Қандай еді?…

Тағдыр

—Адамдар қандай екі жүзді десеңші. Мен ауылға әкім болып сайланбасам, кім біледі, баяғы «жетімек» болып өтетін едім. Ашуға булыққан ол мас адамша есіктен сөйлеп кірді. Бала-шағасы киімін алып, қасында бәйек болды да қалды. Әйелі де ешнәрсе түсінер емес. Дастархан басына жиналып, әкесін күтіп отырған.

—Мен жалғыз өстім. Оны өзің білесің,-деді әйеліне қадала.

—Мен сендерді Құдайдан тілеп алдым. Тілегім Алланың құлағына шалынып, жеті балалы болды. Алдың мектеп бітіресің,-ұл-қызына айнала қарады.

Әйелі:—Бұған не болды? Аяқастынан  жұмыстан кетті ме? Ауыл әкімі не бүлдіріп қойды?

Балалары:—Әкем қуып кетті. Бізді әдейі алдап отыр.

Әлдекімнің алдына келіп, өткенін ұмытып кетіп, сөйлегенін көргенде қаны басына шапты. Содан іште булығып жатқан мұңын бала-шағасына шақты. Өткен өміріме ешқашан оралмаймын. Бар жетімдік менімен кетсін деген уәдесін ақсақал бұзды. Баяғыда көрші ақысына өзін қорғаудың орнына жерге тығуға тырысқан көршісі.

Анасының айтуына қарағанда, аяғы шығып тәй-тәй басқан шағында әкесі басқа отау құрып кеткен. Ер-азаматтың сатқандығына шыдамаған анасы әкесімен ажырасқан. 24 жасында жалғыз өзі менімен қалғанда, содан қайтып тұрмыс құрмаған. Әкесінің екінші отбасынан екі баласы бар екен. Менің бауырларым.

—Әкем неге анаммен бірге тұра алмады. Анау әйелдің анамнан қандай артықшылығы бар?

—Басқа әйелден тапқан Бақытты анам әкеме сыйлай алмады ма?

—Сол бауырларым менің анамнан туған інім неге болмады?

Есейген шақтарында осындай сұрақтарға жауап таппай, анасын жиі ренжітетін. Солай бола тұра анасының мықтылығы сол, «Әкең болса, мұндай қиналмас едік, әкең болса…» деп айтпайтын.

Сонымен, ескі жараны тырнаған ақсақалға қайтып оралайық. Қазір өткен кездегі жасаған қиянаттарын жасырып қойып, ешнәрсе білмегендей күнде әкімнің кеңсесінен шықпайды. Жер-көкке сыйғызбай мақтап, шаруасын шешіп алмақшы. Мүсәпір қалпына келіп, кабинетіне «сойған түлкідей» болып кіріп келе жатқанда.

—Шал, сен баяғыда осындай қалыпқа түсемін-ау, менің күнім біреуге қарар деп неге ойламадың,- деп айқайлағысы келеді. Оған қарсы бірдеңе дегісі келіп, орнынан атып тұрғанда, алдында «Ар-намыс»  Кодексі ілулі тұрады. Қария болса, әкім орнынан ұшып тұрып өзіне құрмет көрсетіп жатыр деп мәз, мұның қасына тез-тез басып жетіп келеді.

Анасы дәрігер. Нағашы ағалары ауқатты адамдар болғандықтан, анасынан көмегін аямайтын. Ауылдағы еңселі үйлердің бірі осының үйі. Ағалары көмектесіп, кең аулада балаға қажетті әткеншек дейсіз бе, спорт жабдықтары, бәрін-бәрін құрып берген. Сондықтан, бала болып көшеге көп шықпайтын. Соларды көре алмады. Қызғаныштан өшін қаршадай  алмақ  арамза пиғылмен жала жабады. Менің аулада жалғыз өзім ойнайтынымды біліп: —Аулама тас лақтырып, машинамның әйнегін сындырды,-деп учаскелік полицияға (ол кезде милиция деп аталатын) шағым түсірген. Арызы дәлелденбеді. Күзге жақын тағы бір айла ойлап тапты. Қаршадай жазықсыз балаға жала жапқанда, Құдайдан да қорықпады.

Ержетіп, бозбала шағында  сыныптас достарымен келе жатқанда, көлігімен кетіп бара жатып, бұларды көре сала тоқтап: «Жетім лақ, неге баламды ұрасың? Шешең мықты болса, әкең тастап кетпес еді»- деп тіл тигізді. Ол аз болғандай жұдырықпен бір-екі түйіп өтті. Бұл да дес бермеді. Сыбап алды. Достары болмағанда, аямас еді. Шатақ осылайша басталды. Ауыл түгілі, аудан дүрлікті. Түсінбегендер: «Жалғызбасты әйелдің баласы бас жарыпты»,- деп сан-саққа жүгіртті. Анасы саспады. Көршінің жала жауып, түрмеге отырғызып тынамын деген жымысқы әрекеті куәлердің айтуымен жүзеге аспады. Енді өзіне жәбір көрсеткен адам, өткеннің бәрін жауып тастап алдына күнде келеді. Жәй келмейді жер-көкке сыйғызбай мақтайтынын қайтерсің? Күйесің бе, жоқ па?

Анасы сондай ауыртпалықтардың бәрін «қыңқ» демей көтерді. Қатты еркелетті, бірақ бос жібермеді. Мектепті үздік бітірді. Жоғары білім алды. Мамандығы бойынша қызметке тұрды. Қызметіне жанын салып істеді. Уақыт өте айналып, туған ауылына әкім болып тағайындалды. Құдай анасының тілеуін беріп, тәрбиелі келін алды. Жаңағы қарттың күйдіргені: «Балам, айналайын»- дейді.

Екінші адам өзінің әкесі. Ауылға отбасын көшіріп алған. Онысы түсінікті, баласын жағалады. Кезінде «Балам»- деп артына қарайламаған азамат енді, әке болғысы келеді. Оны қандай жақсылығы үшін сыйламақ.  «Әкесімін»- деп кезектегі адамдарды аттап,есікті айқара ашып, кіріп келеді. Жер сұрайды. «Жаман да болса, бауырларың ғой. Қарайлас,- дейді». Осындайда зығырданы қайнап, кабинеттің есігін жауып алып, әкесін сабап-сабап тастағысы-ақ келеді. Бұған екі нәрсе жібермейді. Біріншісі—«Ар-намыс кодексі», екіншісі—әкесінің ұлы болғандығы.

—Қой, әкесі, нысапсыз адамдарға ашуланып, үйдің берекесін алып қайтесің. Қол көтерсең, өзің жазықты боласың. Сені оларға мойындатып, алдыңа келтіріп отырған Аллатағаллаға мың да бір шүкіршілік етейік. Бәле-жаладан аман болайық,-деп әйелі басу айтқан соң барып, басылды.

—Олар мені іштей мойындады дейсің бе?  Менің қызметім ғой  мойындатқан.

—Анам мен нағашыларым болмаса, анау көрші шал мені жаламен соттатып, менің бейшара халімді көріп күлетін еді ғой. Анама тіл тигізіп, талай жылатар еді. Әкем болса, бізді қорғаудың орнына, ешнәрсе естімегендей болып жүре беретін еді.

Әйелінің сөзінен кейін есін жинап, бала-шағасын маңдайынан иіскеп, жақында ғана санаторийге демалуға жіберген анасына бармақ болып жолға жиналды.

                                                                             Ж.КУЧУКОВА,

Сурет: Bigpicture.ru