орны бөлек екенін өмірдегі мамандықтар арқылы дәлелдеймін. Өйткені, математика пәнін мектепте оқытудағы міндетім – оқушылардың логикалық ойлау қабілетін мысалдар, деректер арқылы дамытып, бастар ісі алдында ойланып, мүмкіндігінше қаталеспеуге тырысып, ой түюге, өз бетінше шешімдер қабылдай білуге үйрету.

Әрине, бірден математиканы ғылыми негізде айтып, түсіндірсем, мектеп оқушылары оны қабылдай алмайды да, қызығыушылығы болмайды. Өмірде есепсіз дүние жоқ. Адам баласы өзінің әр ісін есептерге сүйене отырып бастай білсе, қателеспейді. Оның қателікке жол бермеуінің бірден – бір себебі, мектепте математиканы жақсы меңгере білуінде деп айтар едім. Басқасын айтпағанда, математика күнделікті өмірімізге қажет. Отбасылық бюджетті есептей отыра, қаражатты үнемдейміз. Нақты есеп құра білмесек, айталық оқушылардың ата-анасы айлық жалақысын тиімді пайдалана алмайды. Бір мысал айта кетейін, бүгінде сәбидің де, оқушының да қолында гаджеттер бар. Бір отбасында төрт-бес бала болса, ата-анасымен қосқанда жеті адам қымбат гаджетті пайдаланады. Ай сайын әр бір телефонға интернетімен бірлікке ақша салынады. Ол қаражат бір айға толық жетуі керек. Ал, телефонды ашып, басрлық сайттарға кіріп, әлеуметтік желілерді ұзақ пайдаланған баланың бірліктері бір айға жетпей таусылады. Интернетке жалғану үшін оған ата — анасы баласының телефнына тағы бірлікке ақша салады.

—Оқушылар, есептеңдерші, бір айда бір телефонға қанша қаражат жұмсалады? Бүкіл отбасы мүшелерінің телефон бірлігін қосыңдар, айына отбасы бюджетінен қанша ақша жұмсалады екен?

Бұл сұрақтың жауабы оқушыларды ойландырып қояды. Ұстаз – өз пәнін шәкірттеріне оқытып қана қоймай, оларды әр нәрсені байыбына бара ойланып қадам жасауға үйретеді. Әр оқушының қабілетіне қарай, болашақ мамандығын дұрыс таңдауына ұйтқы болады. Мамандық таңдауда оқушылардың әрқайсысы ата-анасымен ақылдасады. Ал, ұстаз мамандық таңдауда адаспау жолын көрсетеді.

—Математика пәнін ұнататын оқушылар болашақта қандай мамандықты таңдауына болады?

Бұл сұраққа оқушылар бірден бухгалтер – есепші, архитектор, құрылысшы, машина жасау шебері, әскери қызметкер деп жауап береді. Осы аталған мамандық иелерінің әрқайсысына математикалық дәлдік қажет. Мектепте математика пәнін 5 – сыныптан бастап оқытудамын. Ұстаздық еткен жылдарғы тәжірибем көрсеткендей, математика пәнінде оқушылар үшін жаттығулардың алатын орны ерекше. Жаттығу жұмыстарын орындай отырып, оқушылар күрделі формулаларды игеруді үйренеді. Есептерді шығаруда шәкірттер үшін логикалық есептердің маңызы зор. Логикалық есептердің негізі күнделіікті тұрмыста пайдаланатын есептерге құрылып, оны шешудің оңай тәсілдерін қолданылады.

Оқушылардың логикалық ойлауын  дамыту үшін арнайы ережелерге жүгіне отырып, сабақ жоспарын құрамын. Мәселен, есепті, жаттығуларды талдай білу іскерліктерін қалыптастыру; сызба графиктік модель бойынша есеп объектілерінің арасындағы байланыстарды түсіндіру; есептегі нақты заттарды оның моделімен ауыстыру; пәнге деген қызығушылығын, сүйіспеншілігін арттыру; сыныпқа дұрыс психологиялық жағдай орнатуға мүмкіндік туғызу. Күнделікті өмірімізде барлығы да оңай, қиындықсыз шешілетін мәселе болмайды. Осындай тұста оқушыны қиыннан жол таба білу жолдарын бірге талқылай отырып, есептерді шығарамыз. Яғни, оқушалар кез келген іске сыни тұрғыдан қарап, соғанн лайық өз пікірін айта алатын дәрежеде болуы қажет. [3]Сондықтан, бағдарламада көрсетлгеніндей, сыни тұрғыдан ойлауға арналған жаттығуларды орындаймыз. Тұрақты оқу. Ақыл картасы. Ғылыми әдісті қолдану. Логикаға негізделген ойындар мен басқатырғыштарды жаттықтыру. Дыбыстық дәлелдер және логикалық қателер. Рефлексиялық жазу. Әртүрлі көзқарастарды түсіну әдістері мектеп оқущыларының математикалық жаттығуларды орындағанда қолданса, әрқайсысы өз кемшіліктері мен жетістіктерін көре алады.

Мектепте оқушыларға білім беріп, тәрбиелейтін әр ұстаздың мақсаты – өз пәнін жетік білетін шәкірт оқытып, оның болашақта тұлға болып қалыптасуына бар ынта – жігерін арнайды. К.Д.Ушинский  «Логикалық ойлау – логикалық сөйлеудің негізі, ал мұны –  логикалық сөйлеуді ұстаз дамытуға тиіс» — деген. Сол себепті, мен де ұстаз ретінде шәкірттеріме математика пәнін оқытып, олардың зердесіне жаңа ғасырдың жаңа технологиялары мен әдістемелік құралдарды пайдалана отырып, пәннің артықшылықтарын өмірде пайдалана білсе, деген ниеттемін.

                                                          СЕИТОВА  Меймангуль  Пайзуллаевна,

                         Алматы облысы, Ұйғыр ауданы,

       М.Хамраев атындағы орта мектебінің

математика пәні мұғалімі

Дереккөзі: [1] , [2] «Уикипедия» ашық энцеклопедия;

[3]edu.index.kz

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *