ҰБТ өзінің тарихи мақсатын орындады

Сурет әлеужеліден алынды
—ҰБТ өзінің тарихи мақсатын орындады, – деді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек «Bilimdi El» жобасына берген сұхбатында.
Бұл сөз соңғы 20 жыл бойы Қазақстан білім жүйесінің негізгі бөлігі болған ҰБТ дәуірінің аяқталып келе жатқанын білдіреді. Қатарымыздың алды аға-әпкелеріміздің жолы саябырсып, жаңа дәуір туып келе жатқанын аңғартады.
Алдағы 3–4 жылда халықаралық стандартқа сай, шетелде мойындалатын жаңа тест жайлы қауесет көп. Оны америкалық «ETS» компаниясымен бірлесе әзірленіп жатқаны айтылып жатыр. Бұл — тұтас бір мемлекет үшін де, оны құрап жатқан компания үшін де үлкен бір жауапкершілік.
Ол заманауи стандартқа сай болумен қатар, шетелде де мойындалуы керек.
Бұл өзгеріс қоғамда үміт пен алаңдаушылықты қатар туғызып көп пікірталас та жүріп жатқаны жасырын емес. Еске сала кетсек, ҰБТ білім жүйесіндегі әділетсіздік пен жемқорлықты азайтып, талапкерлерге тең мүмкіндік беру үшін енгізілген еді. Өз кезеңінде ол бұл міндетті белгілі деңгейде атқарды.
Алайда уақыт өте келе ҰБТ білім сапасын арттырудан гөрі, министрдің сөзінше тест жаттауға бейімдейтін, қысқа уақытта жаттанды біліммен айналысатын жүйеге айналды.Бүгінгі оқушы үшін басты мақсат – білім емес, балл жинау. Шығармашылық ойлау мен талдау қабілеті тасада қалды. Бір күндік емтихан он бір жылдық еңбекті толық бағалай алмайды.
Енді жаңа халықаралық тест бұл олқылықтарды жоя ала ма? Жаңа жүйе логикалық ойлау, мәтінмен жұмыс, аналитикалық қабілеттерді бағалауға бағытталмақ. Бұл — жастардың әлемдік білім кеңістігіне шығуына мүмкіндік. Жас талапкерлер бұл тестке бейімделіп үлгереді ме?
Бірақ тәуекел де жоқ емес. ҰБТ айналасында тіпті үлкен дайындық нарығы қалыптасыпта қалды. Жаңа жүйе енгізілсе, көптеген орталықтар жабылып, куратор болып нан тауып жүрген студенттер де жұмыссыз қалуы ықтимал.
Сондықтан ҰБТ-дан бас тарту — жай ғана формат ауыстыру емес, білімді бағалау жүйесін қайта қарау.
Бұл — реформа ма, әлде атауы ғана өзгерген жүйе ме?
Жауабын уақыт көрсетеді. 
Дінмұхаммед АХАНОВ,
Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасы
Өскемен қаласы бойынша білім бөлімінің
«Қ.Нұрғалиев атындағы №43 мектеп-лицейі» коммуналдық
мемлекеттік мекемесі 11-сынып оқушысы.
Өскемен қаласы
Дереккөзі:https://youtu.be/





