Әнші болу-талант па, әлде еңбек пе?

Музыка-адамзат мәдениетінің ажырамас бөлігі, ал әншілік өнер- вокалдық шеберлік пен музыкалық сезімталдықты қажет ететін өнер түрі.Кейбір адамдар туғанынан әуезді дауыс пен музыкалық қабілетке ие болса, басқалары үздіксіз еңбектің арқасында вокалдық шеберлігін дамытуға тырысады.Бірақ кез келген талантты орындаушының жетістікке жетуі үшін тек табиғи дарын жеткілікті ме? Әлде қажырлы еңбек арқылы әнші болуға бола ма? Бұл сұрақ көптеген өнер сүйер қауымды толғандырады. Бұл мақалада осы сұраққа жауап іздейтін боламыз.

Музыка саласындағы талант – ерекше вокалдық диапазон, таза дауыс, табиғи есту қабілеті мен музыкалық сезімталдықтың үйлесімі. Әншілердің көпшілігі кішкентай кезінен ерекше дауысымен, есту қабілетімен ерекшеленеді. Бұл қабілеттер адамға табиғатынан берілгендіктен, оны көп жағдайда дамыту оңайырақ болады. Алайда, табиғи дарын жалғыз жеткіліксіз. Егер әнші өзінің дауысын дұрыс дамытпаса, кәсіби деңгейге жетуі қиын болады. Мысалға, Димаш Құдайбергенді алайық. Димаш Құдайберген — ерекше дауыстық диапазоны мен техникасы арқылы әлемге танылған әнші. Оның дауыстық диапазоны 6 октава, бұл өте сирек кездесетін құбылыс.

Димаштың табиғи вокалдық қабілеті жоғары болғанымен, ол кішкентай кезінен бастап үздіксіз еңбектенді: 5 жасынан бастап музыкамен айналысты; күн сайын 3-4 сағат вокалдық жаттығулар жасады; классикалық және эстрадалық вокалды қатар меңгерді. Оның жетістігі- табиғи талант пен еңбектің үйлесімді нәтижесі. Егер ол өз қабілетін дамытпаса, осындай биік белестерді бағындырмас еді. Бірақ, кейбір адамдар табиғи таланты болмаса да, табандылық пен еңбектің арқасында кәсіби деңгейге жетеді. Вокалдық өнерде тұрақты жаттығулар, дұрыс техниканы меңгеру және тәжірибе жинау маңызды рөл атқарады.

Ғылыми зерттеулер көрсеткендей, кез келген адам тұрақты дайындық арқылы өз вокалдық қабілеттерін жақсарта алады. Дұрыс дауыстық жаттығулар, дыбыс шығару техникасы, тыныс алу әдістерін меңгеру — кәсіби әнші болудың негізгі құралдары. Көптеген музыканттар алғашында ерекше даусымен танымал болмаған, бірақ күнделікті еңбек арқылы өз шеберліктерін дамытқан. Солардың бірі- Эд Ширан. Ол еңбек арқылы әлемдік деңгейге жеткен британдық әнші. Оның табиғи вокалдық қабілеті ерекше болмаған, бірақ ол жылдар  бойы үздіксіз жаттығу жасап, шеберлігін шыңдады: күн сайын 5-6 сағат ән айту мен гитарада ойнауға жаттықты; жылына 300-ден астам концерт қойып, тәжірибе жинады. Оның «Shape of You” әні қазіргі таңда 6 миллиардтан астам рет тыңдалды.Оның мысалы- еңбек арқылы кәсіби әнші болуға болатынын көрсетті. Сондықтан әншілік мансапқа жету жолында ең бастысы- шынайы құлшыныс пен үздіксіз даму. Талант берілсе де, оны еңбекпен шыңдамасаң, ол өшіп қалуы мүмкін. Ал еңбек адамға талантты жеңуге мүмкіндік береді.

Қорыта келе, талант пен еңбек – өнер жолында жетістікке жетудің екі маңызды факторы болып табылады. Табиғи дарын — үлкен артықшылық, бірақ ол еңбексіз дамымайды. Ал еңбек-кез келген адамның өз қабілеттерін жетілдіріп, табандылық  пен мақсатқа ұмтылу арқылы кәсіби әнші болуға мүмкіндік береді. Әншілік мансапта ең маңыздысы — шабыт пен тынымсыз еңбек. Шынайы құлшыныс пен табандылық кез келген талантты шыңдап, оны үлкен жетістіктерге жеткізе алады. Сондықтан нағыз жетістікке жету үшін еңбек пен таланттың үйлесімі басты рөл атқарады.

 

АЛИЗАХ Ақниет,

                                                                                              Қарағанды қаласы, №59 ЖББМ 11- сынып оқушысы.

Жетекшісі: Сагындыкова Салтанат Санекеевна,

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалім