Қазақстан аумағында Сауран қалашығындай жақсы сақталған ортағасырлық қала жоқ. Бүгінгі күнге дейін сақталған  қаланың берік бекіністері мен қамал-қорғандары көрген жанды тарихтың қойнауына сүңгітіп, ортағасыр әлеміне сапар шектіреді.
⠀Сауранның басты ерекшеліктерінің бірі — ТЕРБЕЛМЕЛІ МҰНАРА.
⠀Өз заманында Сауранның тербелмелі мұнарасы  әлемнің 37 кереметінің біріне баланған.
⠀Тербелмелі мұнара деп отырғанымыз — Байдулла хан медресесінің қос мұнарасы. Бұл қос мұнара аты аңызға айналған, архитектураның озық үлгісін көрсеткен, әрі таңғажайып, әрі жұмбақ мұнара.
⠀Зайниддин Васифи өз жазба деректерінде тербелмелі мұнара жайлы былай деп жазады: «Медреседегі ақындардың бірі оны жылан ұстап тұрған Заххакқа теңеген. Ол мұнараның гүлдестелері шынжырмен байланған, ал, әр мұнара күмбезінің астына бөрене қойылған, егер де біреу керемет күшпен оны қозғалтатын болса, шынжыр тербеліп, қарсы жақта тұрған адамға мұнара енді-енді құлайтындай көрінеді. Бұл шайқалмалы мұнара әлемдегі таңғажайыптардың бірі».

 Қаланың қос минареті 1866 жылы таспаға түсірілген. Бұл таспа Өзбекстан архивінде сақталған.
⠀Қос мұнараның  бірінің ең төбесіне шығып отырсаңыз,  Сіз отырған минарет ауа ағымымен тербеліп, екінші мұнараға тұмсық тиерліктей жанаса жақындайды деседі. Ал, екеуінде де адамдар отырса, екі мұнарада қатар қозғалып, ішінде отырғандар бір-бірімен қол беріп амандасарлықтай таяй келіп, мәре — сәре болады екен. Өз заманында алыс-жақын елдерден  келген саяхатшылар мен қала тұрғындарының таңдайын қақтырып, шексіз таңғалдырған таңғажайып тербелмелі мұнара бүгінгі күнге дейін зерттеушілерді де таңғалдыруда. Себебі, ғажайып мұнараның салыну сыры мен қандай инженерлік әдістерді пайдаланғаны және қандай шебер салғаны әлі күнге дейін жұмбақ күйінде қалып отыр.
⠀Саурандағы тербелмелі мұнара XIX ғасырдың аяғына дейін сақталған. Бізге жеткен суреттен белгісіз бір адамның мұнараның кірпіштерін қиратып жатқан бейнесін байқауға болады.

Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *